Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
07.10.2022
405
Алма ағашы
Қара суық жаңа-жаңа басталды,
Қара бұлт торлап алды аспанды.
Жапырағың жел өтінде тұр жаурап,
Жауған жауын əуенінен мұңды аулап.
Мына қыстан қалай ғана өтесің,
Алма ағашы, моп-момақан көкешім?
Дос болатын көлеңкең де қалмады,
Жалғыз саған түсті қыстың салмағы.
Құмарлана қарамайды енді ешкім,
Тұрысың-ай күнін кешіп өлместің,
Бала да жоқ алма үзсем деп өрмелер,
Құстар да жоқ бұтағыңда тербелер.
Тек мұңайма, бұл күндер де өтеді,
Қас-қағымда көктем де кеп жетеді.
Құлпырарсың жайқалып бір желегің,
Түбі солай боларына сенемін.
Осы сəтті күтіп ек деп сағына,
Жұрт көз салар жемісіңе тағы да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter