Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  92


Автор: Түрікмен поэзиясы

ХАСАР ТАУЫ

Уақыт сенің шыңдарыңнан қол бұлғар!
Жассың ба, əлде кəрісің бе, білмеймін...
Сəлем саған, мың жасаған тау Хасар,
Мен өзіңді абыз демей, кім деймін.
Арша толы беткейіңде жүгіріп,
Тастарыңнан жиһаз жинап өскенмін.
Бүгін соны терең оймен ұғынып,
Жыр жалауын көтеруді қош көрдім!
Əр бұлағың əсем сазбен əн айтып,
Жыр жолдарын ұйқастырып жатады!
Əне, шопан ел байлығын молайтып,
Шайлап жатыр алдындағы отары.
Поэзия! Менің сендік сезімім,
Əр жүректің сыры емес пе мына күй!
Сенің соқпақ, сүрлеуіңде өзінің
Өшпес ізін қалдырыпты Фраги.
Сол іздерді құдіреттің күшімен
Жартастарың сан ғасырлар сақтапты.
Хасар! Сенің шың құздарың ішінен
Көрсет маған ұстаз салған соқпақты!
Сұлу жырмен дəл өзіңнің көркіңдей,
Мен де сенің атыңды əнге қосамын.
Ақша бұлттар бейне сеңсең бөркіңдей,
Баса киіп отырасың, Хасарым.
Əлде Хасар маған былай дей ме екен:
«Фрагиді сүйсең, сондай жыр жарат.
Еш делдалсыз, оныменен сөйле тең,
Өрге ұмтыл, құлап түспе сырғанап!»
Жаным түлеп, қанат бітіп қиялға,
Түсіністім шың-құздармен солайша.
Өйткені мен Фрагимен бір тауда
Туып-өстім,
Ұқсамайын қалайша?!
Мейлі, менің атағым жоқ, шенім де,
Түрікмен халқы айтса болды мұны іштен:
«Ол да, туып-өсті Хасар жерінде,
Мақтымқұлымен бір бұлақтан су ішкен».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу