Мұсабек Байзақұлы (Қайырымды қыз бен қайыршы)

 Мұсабек Байзақұлы (Қайырымды қыз бен қайыршы)

Бір бақыл бай бар екен сараң болған,
Есігіне еш кедей бара алмаған.
Ішкен асын кейінге қоюшы еді,
Жан көрінсе алыстан қараңдаған.
Сараң еді бұрын жұрт тоқ кезінде,
Жұртта пейіл не болсын жоқ кезінде?
Бір аш кедей сандалып келді үйіне,
Ұрынды да аштықтан от көзіне,
Кедей досын ақ пейіл асырады,
Қарау адам есіктен қашырады.
Қызы шығып бір күлше қайыр беріп,
Әкесіне білдірмей жасырады.
Бай білді де кедейдің тосты жолын,
Ұрып-соғып қайнатты әбден сорын.
«Күлше берген оң қолың осы ма?»-деп,
Қайтып келіп қызының кесті қолын.
Қалыпты қыздың қолы шолақ болып,
Ісін істеп, ас жеуге олақ болып.
Кесір болып бұл ісі дәулет қайтып,
Ақырында бай өлді харап болып.
Жетім болып қалды қыз күн көре алмай,
Бір қасық ас үш күнде бір көре алмай.
Бірнеше күн бүк түсіп жатты үйінде,
«Мен ашпын»,-деп ешкімге сыр бере алмай.
Ажалы жоқ аштықтан құдай алмай,
Шықты үйінен бір күні шыдай алиай.
Барды-дағы бір байдың есігіне,
«Шаян алла ақ»,-деді айқай сала-ай.
Шықты үйінен жүгіріп байдың ұлы ,
Бір легенге ас салып неше қилы.
Еркек емес, суреті қыз сияқты
Бай ұлына көрінді ол бір қилы.
Кекілі бар қараса, ашып бөркін,
Ғашық болды көрді де қыздың көркін.
Жақындасып қасына келді-дағы,
Жігіт қызға сөйлесті емін-еркін.
Жігіт болды бұл қызды сүйетұғын,
Қыз да болды жігітке тиетұғын.
Ол қыз хаттен тысқары сұлу еді,
Көрген адам өртеніп күйетұғын.
Қылды мейман ол қызды «аламын»,-деп,
«Алмасам тақат қылмай барамын»,-деп.
Дастарханын алдына жайды-дағы,
Неше түрлі тартады тағамын кеп.
Жеді тамақ сонда қыз сол қолынан,
Ілгеріде айрылған оң қолынан.
Қалып қойды жігіттің қыздан көңілі,
Сол қолымен жеп әдепсіз болғанынан.
Сонда ол қыз ұялды қылып намыс,
Қара термен көйлегі болды сауыс.
«Шығара бер жасқанбай қолды»,-деген,
Сонда қызға келеді көктен дауыс.
«Бісміллә» деп оң қолын қыз шығарды,
Кесілген қол сау болып бітіп қалды.
Он саусағы күмістен тартқан сымдай,
Сонда жігіт қолына назар салды.
Қыздың жүзі нұрланды хордай болып,
Хор-перімен дидары бірдей болып.
Ғашықтықтан жігіт те қарар қылмай,
Неке қылды ол қызды, көңілі толып.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!