Өлеңдер ✍️

  05.10.2022
  192


Автор: Түрікмен поэзиясы

ПЕРИЗАТЫМ МЕНІҢ

Тыңдаңдар бектер, ғашықтық менің əнім бар,
Перизатымды жырлаймын!
Өтірік айтсам қара майға малыңдар,
Перизатымды жырлаймын!
Пейіштегі хор қызының жақсысына тең келер,
Пейіштегі ең қырағы сақшысына тең келер,
Жүз мың сұлу болса дағы жалпысына тең келер,
Перизатымды жырлаймын!
Ерке сөзбен тірілтеді, жан береді өліге,
Қабақ түйсе тірілерің енер тіпті, көріне.
Толған айдай толықсыған нұр шуағы төгіле,
Перизатымды жырлаймын!
Сүмбіл шашы жіп-жіңішке шыбықтан;
Бір сөзіне-ақ бүкіл жандар құныққан.
Бір қараса құлы болып құтылмайсың құрықтан,
Перизатымды жырлаймын!
Қабағына қараған жан көз алмайды ішкері.
Маржан тастай тізбектелген тістері.
Жібек шəлі өрнектелген өзіне тəн күшті еді,
Перизатымды жырлаймын!
Жүрісі жұмсақ тауыс құстың мекиені секілді,
Жаным құрбан кір шалса егер бетіңді,
Ай мен арай қызғанады не түрлі,
Перизатымды жырлаймын!
Көркіне оның көз тояды – ғажап ғарыш жарығы,
Одан асқан сұлу жоқ дер көрсе егер Тəңірі,
Жүріп өткен ізіне оның мың қыз татыр кəнігі,
Перизатымды жырлаймын!
Шейдаи оны ойлап бүкіл ғұмырында бақытты,
Балдай тəтті бұлағынан құмартып жұтпақ ақықты.
Өле-өлгенше құл болам деп босағасына жатыпты,
Перизатымды жырлаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу