Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  305


Автор: Жəлалəддин РУМИ

НАН САТУШЫ ЖƏНЕ ДҮКЕНГЕ МАЙ ТӨГІП АЛҒАН ТОТЫ ТУРАЛЫ

Нан сатушы көпті көрген тісқақты
Дүкенінде бір тоты құс ұстапты.
Отырыпты ол əп-əдемі пішіні
Қадағалап келім-кетім кісіні.
Мылжың емес сөзінің жоқ маңызы,
Сөйлейді екен тілдің майын тамызып.
Қырсықтың да жоқ-ау шегі, ай, тегі,
Бірде еденге ол алса керек май төгіп.
Нан сатушы не істесе де ерікті
Бар пəлені өз көзімен көріпті.
Тотысының қылығына өкініп,
Талдап-талдап жұлыпты оның кекілін.
Осындай бір қолайсыздау өтіпті іс,
Қорыққаннан тілсіз қапты тоты құс.
«Тасқа тигір мына қол ма, мына қол –
Аллаға аян – түбі семіп тынады ол.
Тоты құста нем бар еді қылықты?!» –
деп қожасы өз сақалын жұлыпты.
Бал аштырып, салдырыпты зікір де,
Мылқау құсқа қайтадан тіл бітір деп.
Айтып сөздің түрлі-түрлі мəндісін,
Тамақтың да аямапты дəмдісін.
Көңілді үй сияқты еді əнші үйі,
Тоты бірақ тіл қатпапты мелшиіп...
Бас дегенің иегіндей көсенің,
Біреу келіп байлапты үйге есегін.
Соны көріп тіл бітіпті тотыға:
«Қай ақымақтың ұшырадың сотына?!
Бір тал шашсыз басың анау, ай, тегі,
Сірə, сен де алғансың ғой май төгіп!»
Өзін өстіп қатар санап данамен,
Сөйлегенде ол, мəз болыпты тəмəм ел.
Шаш орнына төбесінен шаң ұшқан
Таздың бəрін дей алмайсыз данышпан.
Ақымақ жұртты өзімдей деп ұғады,
Адасудың бəрі содан шығады.
Доңыз болып, ит боп жүріп талай біз,
Өзімізді пайғамбарға балаймыз.
Адамға тəн аш болу һəм тоқ болу,
Бұл тұрғыдан, рас, біз де жоқ бөлу.
Көре алсаңыз, ой көзімен қараңыз,
Əйткенменен жер мен көктей арамыз.
Екі араның бірі жұртқа бал берсе,
Біреуіне елді шағу – тəн нəрсе.
Бір еліктен адам дəрі-нəр алған,
Біреуі тек қи тастауға жаралған.
Миядан ел бір пайдалы зат алған,
Екіншісі есекмия аталған.
Жетпіс деген жас емес-ау кісі алдар.
Толып жатыр мұндай-мұндай мысалдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу