Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  499


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Болмасын соғыс

Еліміз тыныш, тоқшылық таңымыз атты бақытты,
Думанды қызық өмірде, сезбейміз өткен уақытты.
Десак те, терең түбінде торғайдай мына жүректің,
Қасірет, мұң, қайғының қоламталары жатыпты.
Есіме алсам әкемді, елім деп өткен ерлерді,
Кеудемді өртеп кетердей сол қоламта қоздайды.
Кеудеме мұз боп орнығып, қатып тұрған сеңдерді,
Ерітіп ала жөнеліп, тас-талқан қылып қозғайды.
Майданнан алып суық хат, еңіреп келем көшеде,
Есімде сөзі қалмапты, білмеймін жасым нешеде.
Жүректі кетті тілгілеп, төрт бүрышты сол бір хат,
Бірақ біз оған нанбадық «қаралы қағаз» десе де.
Көрдің бе, ата, көрдің бе, Құсайын деген кісіні,
Шалқадан шашын қайырған, болаттай шымыр мүсіні.
Паспортқа түскен бейнесі жанарымда жаттаулы,
Әкемді көрген үлкендер шағындау дейтін пішімі.
Қайран менің, жан әкем, түн қатып орман кездің бе?
Бетпе-бет келген жауыңды жаныштап жерге ездің бе?
Кебенек киіп кетіп-ең, неге бір хабар бермедің,
Елдегі «балапандардың» азалайтынын сездің бе?
Мұңды айтылып ойларым, мұңдылау болды-ау өлеңім,
Қанша жыл толды жеңіске, болмады-ау, әке, дерегің.
Қай жерде қалды бейітің, табамын іздеп қай уақыт,
Ойлаумен өтті ғұмырым, іздеумен аян өлерім.
Сезерме, әке, рухың қиналып жүрмін қиналып,
Өзіңді іздестіруге ішімнен жүрмін ұйғарып.
Кешірші әке, қызыңды, алаңым молдау артымда,
Күйбеңі жетер тірліктен, шыға алмай жүрмін жиналып.
Лағнет деңдер соғысқа, жер шарындағы, аналар,
Әкелерінен айрылып, қалмасын жетім балалар.
Азаматтардан айрылып, болмасын жесір арулар,
Болмасын соғыс болмасын, болмасын жүрек жаралар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу