Өлеңдер ✍️

Өзімді таныстыру
(Телеконкурска «Акжаулықты әжелер» сыйысынан)
Өзім жайлы сөз етсем дастан болар,
Байұлынан тараған «Масқар» болам.
Топқа түскен келінін сезіп жатса,
Мәлке атам бір аунап жатқан болар.
Қызыл құрттың мен өзім жиенімін,
Кеудеме қонақтаған киелі жыр.
Қырық бес жыл ұстаздық еткен ерім,
Сонша жыл шаңыраққа ие бүгін.
Отасқан қырық бес жыл отағасы,
Келеді берік ұстап босағасын.
Өнеріме көлденең тұрған емес,
Өзгелерге өнеге осы арасы.
Рухани байлықты басты дейді, Өнермен
айналысқан жақсы дейді. Қолыма
домбыра алсам отағасы,
«Ал кетті, біздің қара бақсы» - дейді.
Одақтарар алдынан әрігірек,
Киіз үй өрнектегем әдемілеп.
Облыстың намысын қорғап жүрген,
Бұл әжені біліңіз Дәмелі деп.
Өнерімді жүргем жоқ аяп қалып,
Отыз жыл намысымды таяқтадым.
Мұғалім, тәрбиеші бола жүріп,
Жұмысты ұстаздықпен аяқтадым.
Өлең жазып жүргесін «ақын» дейді,
Он балалы болғасын «батыр» дейді.
Жасымнан өнерменен айналыстым,
Халқым мені өнерге жақын дейді.
Кейде менің кеудемді ән кернейді,
Шабыт қысса ырқыма әл келмейді.
Өзім жазған өлеңге ән шығарам,
Оны білген ағайын «сазгер» дейді.
Москва, Алматыға барып қайттым,
Өнерімді ортаға салып қайттым.
Өзгенің де өнерін тамашалап,
Азды-көпті ғибрат алып қайттым.
Кейде менің кеудемнен жыр атылды,
Ал, шабыт тыңдамайды тұра-тұрды.
Алдыңғы өрнектеген киіз үйім,
Москва көрмесінде жұма тұрды.
Білгендер шеберлерді санап отыр,
Мені де шеберге балап отыр.
Алдыңғы, соңғы тіккен киіз үйді,
АҚШ пен Германия қарап отыр.
Мен ойған ою-өрнек үлгілері,
Жан-жаққа әлде қашан тарап кетті.
Ұрпаққа қажет болар, кім біледі,
Қолтаңба қалдырғанша тағат кетті.
Алматыға «музейге» затым барды,
«Жұлдызда» жүзге жақын хатым қалды.
Еңбек сұрау дегенді білмейтінмін,
Алмаған әрбір жерде ақым қалды.
Қалсын мейлі, алмаған атақ ақым,
Тисе болды халқыма шапағатым.
Ұрпақ шықса болғаны өнер қуған,
Мұрамызды ғасырға апаратын.
Үш жесір ана бағып бата алдым,
Мен үшін баға осы аса мәнді.
Әкімнің өз қолынан Ақсайдағы,
Құрметті «шебер» деген атақ алдым.
Бұл жылды тұтас тойдың жылы дерсіз,
Толассыз күзде жауды нұры дерсіз.
Өлеңмен өзін-өзі таныстырған,
Дәмелі Құсайынның қызы дерсіз.
2001 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter