Өлеңдер ✍️
ГҮЛДЕНГЕН ҚАЗАҚСТАН
Көк бұлт шөккен Алатаудың шыңына
Шұғыласын күннің көзі төгіпті,
Жасыл құрақ тəжім еткен суына,
Нарттай қызыл алмалары көрікті.
Күміс күмбез Алматының тауы бар,
Тауынан да сұлуырақ қаласы,
Мұхитына жүзген ғылым бағы бар,
Сонша сұлу атқан таңдай аясы.
Алуан ғылым ордасымен опера
Театры көзін жұрттың тартады,
Жүрекке тұр жырдан толқын толтыра
Ақын Абай, бұлбұл Жамбыл ұрпағы.
Құдыретті Қарағанды, Балқашы,
Қазақстан ен байлықтың өлкесі,
Аясынан алтын атқан əр тасы,
Даласының малға сыймай тұр төсі.
Қытайменен ұштасады бір жағың,
Қарабұғаз құшағында қыр жағың,
Қазақ халқы сіз бен менің бір жаным,
Тұлпарлардың желге ойнатып тұр жалын.
Домбыраңның сызылған сан күйлері
Тербеткендей алып аспан тұр астын,
Сайрағанда сыңғыраған бұлбұлдай
Əні əлемге жеткен Жібек-Күлəштің!
Қазақ халқы қанатын кең қомдаған,
Құрышты да балқытып тұр қызуың,
Прагада таңғалып жұрт тыңдаған
Əдемі əнін қазақтың ұл-қызының!
Сіз бен бізде жеңімпаздық бір табыс,
Ортақ бізге өмірдегі жаңалық,
Сізден де алды туысқандық қолқабыс
Түрікменнің кең каналы жаңа алып.
Құм даланы шомылдырып өзенге,
Ақ мақтаға жайқалып тұр даламыз,
Өмірдегі ұлы тойда бізде енді
Сізді, қазақ, гүлге бөлеп аламыз!
Сізбен бірге шаттанады жанымыз,
Туысқан ел ортақ сенің мерекең,
Аз сыйлықты көпке балап алыңыз,
Ел достығын əлі талай жыр етем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter