Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  228


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Көктем - әнім оралған

Кел көктемім, шуақты,
Көтер көкке әнімді.
Жыр төгілдір қуатты,
Жадыратсын жанымды.
Қайта оралған көктемім,
Әнім қайта оралған.
Қайталанбас өткенім,
Жастық шағым жоғалған.
Өтті-ау ғұмыр саналы,
Қыр астында қаңтар тұр.
Самай шашым ағарып,
Маңдайымда қаптап тұр.
Арман, арман арман-ай,
Қош, өткенім оралмас.
Ғұмырымды жалғағай,
Жыр-көктемім жоғалмас!
Арман, арман, арман-ай,
Ғұмыр қанша әр қарай.
Елу алты көктемім,
Өтті-ау жылжып жалған-ай
Келші жырлы көктемім,
Келші нұрлы көктемім.
Қайталанып сен келсең,
Мен қартаяр деп пе едің.
Көкіректе мол арман,
Қош, жастығым жоғалған.
Қайталанған мың көктем,
Жастыққа тең болар ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу