Өлеңдер ✍️
ҚАЙДАСЫҢ
Қайдасың, аңсағаным? Жаныма от өргенсің! Қайдасың?
Көзімнің нұры, екі дүние байлығын əпергенсің! Қайдасың?
Ерніңнің шырыны шараптан екі есе тəтті ғой – келсеңші!
Өзіңді көрмесем, жүрек қаны шапшып тасыды дерсің – қайдасың?
О, сен, раушан гүлдей нəзік досым, нəркес көзді – келсеңші,
Айрылып, бой дел-сал, көңіл жасыды, көрші! Қайдасың?
О, неге жоғалды тынышым? Төзімім неге таусылды?
Махаббат мазаны қашырды, сабырды сарқыды – қайдасың?
Қалқаныңа айналып бораған жебені, өсекті жаптым мен,
Сұқ көздің, оқ тілдің пəлесін қақтым мен.Қайдасың?
Көбелек болсам да, күймеспін, жүзіңнің отына төнермін,
Жалыным, жарығым, сəулесіз, жылусыз өлермін. Қайдасың?
Қиырда жүргенде керексіз басқа дос, тағдырға көнермін.
О, сен, сұлулықтан бар əлемнен астың деп қайранмын. Қайдасың?
Қайдасың, екі дүние қонағы, аттылы айбарлым, қайдасың?
Айрылу улы жебедей кеудеме қадалды, өлмедім мен. Қайдасың?
Шашыңның бұйрасына дүниенің жұмбағын кепіл қылды Алла,
Айтшы, кəне, өсімқорым, кепілді ешкімге бермедің бе? Қайдасың?
Шашыңа жағар əтірді Татариядан тауып ең,
Жұпарымен соның мені тұтқынға алып ең. Қайдасың?
Бұрымыңның бұрқыраған хош иісін жібер таңға қарай,
Зарығып мен күтермін, жарығым-ай. Қайдасың?
Мауқымды сен бассаң, керек пе екеумізге пейішің?
Пейіштен əкелген кəусардың өзісің. Қайдасың?
Сен үшін алыптың бəрімен алысып қырдым мен,
Шекара, қорған боп жолымда тұрдың сен. Қайдасың?
Бүгін Несими өз махаббатының иесі бола алар,
О, сен, бақ пенен махаббатты сыйлаған жар, қайдасың?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter