Өлеңдер ✍️
Жел
Жүйткіді қатты жел деген
Елсіз де
Өңсіз жерменен.
Ышқынып,
Атып қапырық,
Жолында бəрін жапырып,
Күйдірді,
Қақтап қуырды,
Шаңдатып,
Құмды суырды.
Жел еді есер,
Тым қатал,
Көрсетті қысас бір қатар.
Біледі халық ондайды –
Қаталмен ойнап болмайды.
Сондыңтан шөптер
Шайқалып,
Ақырғы сəті байқалып,
Тырмысып,
Жерге жабысып,
Қадалып жатыр қабысып.
Құдыққа келіп тақалып,
Қатал жел қалды маталып.
Нұрлы өңір,
Гүлді, бақшалы
Бөгеді желді,
Жасқады.
Соғып бір салқын самалы,
Торғайы əнге салады.
Əрине,
Желге өкініш,
Самал бар жерде не тұрыс?!
Түтігіп,
Жайға көрген бұл,
Деді жел:
– Қайдан келген бұл?
Бұл жерде болған қос құдық –
Қаңырап қалған бос құдық!...
Құдықтан кенет үн шықты:
– Тыңдағын онда шындықты.
Бұталар,
Гүлдер жердегі –
Жас бағбандардың еңбегі.
Бұл жерде олар тəртіппен
Өсіріп тоғай,
Тал тіккен.
Жолаушы болса алқынған,
Демалсын деген салқында.
Тынығып,
Қалғып шамалы,
Жол жүрсін деген ол əрі.
Жел тұрса есер егерде,
Біржола тынсын деген де...
Мүлгіді талдар балбырап,
Ысқырмақ еді,
Ал бірақ,
Дауысы желдің шықпады,
Не болғанын ол ұқпады.
Дірілдеп,
Бойдан күш кеміп,
Құлады кенет тістеніп.
Орнынан қайта тұрмады –
Бұтақтар желді шырмады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter