Өлеңдер ✍️

ГҮЛРАУШАН
Гүлраушан, гүлдің де қызылы бар, қарасы,
Өскен гүлсің көршінің ауласында жайқалып.
Қос қанаты сынған құс құса өзіңе құмартқан,
Өзің емде жанымды, дерттің бетін қайтарып.
Гүлраушан, гүлдің де қызылы бар, қарасы.
Есі кеткен аш бөрі айға қарап ұлиды,
Үркек қоян жай таппай жүгіреді сасқаннан.
Гүлраушан, сені ойлап көңілімде көп алаң,
Тамшылары танадай жауын жауды аспаннан.
Есі кеткен аш бөрі айға қарап ұлиды.
Басталған-ды бəрі де зəйтүн ағаш түбінде,
Қолыңдағы алмадан сонда жүрек аумады.
Жаһұт жүзік көзі де сырын төгіп əдемі,
Албырт жүзің əп-сəтте жандүниемді баурады.
Басталған-ды бəрі де зəйтүн ағаш түбінде.
Сарғалдақ гүл мекені құла түзде, қиырда,
Дала гүлі қашан да кербез келер шетінен.
Жарық құмар тентек жел жұбатады жанымды,
Тек өзіңе ынтық боп өтуге бек бекіген.
Сарғалдақ гүл мекені құла түзде, қиырда.
Қолың сенің қол емес, қас нəзіктік өлшемі,
Саған жетер жан бар ма жер бетінде, ақмаңдай.
Алақаны аялы болар жанның аяулы,
Тереңінен теңіздің інжу алып жатқандай.
Қолың сенің қол емес, қас нəзіктік өлшемі.
Терезеңді ашпағын, пердеңді де жауып қой,
Гүлраушан, жүзіңді көрмейінші, өтінем.
Жарқ еткенде жанарың ажал сынды төнбей ме,
Бір көргеннен өзіңді Мəжнүн болып кетіп ем.
Терезеңді ашпағын, пердеңді де жауып қой.
Гүлраушан, бұл күнде ағар уақыт сынаптай,
Сағат түнгі он екі, маңай тастай қараңғы.
Ұйықтап кетсең, түсіңе кірсін аппақ тырналар,
Босқа қарап аспанға шаршатпағын жанарды.
Гүлраушан, бұл күнде ағар уақыт сынаптай.
Ымырт түсе бақтарға келер інжір құстары,
Бастар сосын əуезді жанды тербер мақамын.
Түсі аппақ бірінің, енді бірі сап-сары,
Құстар емес, бағбан қарт төксе-ау маған қаһарын.
Ымырт түсе бақтарға келер інжір құстары.
Гүлраушан, өзіңді табарыма сенемін,
Сені көрді дегесін құс жанарын ұнаттым.
Жан бітірер мендегі мына жансыз желкенге,
Сол бір жанар бейкүнə... жағасынан бұлақтың,
Гүлраушан, өзіңді табарыма сенемін.
Өкпе-назбен қарама, Гүлраушан, жүзіме,
Өзің айтар əн сазын пісірген жоқ əлі ой.
Мен үшін ең əдемі əн қорғасын оқ əні ғой...
Өкпе-назбен қарама, Гүлраушан, жүзіме.
Жаңбыр жауса толысар дəннің басы, бұл анық,
Жеміс пісер тамылжып күте білсең бабымен.
Жанарыма көз салсаң түсінерсің, ұғарсың,
Өліп қалмай неліктен тірі жүрмін əлі мен.
Жаңбыр жауса толысар дəннің басы, бұл анық.
Енді маған сенсеңші көрші қызы қылықты,
Мұң-зарыма құлақ сап, түсінсеңші жанымды.
Тоңдырады тəнімді сұп-суық һəм тəтті мұң,
Алаулатар сонан соң бойдағы ыстық қанымды.
Енді маған сенсеңші көрші қызы қылықты.
Білезігі алтыннан тəкаппарым, паңданба,
Бер жауабын құсыңа дал-дұл болған қанаты.
Бір аты бұл қанаттың болса өзіңе іңкəрлік,
Құштарлық қой өмірге бір шын аты, дəл аты.
Білезігі алтыннан тəкаппарым, паңданба.
Гүлраушан, гүлдің де қызылы бар, қарасы,
Өскен гүлсің көршінің ауласында жайқалып.
Қос қанаты сынған құс құса өзіңе құмартқан,
Өзің емде жанымды, дерттің бетін қайтарып.
Гүлраушан, гүлдің де қызылы бар, қарасы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇