АТАЛАР МЕКТЕБІ САБАҚТАРЫ


1-«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің сценарийі

Мақсаты: Шежірені, әулет тарихын білудің, оны ұрпаққа мирас етудің мәнін талқылау.

Міндеттері:

1) Шежіренің сырын, мағынасын ашу

2) Қан тазалығы ұлт болашағы екеніне назар аудару

3) Әулет тарихын білудің мәнін түсіндіру

Көрнекілігі: Нақыл сөздер «Атадан бата алмай, үй болмас, Ордадан үлгі алмай, би болмас», «Аталы сөз – баталы сөз», «Тегін білген текті адам», «Жеті атасын білген ер, жеті елдің қамын жер». «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі».

Барысы: Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты мен міндеттерін таныстыру.

Модератор: Құрметті аталар, бүгінгі алқалы жиынға қош келдіңіздер! Бүгінгі таңда ата мен немере арасында позитивті қарым-қатынас орнату өзекті мәселенің бірі болып отыр. Аталардың біразы жас, біразы жасамыс. Қалалақ жердегі аталардың көпшілігі зейнеткерлікке шығып үлгермегендіктен жұмысбасты. Бірақ мұның бір де бірі сіздерге аталық міндетіңізге әртүсті қарауға себеп болмауы керек. Аталарымыздың бағзы заманнан жолы үзілмей келе жатқан өз міндеттері бар. Сол міндеттеріміздің үдесінен шыға алып жүрміз бе? Бүгінгі дөңгелек үстелде соның бірі «шежіре» мәселесіне тоқталатын боламыз. Өсіп келе жатқан балаға шежіре, әулеттің тарихы туралы кім айтады? Ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынасты кім реттейді? Жеті атаны кім үйретеді? Осы сұрақтарды талқылайтын боламыз. Олай болса, алғашқы сөзді осы мектептің ___ сынып оқушысы _______________________ атасы, ________________________ сөз берейік. 1-спикер: «Шежіре» араб тілінен аударғанда – бұтақ, тармақ деген мағынаны білдіреді. Шежіре – бір ұлттың шығу тегін тармақтап ұрпаққа, руға таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Сондықтан қазақ ұрпағына шежіре білуді міндет деп қарайды. Өз заманы мен бұрынырақта болған ірі тарихи оқиғаларды, хандар мен батырлар, шешендер мен жыраулар, байырғы қазақтың тұрмысы мен салты туралы әңгімелей алатын ақсақалдарды «шежіреші» деп атайды. Өз ұрпағына жеті атасын үйрету баяғыдан келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі. Мұның туыстық жағынан маңызы зор екенін халқымыз ерте түсінген және оны берік ұстанып келген. Ата-ана бір кіндіктен шыққан перзенттерін ел, ру намысын қорғайтын ержүрек, қайырымды, ұйымшыл, бауырмал етіп тәрбиелейді. Ал бір атадан тараған туыстар әулеттің татулығын бірінші орынға қояды. Өйткені олар бірін-бірі жақсы таниды. Ағалы-інілі, апалы-сіңілі дегендей, сыйластықта бірге өседі. Мұндай туыстардың арасында орынсыз жанжал, ұрлық-қарлық, барымта, зорлық-зомбылық сияқты жат істер болмайды. Өйткені тәртіп бойынша туыстар қиянат қылмайды, керісінше, сырттай бір-біріне қамқор, жанашыр боп жүреді. Қазақтың «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп қатты айтатыны тағы бар. Жеті ата ұғымында ағайын арасындағы бірлік, татулық, сыйластық мәселесі терең қарастырылған. Ұрпағымыз парасатты, бойында азаматтық намысы бар, елін, жерін, отбасынын сүйетін, тарихын білетін азамат болып өссін десек, оның тәрбиесіне қоғам болып назар аударуымыз керек. Туыстардың бір-біріне жат болмауын ойлау, кімнің кім екенін, өзінің кім екенін, жеті атасын түгендеп, жалықпай түсіндіру – үлкендердің мойнындағы міндет. Жеті атасын жаттату, ата-тегін, дәстүрлі өлең-жырларды айтқызу арқылы ата-әжелер бір жағынан әулеттің тарихын білдірсе, екінші жағынан баланың танымдық қабілетін дамытып, өз ойын анық жеткізе білу дағдысын қалыптастырады. «Жеті ата» «ата-баба» деген ұғымды білдіреді.

Жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі атабабаларымыздан бастап таратылады. Яғни: 1. Өзің. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6.Түп ата. 7. Тек ата. Бұл атаулар кей жерлерде басқаша айтылуы мүмкін. Қалай десек те, жеті ата жолының осылай таратылатыны - бұрыннан келе жатқан ақиқат шындық. «Жеті атасын білген ер Жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмеген Құлағы мен жағын жер», – деген сөз көп мағынаны білдіреді. Жеті атаны білу - жеті адамның атын білу ғана емес, солардан тараған ағайынтуысыңды білу. Үлкендеріне сәлем беріп, кішілеріне қамқорлық жасау. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз өз балаларына жеті атасының аты-жөнін, атамекенін, өз руынан шыққан елге сыйлы, белгілі адамдардың атын айтып, өмірін үлгі, өнеге етіп отырған. Ал бұған немқұрайлы, салғырт қарағандарды «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп іске алғысыз етеді. Жеті атасын білу арқылы әркім өзінің атабабаларының кезінде кім болғанын, қалай өмір сүргенін біліп, мақтаныш етіп отырады. Әл-Фараби: «Тарихты білмей – өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» дейді. Олай болса, мәңгілік, тәуелсіз ел боламыз десек дәстүрімізді, тіліміз бен тарихымызды құрметтеп, қастерлей білуіміз керек. Модератор: Келесі сөзді осы мектептің ___ сынып оқушысы _____________ атасы, ______________________ сөз берейік. 2-спикер: Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ қан тазалығына ерекше мән берген. Мұны үлкен мақтанышпен айтуымыз керек. Себебі бұл бізден басқа бір де бір халықта болмағанын бүгінгі таңда өркениетті елдердің бәрі мойындайды. Данышпан бабаларымыз құда түсу арқылы осы мәселенің қыр-сырын ашып, бүкіл тетігін жасап кеткен. Енді, соны қалпына келтіретін заң қабылданса, керемет болар еді. Бірін бірі ұнатқан жастардың бір-біріне туыстығы бар-жоғын ата-анадан артық ешкім білмейді. Қазақ неге жеті атаға дейін қыз алыспаған? Мәселен, «жеті атаға толмай қыз алыспау» дәстүр-заңының ғылыми негізі таңғаларлық. Оқырманға түсінікті болу үшін, генетикалық терең заңдылықты емес, арифметикалық қарапайым есеппен «жеті ата заңын» түсіндіріп көрейік: Адамдардың бойында тұқым жалғастыратын хромосама саны 46 екенін медицина дәлелдеп отыр. Осы хромосома саны еркектің ұрығында 23, әйелдің аналық жұмыртқасында да 23 болады. Ер мен әйелдің ұрығы қосылғанда екеуі 46-ға теңеліп, екі «жарты адамнан» бір «бүтін адамның» негізі қалыптасады. Аталарымыздан келе жатқан «екі жарты қосылып бір бүтін болайық» дейтін дәйексөздің тегін айтылмағанын осыдан байқауға болады. Сонда ешқандай ғылымсыз-ақ аталарымыздың бұл мәселені қалай терең түсінгеніне таңғаласың. Сонымен, Бірінші буын, яғни балада қырық алты туыстық толығымен сақталады. Екінші буын, немереде жиырма үш жарты туыстық, үшінші буын, шөбереде бұл екіге бөлінетіндіктен 11.5, ал төртінші буын шөпшекте осы сан тағы екіге бөлініп 5.75-ке тең болады. Бесінші ұрпақ, неменеде бұл сан тағы екіге бөлініп 2.8-ге теңеседі. Алтыншы ұрпақ, туажатта 1.4-ке тең, ең соңғы Жетінші буын, жүрежатта 0.7. Сегізінші ата жегжатта туыстық қатынасты анықтайтын хромосома саны 0-ге тең болады. Яғни, Жетінші атадан кейін ұрпақ жалғастығында туыстық қатынас қалмайды. «Жеті ата» заңын Қазақ қоғамы қабылдаған кезде яғни Тауке ханның «Жеті жарғысы» қолданысқа шыққан заманда Генетика ғылымы әлі жоқ болатын. Демек, жеті ата мәселесі тек туысыңды ғана білу емес, отбасын құрып, өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін де керек. Ал мұның дені сау ұлттың негізі екеніне ешкім таласпаса керек. Модератор: Келесі сөзді осы мектептің ___ сынып оқушысы _____________ атасы, ______________________ сөз берейік. 3 спикер: Әрбір адамға оның кім екенін, оның ата-бабаларының кім болғанын білу аса маңызды. Өйткені мемлекеттің өзі отбасынан басталмай ма?! Аталарымыз «Отан отбасынан басталады» дейді. Олай болса әр отбасының тарихы мемлекет тарихының бір кішкене бөлігі. Бүкіл ел танымаса да, өз туыстарының ортасында, өз ауылына, ауданға аты шыққан адамдар болады. Олардың еңбегін, өмір жолын немерелері білуге міндетті. Олар туралы сала құлаш мақалалалар жазылмауы мүмкін, кітаптар шықпаған шығар, тарих беттерінде ештеңе жоқ болар, бірақ олардың да өнегелі ісі, тағылымдық өмір жолы бар. Оны ұрпағына айтатын кім? Аталары... Сондықтан, кейінгі буын әулеттің, отбасының тарихын ұмытпасын десек, немерелерімізге олар туралы айтып отыруға міндеттіміз. Тек өз әулеті ғана емес, нағашылары туралы да білетінімізді айтып отырғанымыз абзал. Сонда әулеттің тарихын оларға біз аманаттап кетеміз. Адамдар кетеді. Тұтас толқын ауысып жатады. Олар туралы тұстастары кеткен соң, ел де ұмытады. Бірақ ұрпағы ұмытпауы керек. Қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» аталатын мемуарлық шығарма жазды. Шығармаға автордың балалық шағынан, ес біле бастаған, мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған. Жазушы өзінің тұлға ретінде қалыптасуына ұшқан ұясы ықпал еткенін баяндай отырып, отбасы мүшелерін: әжесі Қызтумас, әкесі Момыш, немере ағасы Момынқұл, әпкелері Үбиан, Әлимандарды өзіндік бейнелерімен әр қырынан танытқан. Бауыржан Момышұлы аңыз әңгімелерді әжесінен естігенін үлкен сүйіспеншілік сезіммен есіне алады, сонымен қатар ненің жақсы, ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді әжесінен үйренгенін мақтан етеді. Әкесі Момыш өз бетімен сауат ашқан, сол кездегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен де танымал болған. Бауыржан Момышұлы 3 жасқа келгенде анасы Рәзия қайтыс болады да, әжесі Қызтумастың қолында өседі. Осының бәрін Бауыржан кейінгі ұрпағым ұмытпасын деп жазып отыр. Бәріміз Бауыржан Момышұлы сияқты қаламгер бола алмасақ та, бірақ біздің де аталарымыз, бабаларымыз туралы немерелерімізге айта кететін әңгімелеріміз, қызықты оқиғаларымыз бар, соны немерелерімізге жүйелеп, түсінікті етіп айта жүруіміз керек. Ата болу оңай шаруа емес, сол міндетімізге лайық болайық дегім келеді. Модератор: «Атадан бата алмай, үй болмас, Ордадан үлгі алмай, би болмас», «Аталы сөз — баталы сөз», «Тегін білген текті адам», «Жеті атасын білген ер, жеті елдің қамын жер». «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі» деген сөздерді ата-балаларымыз бекер айтпаған болар. Осы сөздердің тәрбиелік мәні өте зор. «Мына бала жақсы екен кімнің баласы, тегі жақсы ау деймін бала негізінде тегіне тартады» деп жатады үлкен қариялар. Немерелеріміз жайлы осындай жақсы сөз естігіміз келсе, олар да кейін балаларына, немерелеріне өнегелі сөз айтсын десек, оны осы бастан қолға алуымыз керек. Жоғарыда үш спикер жеті ата мәселесінде, шежіре, қан тазалығы, әулет тарихы туралы біраз дүние айтып өтті. Енді осы жайындағы ойларымызды ортаға салып, пікір алмассақ. (Модератор ниет білдірген адамдарға сөз береді). 1. ______________________________ 2. ______________________________ 3. ______________________________ 4. ______________________________ 5. ______________________________ Қорытынды сөз: Модератор: Сонымен бүгінгі алқалы жиынға қатысқан аталар кештен алған әсерлеріңіз мол болды деп ойлаймын. Немереміздің бойына бағы заманнан жібі үзілмей келе жатқан ұлттың рухани құндылықтарын сіңіретін өзіміз. Соған орай бүгін өтіп жатқан алқалы жиын аталық міндетімізді дұрыс атқарайық деген ниеттен туып жатыр. Осымен іс-шарамыз аяқталды. Мектеп өміріне, соның ішінде «Даналық мектебінің» жұмысына белсене араласқандарыңыз үшін көптен-көп рахмет! Барлықтарыңыздың отбастарыңызға бірлік, береке тату-тәтті өмір тілей отырып, ешқашан шыққан тегімізді ұмытпай есте сақтап жүрейік деп бүгінгі кешімізді аяқтаймыз! Алқалы жиынның (дөңгелек үстелдің) аяқталуы Ата өсиеті (шебер сабақ)

2- Тақырып:Бабалар дәстүріұрпаққа өсиет

Мақсаты: Бабаларымыздан келе жатқан рухани дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды насихаттау. Міндеттер: 1. Озық салт- дәстүрлерді талдап түсіндіру, дәріптеу; 2. Ұлттың рухани құндылықтарын тәрбиенің негізгі өзегіне айналдыру; 3. Отбасы тәрбиесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету; Жоспар: 1) Амандасу. 2) Модератордың кіріспе сөзі. 3) Топқа бөлу, материалдар тарату 4) Материалмен танысу, талқылау 5) Қорытынды. Әдіс-тәсілдер. Әдебиет үйірмесі, дискуссия Ресурстар: үлестірме материалдар 1.Модератордың кіріспе сөзі: (5-7 минут) «Бабалар дәстүрі – ұрпаққа өсиет» Шығыс халықтары батыс жұртындай емес, дәстүрді берік ұстанатындықтарымен ерекшеленеді. Сондықтан болар «Өнерін сыйлаған жұрт өрге, дәстүрін сыйлаған жұрт төрге шығады» деп, дәстүрге ерекше мән береді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «заманына қарай адамы» дейтін қазақ күні кешеге дейін ата баба дәстүрінің өміршең тұстарын заманына қарай ыңғайлап, берік ұстанғанын жақсы білеміз. - Содан қазақ жаман болды ма? - Жоқ. Дәстүрді берік ұстанған баяғы қазақ қоғамы өз уақытында мінсіз қоғам орната алды. Ауылды абыз ақсақал билейді. Оған ешкім қарсы келмейтін, өз кезегінде ақсақалдар да жеке мүддесін емес, елдің ғана жайын ойлайтын. Ешбір қыз отырып қалмайды, үйленбей қалатын жігіттер де болмады. Жетім, жесір деген ұғым атымен болған жоқ. Үйсіз күйсіз, жұмыссыз жүру дегенді ешкім білген емес, әр бала атаанасының қасында болғандықтан буллинг, зорлық-зомбылық дегенді ешкім естімейтін. Ол кезде ата баба дәстүрі бірінші орында тұратын. Одан ешкім аттамайды. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі тіршілігіңе не керек, бәрі ұрпақ санасына бірінші сіңірілетін. Оны үйрету үшін даңғарадай ғимарат салудың аса қажеттілігі болған жоқ. Бәрі балаға ата мен әженің, әке мен шешенің, аға мен жеңгенің ақылы, тәрбиесі арқылы беріліп жататын. Жасыратын несі бар, дәстүр десе көз алдымызға «құда түсу, ұрын келу, жар жар, сыңсу, шілдехана, бесікке салу, тәй тәй басқанда тұсау кесу, оң солын танығанда сүндетке отырғызу» келеді. Бізде осылардан басқа ештеңе жоқтай көрінеді. Бұлар өз алдына бөлек әңгіме. Ал тәрбие мәселесіндегі баяғыдан қалыптасқан дәстүрлер, нормалар, ырым тиымдар тәрбиешілердің назарынан тыс қалып жүр. Оқта текте көнекөз қариялар, кейуаналардан естіп қалатынымыз болмаса, педагогтер қолдана қоймайды. Әлемдік өркениетте өз орны, өз ұстанымы бар мемлекетке айналамыз десек, елге, жерге жаны ашитын ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, осы нормаларға оралуымыз керек. Ата-ана, тәрбиеші, мұғалім тәрбие мәдениетін қалыптастыруда баяғыдан жібі үзілмей келе жатқан дәстүрлер, нормалар, ырым тиымдарды жақсы білуі және орнымен қолдана алуы керек. Қазақ ырым етеді, бұл жақсы ниеттен туған ғұрып. Балаларына елге белгілі, танымал адамдардың атын қояды немесе сондай адамдарға атын қойғызып, тұсауын кестіріп жатады. Солардай болсын деген ниет. Қазіргі таңда психологтар тренингтер өткізіп, «жақсы нәрсе ойлап, жақсылыққа ұмтылу керек, не ойласақ, сол жүзеге асады» деп жатады. Соның бәрі айналып келгенде осы ырым емес пе?! Қазақ: «Жақсы сөз - жарым ырыс» дейді. Жақсы сөз айту бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Әрине, ырымның бәрі орындалады деу қате, ол халықтың сенімі, аппақ ниеті, келешектен жақсылық күтуі. Орындалса құба құп, болмай жатса «Құдайдың ісі» деп, түсіністікпен қараған. Сондықтан ырымға қырын қарамағанымыз абзал. Қазақта үйіне кірген жыланның басына ақ құйып шығаратын дәстүрге айналып кеткен ырым бар. Яғни үйден дос емес дұшпаныңның өзін құр ауыз шығарма деген сөз. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның өзін ұстауға ОГПУ-дың адамдары келгенде, «қызым, үйге қонақтар келді, мәдениетті адамдар дәстүр аттамайды, шай қойып жібер» деген керемет сөзі бар. Демек, үйге келген адамға дастархан жаю мәдениеттіліктің белгісі. Мәдениеттімін деген адам міндетті түрде дәстүр ұстануы керек. Осыны алдымыздағы баланы былай қойып, өзіміз терең түсінбей жатамыз. Мәдениетті адамның белгілері қандай дегенде «дәстүр ұстану» деп айта қоюымыз екіталай. Қазақ халқы – қандай да бір қуанышын жеке отбасы емес, көрші-қолаңын, туған-туысын, ел-жұртын жинап атап өтеді. Қуанышты хабар жеткізген адамға «Сүйінші» береді. Қазақ – қонағын құдайындай сыйлаған дархан халық. Қолындағы барын қонағының алдына жаяды. Біз ең бастыларын айтуға тырыстық, айтылмағаны қаншама?! Әлемдік өркениетте өз болмысымызды сақтаймыз десек, мұндай дәстүрлерді ұмытуға болмайды. (авторы: А. Мұхтаров) 1. Модератор: Қатысушыларды «Менің таңдауым» әдісімен (модератор өзіне ұнайтын әдісті қолдана береді) 4-5 адамнан топтарға бөлеміз. Топтағы адамдарға бата туралы ақпарат жазылған үлестірме материалдар таратылады. Әрбір қатысушы ақпаратпен жеке танысады. Бата туралы Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады. Батаның адамға әсері күшті. Бата жасалған жерде халық сілтідей тынып, жақсылықтан үміт етеді. Ынтымақ, береке болады деп батаның әрбір сөзіне шүбәсіз сенеді. Әйтпесе, «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» демес еді. «Баталы ер – арымас, батасыз ер – жарымес» деген де бар. Демек, бабаларымыз үшін батаның орны бөлек болған. Арнайы іздеп келіп, өсіп келе жатқан балаларымызға аузы дуалы адамдардан ырым етіп бата алатынымыз бар. Жанқұтты шешеннің «Жанарыңның оты бар екен ақындығың шығар, маңдайыңның жазықтығы ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол» - деп Абайға бата бергенін бәріміз білеміз. Шешеннің айтқаны дәл келген жоқ па?! Алыс жолға шыққанда ауылдың үлкені немесе әулеттің үлкенінен бата алатын ырым бар. Бұл да қара шаңыраққа деген құрмет, қара шаңырақтың киесі қолдасын деген ырым. Атақты Сырым батырдың арнайы іздеп барып Малайсары биден, Бөкен биден сонымен қатар Мөңке, Алдар, Есет билерден бата алғанын білеміз. Қазақтың бата сөздері – бағзы заманнан келе жатқан, халық тарихымен тағдырлас, тәлім-тәрбие құралы болған тағылымы мол мұра. Осынау ұлы мұраны игеріп, оны халықтың игілігіне жарату, жас ұрпақтың санасына сіңіру – ата-ананың, әсіресе аталардың міндеті. Батаның ең көп тараған түрлері өмірге сәби келгенде, баланы бесікке салғанда, алыс жолға шыққанда, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныс тойда, ұлыстың ұлы күнінде, үлкендерге құрмет көрсеткенде т.б. айтылады. Бауыржан атамыздың батасынан мысал келтіре кетейін. Е, Жаратушы, Жасаған! Тілегімізді қабыл ет, Иманымызды кәміл ет. Тозақтағы оттан сақта, Қаңғыған оқтан сақта. Парақор соттан сақта. Кірлі сумен жуыстан сақта, Ынтымақсыз туыстан сақта, Қара жүрек батылдан сақта, Дәйексіз тіл тақылдан сақта. Адалдықты арбаған ақыннан сақта, Ашу жеңген ақылдан сақта, Қайырымсыз жақыннан сақта. Адамды қадірлемес есерден сақта, Нанды басқан кесірден сақта, Қате ісіне қиналмас, Көк долы қатыннан сақта. Халықты зәбірлер бастықтан сақта, Жақынға жала жабатын, Қанқұйлы қастықтан сақта. Сырты сұлу, іші кір, Қадір білмес пасықтан сақта. Өз пікірі татымсыз, Кісі ақылымен күн көрер, атымы жоқ жастықтан сақта. Несібе кесер кесірден сақта. Некесіз бала табатын Жолы лас жесірден сақта. Әкімінде шапағат жоқ, Әділдікте шарапат жоқ, Молдасында шариғат жоқ, Байларында салауат жоқ, Кедейінде инабат жоқ, Азаматында ар-ұят жоқ Қариясында бата жоқ, Сөздерінде пәтуа жоқ, Құр айқау, шат-шәлекей, даңнан сақта. Е, Жаратушы, Жасаған! Өмір берсең, жайлы ғып бер, Дәулеті мен байлығын бер! Қарияны кемел, сыпайы ғып бер, Ағаларды райлы ғып бер! Апаларды мейірлі ғып бер! Ұрпақтарды намысты ғып бер, Тұлпарларды шабысты ғып бер! Жомарт болсаң, Жасаған! Айтқанымның барлығын, Ағайынды ақаусыз, Өнегелi өмiрмен тату-тәттi, Табысты ғып бер! Әумин Топқа бөлуге, материал таратуға 3 минут уақыт беріледі Танысуға 5 минут уақыт беріледі. Талқылауға 10 минут уақыт беріледі. Талқылау барысында батаның критерийлерін жасаңыз. 1. Бата түріне назар аудару 2. Жақсылықты Құдайдан сұрау 3. Бәле-жаладан аман болуды сұрау 4. Салиқалы, көркем мінезді болуды сұрау 5. Ақылды, парасатты болуды сұрау 6. Танымал адамдарға ұқсату 7. Ұлдарды айбатты жануарларға, заттарға ұқсатып, қайратты болуын сұрау 8. Қыздарды әдемі заттарға ұқсату 9. Т.б. Кері байланыс «Батаның қандай түрлері бар, бата бергенде қандай мәселе қозғалады»? Әр топқа 1 минут 2. Тапсырма: Бата таңдау. Топта ақылдаса отырып, тапсырмаға сәйкес бата түрін іздеп тауып, ең жақсысын таңдап алады. 1. І топқа - өмірге сәби келгенде берілетін бата 2. ІІ топқа - Баланы бесікке салғанда, тұсауын кескенде берілетін бата 3. ІІІ топқа - Алыс жолға шыққанда берілетін бата 4. ІV топқа - Келін түсіргенде берілетін бата 5. V топқа - Ас қайырғанда берілетін бата 6. VI топқа - Қоныс тойда берілетін бата 7. VII топқа - Ұлыстың ұлы күнінде берілетін бата 8. VIII топқа - Үлкендерге құрмет көрсеткенде үлкендер беретін бата. 3. Бата беру. Әр топтан бір адам таңдалған батаны жатқа айтып беруге тырысады. Кері байланыс: Талқылау сұрақтары. 1. Барлық жерде бір бата берген дұрыс па? 2. Үлкендер бата түрін ажырата ала ма? 3. Немереңіз сапарға шықса, бата алуға әулеттің үлкеніне жібересіз бе? 4. Туыстың баласы бата сұрап келсе, бата бере аласыз ба? 5. Әртүрлі жағдайда берілетін бата түрлерін жаттағыңыз келе ме? 6. Тағы қандай дәстүрлерді немерелерімізге өсиет етіп айта аламыз? Құрметті қатысушылар, «Даналық мектебі» жұмысына белсене қатысып, Аталар өсиетін насихаттауға үлес қосқандарыңыз үшін бәріңізге мың алғыс. Бүгінгі іс шарада естігендеріңізді әлеуметтік желілер арқылы немереңіз оқитын сыныптағы аталармен бөлісіп, осы жұмыстың жандануына үлес қосады деп сенеміз. Қош сау болыңыздар! Сабақтың соңы



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
---



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу