Өлеңдер ✍️
ЖЫЛТЫР КӨЙЛЕК
"Ол маған мәңгілікке арман" - деді,
"Қиналғам, іште жара қалған" - деді,
Ол жанға қолы жетпей, дофаминдер
Шейіт боп, өліп - талып қалған ба еді?
Бөрікті аспанға атып, мың секіріп,
Қол жетіп, сол ғашығын алған да еді,
"Енді, мен де, сендердей бір бүтінмін!"
Деуменен, көршілерге барған да еді.
Өткен соң, біраз уақыт буы кетті,
Ағамыздың көңілін суы септі,
Ғашығын көрген кезде елеместен:
"Іле сал, әнеу жерде, туы" депті.
Көршілес ару көзін сүзіп тұрды,
"Жылтыр көйлек" киіп ап қызықтырды,
"Ғашыққа" көз қиығын салғызбастан,
"Ағаңды" ішкізумен бұзып тұрды.
Соңғы ақшасын аямай оған жұмсап,
"Жылтыр көйлек" әрлеуге дайын ағаң.
Туған күні келерде екі ай бұрын,
Сыйлық пен тойлар орын дайындаған.
Мидағы дофамин мен серотонин,
"Ғашық" пайда бермесін пайымдаған,
Ағаң болса, отыз жыл отасса да,
"Бәйбішесі қызықсыз" - мойындаған.
Бұл жерде ғашығы оның - тәуелсіздік,
Ал ағаң - қазақтар мен сайын далаң,
Жылтыр көйлек тойлауға он күн қапты,
Кеттім мен, жаңа жылға дайындалам...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter