Өлеңдер ✍️

  05.10.2022
  208


Автор: Түрікмен поэзиясы

Қадірлі Аллам, саған сендім сенгенде....

Қадірлі Аллам, саған сендім сенгенде,
Мұқтаж қылып қайнатпашы сорымды.
Жаннатыңды нəсіп еткін өлгенде,
Қылкөпірде тоса көрме жолымды.
Қақпамызға қара бура шөккенше,
Шөл далада дауыл қаһар төккенше,
Құл басымыз тозақ жаққа өткенше,
Қадірлі Аллам, сала көрме азапқа.
Сала көрме тағдырдың сын тезіне,
Дүние-байлық көрінбейді көзіме.
Қадірлі Аллам, жол бастайын өзіңе,
Тозағыңның отыменен күйдірме.
Қаражаоғлан, қате кетпес сөзіңнен,
Қайыр болмас өлгеннен соң өзіңнен.
Қадірлі Аллам, айырмашы төзімнен,
Бейдауа жан, жыламашы аһ ұрып.
* * *
Сұлуды сұлу демеймін,
Менікі түбі болмаса.
Азабын оның көрмеймін
Қолыма келіп қонбаса.
Жүргені маған не керек,
Жүректі қайғы торласа.
Той тойламай жылайын
Көңілім шалқып толмаса.
Солар ғой білер бағасын
Болсыншы деймін ел де есен.
Ұнаған жұртқа сұлуым,
Өлейін оны көрмесем.
Пенденің бəрі – қонақ қой
Бұл дүние кімге қалады?
Ашылмаса уағында
Əдемі гүл де солады.
Қаражаоғлан сөзі рас.
Дұшпан көп, дос аз – болды есеп.
Айырылысу жоқ біздерге
Не сен, не мен өлмесек.
* * *
Өте бер жалған дүние,
Қонғанның көшер жолы бар.
Адам да егін секілді,
Мезгілі жетсе орылар.
Маңдайға жазған жоқшылық
Қысқанда келіп шекені,
Қапастағы құстай жаның да
Шырқырап ұшып кетеді.
Ғашық та өтер жалғаннан,
Мəңгілік ешкім болмады-ау.
Аспан да қақ-қақ айырылып,
Қосылар бір күн тауға тау.
Оты өшіп, ол да тыншиды
Қазандағы судың бүлкілі.
Басымды алып құшаққа,
Жылайды анам бір күні.
Жапыраққа жасыл үңіл де,
Түсінгенде сырын түңілме.
Сен басқан қара топырақ,
Жастығың болар түбінде.
Өмірден бір күн өтерсің,
Мүрдеңді саулар көтерсін.
Баратын жерің сол түбі,
Бақиға сен де кетерсің.
Қаражаоғлан, болма күлкілі,
Ажалдың қоймас құлқыны.
Мазарыңның келіп басына,
Байғыз қонар бір күні.
* * *
Бір сұлуға кезігіп ем таңертең,
Сол боп шықты қылығы бал жанеркем.
Мұндай сəтті көрген жоқ-ау əлі өлкем,
Омырауына жұпарлы қондырды мені.
Қаршығадай шарықтатты аспанға,
Желпіндіріп қондырды бір асқарға.
Өзен тасып, су іше алмай сасқанда,
Сулы бұлақтай сусындатты мені.
Құсқа айналдым, бақта сосын сайрадым,
Құлақ тікті тыңдайын деп аймағым.
Нұрлы жүзін көрсем-ау деп ойладым,
Ақ тамақтағы меңдері өлтірді мені.
Осы екен ғой жанның сусар бұлағы,
Қанша көрсең көздің қанбас құмары,
Ақ тамақтың асты зəмзəм бұлағы,
Сүйіп едім, қандырды мені.
Деді маған: «Қаражаоғлан адаспа,
Белгі тақпа қадірі жоқ ағашқа,
Жөн білмейтін ессіздермен жараспа»,
Құшақтады мойнымнан, түзеді мені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу