Өлеңдер ✍️
МИХАЙЛОВ АСУЫ
Шөкім бұлт жоқ аспанда.
Күн аптабы күйдіріп,
Көз жасаурап, ашыды.
Міне, менің алдымда
Көлденеңдеп жатыр тағы да
Михайлов асуы.
Не үшін бұлай атаған?
Кітаптардан қараймын,
Адамдардан сұраймын.
Бірақ жауап жоқ оған,
Айта алмайды еш адам,
Сырын жұмбақ бұл жайдың.
Таяудағы күндері
Еске түсіп осы бір
Ұмыт болған жайт тағы;
Жүргізуші серігім
Бір əңгіме бастап ед,
Мынау болды айтқаны:
«Бір кездері Хазардан
Дауыл айдап əкелген
Су көшкіні толқын нəн
Асып ескі мазардан,
Асу-асу жалданып,
Тау шатқалын толтырған.
Жауша тиген толқыннан
Ал Қарақұм саспады,
Жатып алды жантайып.
Қалың құмнан қол жинап,
Аттандырды жорыққа,
Қарсы тұрды қасқайып.
Теңіз қайтты.
Құм қалды,
Түкірігін тұз етіп.
Тұз жоталар сол кезден
Балақанның бауырын
Жатып алды күзетіп.
Содан бері бұл жерге
Ешкім аяқ баса алмай,
Тұз жастанған қара құм
Жоталардан аса алмай,
Қайтқан екен меселі,
Аңыз солай деседі.
Өз күшіне сенгендер,
«Тəуекел» деп келгендер,
Жігерлері құм бола;
Ыстық пешке түскендей,
Қайнап онда піскендей,
Қалып қойған біржола.
Бірде шопан түйініп,
Құдайына сиынып,
Кəрі нарға мінеді.
Құм боранды,
Ашулы
Атышулы асуды
Бетке алып жүреді.
Кеш батуға жақын уақ,
Кəрі нарын тақымдап,
Қойшы зірк-зірк желеді.
Сонадайдан кенет ол
Жол шетінде сұлаған
Бір адамды көреді.
Сақал жапқан бет-аузын,
Қаруы бар белінде.
«Неғылған жан?» – деп
Шопан
Нар үстінен үңілді.
Өліп бара жатқан жан,
Аузы келді деуге əрең:
«Жолдастарым қырылды...».
Тағы да бір сəті кеп
Кіргенінде есінің,
«Михайлов...» деп екі рет
Айтыпты өз есімін.
Содан бері асуды
Михайлов деп атайды,
Осындай бір аңыз бар
Жұрт айтатын осы күн».
Сол сапардың кезінде
Жүргізуші аузынан
Естігенім осы еді.
Болған жай ма,
Аңыз ба,
Айта алмайды оны ешкім.
Асудан жел еседі...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter