Өлеңдер ✍️

ТƏУЕЛСІЗДІК МАРШЫ
Қорықпа елім, ал қызыл ту, енді мəңгі желбірер,
Жер ошақта қалған шоқтай, ұлтымызға өң кірер.
Бұл Жалғанда басқа күш жоқ, жұлдызымды сөндірер,
Ол – менікі, ұлтымдікі, растығын ел білер.
Құрбандығың мен болайын, жарқырай түс, Жаңа Айым!
ҚаҺарман ел нəсілімін, саған тура қарайын.
Қаным төгіп, Тəуелсіздік отын мəңгі жағайын,
Сені ұлтымның қасиетті Тəңіріне балайын.
Мен бұрын да азат ел ем, алда тағы азатпын,
Қай есуас бұғау салмақ! Санасызға ғажаппын!
Буырқанған сел боламын жолын кесер мазақтың,
Быт-шыт етер қандайын да тосқауылдың, азаптың.
Көкжиегі құрыш қорған, Батыс бізден қорқады,
Иманым бар, шекарам бар бөліп тұрған ортаны.
Иманыма қол салды ма, олар үшін сор тағы,
Ұли берсін, өздерінше, өркенді елдің қорқауы.
Ар, ождансыз, имансызды, жолатпа, елім, абайла,
Тосқауыл қой, арсыздықта, шекара жоқ, қарай ма?
Сенімді бол, туар күнің, Тəңіріңді тағы ойла,
Бəлкім бүгін, бəлкім ертең, бір келеді қалайда.
«Жəй жер ғой»-деп, таптамағын ата-баба аруағын,
Шейіт болған кебінсіз-ақ жатыр онда арманың.
Сен солардың ұрпағысың, алмақтың біл салмағын,
Түсінерсің сонда ғана Ұлы Отанның бар мəнін.
Отаны үшін, Жұмағы үшін кім бас тартар өлімнен!
Аруақтар да күңіренеді, ерте кеткен өмірден.
Жанымды алсын, жарымды алсын, Тəңірімнен жерінбен,
Тек, дүние, айырмасын Отанымнан, жерімнен!
Тəңірімнің тілеуінде тіршіліктің мəні де,
Жаттың қолы жуымасын қасиетті тəніме.
Дін, Азанның азалы үні күңіренсін əлі де,
Бүкіл əлем құлақ түрсін Ұлы Елімнің əніне.
Мен ол кезде шабыт қысып, сəждеге мың жығылам,
Бар жарамның аузын ашып, қанды жаспен жуынам.
Менің жаным медет тауып топырақтың буынан,
Көк ғарышқа көтеріліп, сол қуаттан жылынам.
Толқи түс, сен, жарқыраған алтын Айым қияқтай,
Кешірілсін осы жолда төгілген қан бұлақтай.
Нəсілімнің асыл тегін – қуаттай бер, қуаттай,
Тəуелсіздік – Хақтың жолы, соған ұлтым, табынған,
Азат елдің куəсіндей, Туды ұстаймын құлатпай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter