Өлеңдер ✍️

ҰРЛАНҒАН ҚОЙ ХАҚЫНДА
Бір азамат келе жатқан,
Соңында
Бір семіз қой, болар сірə, соғымға.
Қас пен көздің арасында оның да
Көзі құрып,
Жіп-ақ қалды қолында.
Қара жүрек болса керек анау да,
Бұлбұл ұшты майлы құйрық, палау да.
Қой ұрлатқан у-шу қылып жан-жақты,
Санын соқты,
Шашын жұлды,
Зар қақты.
Ал ұрыңыз еті үйренген ондайға
Өз алдына басып жатты ойбайға.
Не болды деп түсінбей ел қулыққа,
«Алтын дорбам түсіп кетті құдыққа.
Бар байлығым – жүз динарым бар онда,
Жиырма динар берем алған адамға!»
Ақыл бар ма қой жоғалтқан адамда,
Əлгі сөзге жетіп келді табанда.
«Жиырма динар төрт-бес қойдың құны ғой!
Аяғаннан құдай берді мұны ғой!»
деп құдыққа батырғанда иінін,
Қойға қоса əкетті ұры киімін!
Жат қалада қалай жүрсең, олай жүр,
Бірақ та тек алды-артыңды қарай жүр.
Ал арамдар аңқау жанды қатырар,
Өкініштің құдығына батырар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇