Өлеңдер ✍️
ХАТ
Алыс шеттен, ақ жүректен
Тұрмын сəлем жолдап саған,
Бегенішім, көркем көптен,
Болды қайғы жолдас маған.
Алғанымда бұрын əр хат
Жұбанушы ем жас баладай.
Кетуші еді қиял шырқап,
Келешекке бастап ұдай.
Келмеді хат, жан жабырқап,
Асты менің дерт-азабым.
Бітті шыдам, тəн арықтап,
Тозды қайран бет-ажарым.
Жаздым хатты, күнде жаздым,
Жолығам деп жауабыңа.
Қалдың үнсіз, мен не жаздым,
Салмай хабар сауалыма?
Кештім тəтті үмітпенен
Қаншама күн, қаншама айды.
Қасірет тапсам күдікпенен
Қалай жаным шаршамайды?
Аулымызды соңғы күндер
Алды сұмдық хабар қамап.
Бірде қағаз, сөзбен бірде
Естіртеді Военкомат:
«Пəлен уақыт, пəлен жерде
Батырларша төгіп қанын,
Пəлен жігіт туған елге
Ерлік істеп, қиды жанын».
Əуезлиден, Меретлиден
Келді əне сондай хабар.
Шықса құрбан əрбір үйден
Ешкім аман болмай қалар.
Нұртəш əжең маған бір күн
Оқып еді хатыңды алып.
Арасынан сурет көрдім,
Одан сені қалдым танып.
Ол да мұңды дəл өзімдей,
Ана ғой ол, қайран ана.
Қарайды ылғи бір көз ілмей
Кеткен жолға, айдалаға.
Дертіміз бір, жоқ табарым,
Əттең, соның бір шарасын.
Келсе сенің хат-хабарың,
Жазар еді-ау жан жарасын.
Бір күн біздің оқушылар
Сіздің үйді берді сылап.
Қуанғаннан қайтып шыдар,
Əжең бізге келді жылап.
Берді бата ризалықпен,
Деді: «Алдың болсын ашық!»
Қайдан білсін мұңдасым деп,
Айтпаған соң, жөн сұрасып.
Білдірмейін десем сыртқа
Барады мұң жанымды жеп.
Кейде айтқым келер жұртқа
Ғашығымды сағындым деп.
Жан Бегеніш, саған деген
Сақтармын-ау сырымды ұзақ.
Ұзай берсең мұнша менен
Ел сезер ғой, білер бірақ.
Бір күні мен мектебімде
Отырдым көп, жалғыз қалып.
Ой жіберіп өткен күнге,
Бірге оқыған жылды еске алып.
Таңырқайтын талай адам
Сенің зейін ықыласыңа.
Ыстық болып кетті маған,
Кірдім барып класыңа.
Босап жүйкем, көңлім қаусап
Тұрдым ессіз есікте мен.
Өзіме-өзім бір айғай сап,
Өзімді-өзім есіттім мен:
«Бұл партада отырып ол,
Ерте келіп, кеш кететін.
Бала еді ғой ақылы мол,
Сабақ десе ес кететін.
Мұғалімі болар риза,
Ол үмітін үзген емес.
Ақылы жомарт, ойы мырза –
Мықты еді ғой, біздей емес...»
Көп отырдым ойда қалып,
Көп нəрсені көзбен шолып,
Кірпігіме жас айналып,
Көңіліме шерім толып.
Езілмей ме кім де болса,
Ойлай берсе көп тұншығып.
Ұзақ тұрмай одан аса –
Кеттім шошып, кеттім шығып.
Үйге барсам əжем менің
Қайта-қайта төніп қарап:
«Қалқам, неге қашқан өңің?» –
Деп жұбатып, берді тамақ.
«Жүрегіңде бар ма шерің
Жатқан сені іштей сорып.
Барасың ғой, жаным менің,
Күннен күнге шөптей солып?»
Аштым сырды батып əрең,
Жетсін деп ол шындығына.
Кейімеді, қайта əжем
Болды ортақ бұл мұңыма.
Қан майданнан келгендердің
Аяқсызы, қолсызы бар.
Риза ғой оған əр кім
Əттең, жүзін көруге зар.
Төзер ме едім тікен батса
Сенің нəзік сол денеңе.
Жарым менің есен қайтса –
Еш қуаныш тең келе ме?!
Тілеймін жар аман бол тек,
Аяр тағдыр – жалынам мен.
Келер аман, келер ол деп,
Көз алмаймын жолыңнан мен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter