Өлеңдер ✍️
Ғұмыр сүрмек бір басқа...
Ғұмыр сүрмек бір басқа,
Көрмек, білмек бір басқа.
Сенесің де ойлайсың,
Ал ащыны танығанша қоймайсың.
Мына жердің бейтаныс, жат нышаны,
От лаулаған темір көше құшағы.
Айқыш-ұйқыш құрыш болат құбырлар,
Тарсыл-гүрсіл қарсы алдыңнан ұшады.
Сап-сары бұлт сан құбылған пішіні,
Қара түтін көрінбейтін ұшығы.
Отты діңгек, өркеш-өркеш елестер,
Көк жүзінен шөккен үрей белестер.
Бүкіл əлем лаулап жанған ту бейне,
Шөлден қорқып, ерні кеуіп «су» дей ме?
Құмға сіңген қаны жылы магниттей,
Ұлы шаһар тартып мені тұр кейде.
Тыңдау керек қай хабаршы хабарын?
Белгісіз ғой қайдан медет табарың.
Бəлкі Мұса тауында тұр бейне антпен,
Ракеталар көкке тігіп жанарын.
Араб пенен Израиль ұрпағы
Суық сөзді сандырақтар тұр тағы.
Бүкіл əлем жатқан кезде көз іліп,
Шулы шаһар, кеңістіктен безініп,
Өлген адам,
Барам саған іздеп мен,
Ғұмыр сүру үшін саған кезігіп!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter