Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  158


Автор: Түрікмен поэзиясы

ҚАЗАҚ АҢЫЗЫ

Бір күні Сырдария жағасында
Болдым мен қазақтардың арасында.
Отырдым қойшы үйінде қонақ болып,
Досымның табылғандай бəрі осында.
Қарт жылы жүзбен күлімдейді,
Елжіреп жүрек содан дірілдейді.
«Түбіңді, жас түрікмен, білемісің,
Екеуміз егіз едік бұрын», – дейді.
«Жоқ, ата, естімедім, кешір мені».
«Ендеше құлағың түр, досым, – деді, –
Болыпты бір адамның егіз ұлы,
Сейілхан, Жайылханмен есімдері.
Жабысып туған екен екі дене,
Сол күйі жүре берген жетіле де,
Екеуін айыратын болмайды амал,
Ата-ана ашына ма, өкіне ме?
Екеуі бірге ғұмыр кешеді екен,
Жабысып бір-біріне өсе берді.
Бір күні осы араның ханы келіп,
Қылышпен бөлді арасынг деседі елі.
Жұрт көріп хан қылығын тосын əлгі,
Түршігіп денелері шошынады.
«Екеуін екі айырды-ау қылышпен» деп,
Көз жасы қара жерге жосылады.
Жайылхан қазақ болған көрінеді,
Сейілхан түрікпен боп бөлінеді.
Екеуі ерегіссе, содан бері
Тек қана қылышқа сөз беріледі.
Мінекей, содан қазақ түрікпенмен
Бір-бірін сəті түссе бүріп келген.
Мың жылдар бойы арада қылыш жатып
Еріксіз екі елге де күйік берген.
Бірақ біз ол заманға жараспадық,
Жаулықты арамыздан аластадық.
Қақ бөліп қасіреттің қан қылышын,
Бостан бос бұрынғыдай таласпадық.
Туған ел – əкеміз де, Отан – ана,
Шынықтық ер халық боп жоталана.
Келеміз келешекке егіздей боп,
Түспейді енді мəңгі от араға...»
Сонау бір Сырдария жағасында
Болғанда қалың қазақ арасында,
Есіттім осынау бір жақсы аңызды,
Екі елдің өз ниеті бар осында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу