Өлеңдер ✍️

ТҮРКИЯМ, АТАМЕКЕНІМ
Қара арбада тудым, өстім, есейдім,
Сəби көңіл əн мен жырға тербелді.
Самалыңа көкірегімді төсеймін,
О, Түркиям, өлсем деймін сенде енді!
Маған таныс бала күннен əр қырың...
Атам талай айтқан-ды аңыз өзіңде.
О, Түркиям, сенсің менің тағдырым...
Бөлейтұғын əркез отты сезімге...
Кеш түскенде бақалардың əніне
Құлақ түріп жатушы еді-ау мекенім.
Сол бір əнге ұқсас өмір мəніне
Жүрегіммен бек байланған екемін.
Пайғамбардың жолы үлгі қашанда,
Соны ойласам, тамшы суға қанам мен.
Қанағатсыз алға тірлік басар ма,
Сүйем сені Мəжнүн болған санаммен.
Анам жылар төбесінен су өтсе,
Көктеменің жауын жауған кешінде.
Сондадағы көрінетін ерекше
Қоржын там да мəңгілікке есімде
О, Түркиям, сағынышым, ұлы елім!
Саған шаттық, саған бақыт тіледім.
Тілім-тілім болсын мейлі жүрегім,
Əр тілімде сен жатасың, білемін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter