Өлеңдер ✍️
СҮЙІП ӨТЕМ
Мына дүние қайғылы емес соншама,
Көңілді деп айтар жөнім бар ма еді.
Айнып кетер қыз да емес ол саған,
Сондықтан да сүйіп өтем мəңгі оны.
Қуаныш пен қайғы егіз қашанда,
Соңғы күн де жетер мені таң қылып.
Бұл дүниені тастап кетем мен сонда,
Достарым мен жауларымды қалдырып.
Кімдер біздің арамызда от жақпақ,
Елең қылмай көтеремін оны мен.
Кете алмаймын жүрегіме кек сақтап,
Бұл дүниеден өтем ашық көңілмен.
Көңілденем гүлін көріп көктемнің,
Құлақ түріп құс үніне ертемен.
Таудан аққан селдей болып өтемін,
Махаббаттың отына да өртенем.
Үрей кешкен жанды көрсем – қыс болам,
Тоңғандарға жылу алып жетемін.
Мен қолыма адал нанды ұстаған,
Күнəдан пəк күйімде сол өтемін.
Тауларымның ұлылығын қасиеттеп,
Мен олармен бірге болдым жасымнан.
Бұл дүниеден өтем соны əспеттеп,
Өмір солай ауса деймін басымнан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter