Өлеңдер ✍️
ДОСЫМНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕ
Көп адамды атаушы едім: «Досым» деп
Болмас бірақ майдандағы досыңдай.
Ол айнымас өлгенінше. Қосыл тек,
Кім ұмытар шын достықты осындай!
Сенің үшін от пен суға түседі,
Өзі өлсе де сені жауға бермейді,
Қаза тапсаң, қасірет суын ішеді,
Ұмытпайды, жанын қайғы кернейді.
Бұл достықты майдан сыннан өткізіп,
Соғыс өзі көрігінде таптайды.
Дос жанары жаныңа нұр сепкізіп,
Дос жүрегі саған орын сақтайды.
Дəл осындай майдандас дос тағы да,
Алып шықты мені ұрыс төрінен.
Бір хатында, жазған асыл жарына,
Еске алыпты қоштасқанын менімен.
Ал жуырда оның жақын бір досы,
Жолдапты-ау бізге соңғы сəлемін.
«Алға, достар!» – оның соңғы сөзі осы,
Арсыз ажал істетіпті дегенін.
Кескілескен бір ұрыста досымыз
Қайтпапты ғой даласынан майданның.
Қалай енді ұмытармыз оны біз!?
Орын алмас жүрегінен қай жанның!?
Зарла жүрек, сайра тілім дос жайлы,
Ерсіме екен жауынгерді жоқтасаң!?
Қайда дутар ағылт мұңды, төк қайғы!
Неге жүрсің жүрек қылын таппасаң!?
Ал, көздерім, дария етіп, жасың төк,
Қайна қаным, соқ, жүрегім, ашына!
Кеудемдегі барлық ашу, ыза-кек
Нажағайдай төнсін дұшпан басына.
Бостан-босқа жібермейміз қаныңды.
Дұшпаннан кек, өш аламыз, жасыма!
Көпке жайып атақ, абырой, арыңды,
Ескерткіш те орнатамыз басыңа.
Бұл ескерткіш орнатылар мəрмəрдан,
Етегінен мəңгі арылмас гүл десте.
Оқылар жыр талай, саған арналған,
Алар əркім есіміңді сонда еске.
Жылдан жылға ескерткішің зорайып,
Құлаш ұрар алыс аспан төріне.
Ағылған ел, қойылған гүл молайып,
Сүйер сені шын жүректен беріле.
Асып түсіп даңқың Баба-Қамбардан1
Пурли2 сен деп домбырасын шертеді.
Сумбар3 асып талай биік аңғардан,
Сен жайында айтар ғажап ертегі.
Сен жайында талай өрнек өріліп,
Сан жыр туып, талай күйлер төгілер.
Сен жайында талай жүрек егіліп,
Сан қабырға қайысар да сөгілер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter