Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  169


Автор: Мыңбай Рәш

ДАРҚАН ДОСТЫҚ

Қос қуаныш
Жайылған жомарт дастарқан,
Сап түзеп сері шампандар.
Жиналып қалған дос дарқан.
Қарайды көздер Шолпанға.
Жетелеп оты желіктің
Жұманың бүгін кешінде.
Қарайды академиктің
Мүшелді немересіне.
Билейді бойды қуаныш:
Шолпанжан жиырма бесте! – деп.
Қария ше?..
Қалған тым алыс
Жас шағы түсер еске кеп.
Селеудей шашы боз қырау
Өрт шалған селдір ормандай.
Өмірдің өзі қызық-ау,
Нені отыр ғалым армандай?!
Жарысқан анау әжімдер –
Таңбасы тағдыр-өмірдің.
Күйбеңді күндер... әзілдер
Көлеңкесіндей көңілдің.
...Бірінші сөзді өзі алып
Шолпанның ғалым атасы.
Сөйледі толқи қозғалып,
Айтылып тілек батасы:
– Шолпанжан, – деді ол,– шырағым,
Шуағың шырын сөнбесін.
Той-думан болып тұрағың,
Өнерің өрге өрлесін.
Жиырма бес сенің жасыңды
Он есе бүгін өсіріп,
Тура екі жарым ғасырды
Тұрғаным үйге көшіріп.
Бүгінгі тойың сенің де
Ғажайып тоймен астасқан.
Ресеймен қазақ елім де,
Ғұмырлар мәңгі достасқан!
Көп жаса, Шолпан, сен-дағы
Демеші айттың неліктен?!
Бақытың сенің ел бағы –
Қос тойға тұрмын келіп мен!
Ел тойы – тойы Шолпанның,
Қос шаттық бірге тоғысты.
Кербез күз қандай дарқан күн
Сыңғырлай фужер соғысты.
Жиырма бес те оралып
Соққандай бейне қайтадан.
Сеп-селдір шашын таранып,
Ой тербеп кетті майталман...
Әлгінде толқу кезінде
Тарихшы үлкен ғұлама
Шомылды нендей сезімге?!.
Шабыттың күйін бұра да,
Шежіре шертіп сайрап бер
Үш ғасыр кейін шегін де.
Жалын бер, тіл бер, қайрат бер,
Құлақ бер, көз бер еліңе!
Жер үшін жаумен алысқан
Қаһары қайтпас батыр бер!
Жүйрік бер желмен жарысқан,
Туыс бер, Тозбас ақыл бер!
Замана сырын шертетін
Жез таңдай әнші, күйші бер.
Ақын бер жанды ерітетін,
Бәрін де ойға түйсін ел!
Кім білсін қырдан қаңғырған
Көшкенде әлде ебелек.
Жаралып жазғы жаңбырдан,
Ұшқанда әлде көбелек.
Сәуірдің қары сүрленген
Балқыған күннің нұрынан.
Шақта ма шілік бүрленген
Құйқылжып бұлбұл жыры да.
Шүйгінді шулы шілде ме,
Қылымсып нұрлы атырап.
Тіл бітіп ызың гүлге де,
Жайқалып жасыл жапырақ.
Түңлігі жабық отаудай
Түнерген бұлтты күзде ме.
Талайлар депті: «О тоба-ай,
Тап болды пәле бізге не?!»
Сыбдырла, Талас, Боралдай,
Аягөз, Арыс, Шыршығым,
Мерт болды кімдер оралмай
Неге айтты ана сыңсуын?..
Жайып сал бәрін жасырмай
Жөңкілген қаннан өзенін.
Қасақы жауға бас ұрмай
Қорғауға шыққан өз елін.
Қазақтың батыр ұлдарын
Дулыға киген басына.
Ақтаршы мұңды сырларын
Бүгінгі абат ғасырда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу