Қазақстанның тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері. Қазақ тілі, 9 сынып, қосымша материал. 2 сабақ.
Қазақстан биыл өз тәуелсіздігінің 26 жылдығын тойлайды. Ширек ғасырдан астам уақыт әлемдік тарих үшін қас-қағым сәт! Десек те тұрақты даму жолына түсіп, өркениеттің көшіндегі 30 мемлекеттің қатарына ұмтылған Қазақ Елі үшін бұл тұтас ғасырға татитын кезең! Биыл бір ғана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу арқылы егемен Қазақстан өзінің есімін жаһандық жылнамаға жазды. Бұрын-соңды әлемдік деңгейде мұндай мәртебеге, биік беделге жеткен жоқпыз. Осының бәрі Қазақстанның мемлекеттілігінің негізін қалап, туған халқын баянды тәуелсіздікке жетелеген Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өміршең идеялары мен баянды бастамаларының жемісі.
2017 жыл әлі аяқталған жоқ. Соған қарамастан, еліміз бен қоғамымыз үшін зор маңызға ие болған биылғы жеті жетістігімізге тоқталғанды жөн көрдім.
Бірінші жетістігіміз – 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Универсиаданың алауын жағу салтанатында сөйлеген сөзінде еліміздің тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап бірлік, ынтымақ және қауіпсіз болашаққа ұмтылу мұратынан айнымайтынын атап айтты. «Спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз әр құрлыққа қазақстандық татулық пен төзімділік формуласын жеткізгіміз келеді»,-деді Елбасы. Ұлт көшбасшысы Универсиада өткізудің үш үлкен пайдасына назар аударды: «Біріншіден, жастарымызды спортқа құлшындырамыз. Екіншіден, бұл жобаға салынған инвестициялар қазақстандықтардың игілігіне қалады. Үшіншіден, елімізді әлемге танымал ете түсеміз».
Елбасы айтқандай, жоғары деңгейде өткен Универсиаданың үш пайдасын көрдік. Отандық спортшылар 36 (11 алтын, 8 күміс, 17 қола) медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Универсиада салауатты өмір салтын насихаттап, жастарымыз үшін спортты серік етудің әнұранына айналды. «Алматы Арена», «Халық Арена» сияқты заманауи жоғары технологиялық нысандар, тұрғын үйлер, денсаулық сақтау және мәдени ошақтары халықтың игілігіне қызмет етуде. 57 елдің спортшыларының басын қосқан спорттық доданы дүние жүзіндегі 1 миллиардтан астам адам тамашалады. Бұл айтарлық жетістік емей, немене?!.
Екінші жетістігіміз – жаңарған Конституция.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жария түрде қол қою рәсімінде: «Біз бүгін мемлекетіміз үшін мәні зор тарихи шешімнің жүзеге асатын сәтіне куә боламыз. Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам. Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған»,-деп мәлімдеді. Жаңарған заң билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөледі. Атап айтқанда, Президенттің бірқатар өкілеттіктері биліктің басқа бұтақтарына беріледі. Үкіметтің дербестігі мен қабылдайтын шешімдерге жауапкершілігі күшейтіледі. Парламент Үкімет пен атқарушы органдардың қызметін бақылауда жаңа өкілеттіктерге ие болады. Алайда, президенттік басқару формасы саяси жүйенің базалық негізі болып қала береді.
Мемлекет басшысы заңға қол қою рәсімінде: «Билік барынша теңгерімді, икемді және тиімді бола түседі. Қабылданған шешімдерді біздің қоғам кеңінен талқылап, мақұлдады. Жаңарған Конституция – бұл біздің уақыттың сын-қатерлеріне қайтарған жауабымыз. Әлемдегі дамыған 30 елдің тобына қосылу деген стратегиялық мақсатымызға жету үшін барша қазақстандықтар күш-жігерін біріктіруі маңызды»,-деді. Елбасы айтқандай, елдің басты құжаты кемелдене түсті. «Назарбаевтың моделі» арқылы мемлекеттілігімізді нығайтуға, уақыттың сын-қатерлеріне төтеп беруге батыл қадам жасадық. Ең бастысы, біздің еліміздің конституциялық құрылымы, егемендігі және тәуелсіздігінің мызғымастығының кепілдіктері орнықты. Тәуелсіз саяси тарихымыздың жаңа кезеңіне жасаған қадамымызды зор жетістік емей не дейміз?!..
Үшінші жетістігіміз – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы мақаласында біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарасын білдірді. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни, болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық»,-деп жазды Елбасы. Сондай-ақ, мақалада сананы жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетті.
Ұлт көшбасшысының тәуелсіздікті баянды етуді мұрат тұтқан игі бастамасының бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді қазақстандықтармен (ел зиялылары, өнер мен мәдениет қайраткерлері және т.б.) қатар, әлем қазақтары да қуана қабылдады. Ұлт зиялылары: «Бұл қазақтың жарқын келешегін айқындап берген құжат. Елбасының өз халқына деген сүйіспеншілігінен туған жанашырлығы» деген баға берді. Түптеп келгенде, бұл бастама бөлініп-жарылуға емес, ескіден арылуға, сананың жаңғыруына алып барады. Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов ағамыз Елбасына жолдаған хатын: «Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке енуге апаратын жол»,- деген жүрекжарды лебізімен түйіндепті. Ендеше, ел басшысының заманға сәйкес жаңғырудың тура жолын нұсқаған мақаласы ел, ұлт үшін зор жетістік емей, немене?!.
Төртінші жетістігіміз – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі.
10 маусым – 10 қыркүйек аралығында жаһан жұрты Еуразияның кіндігіндегі Қазақ Елінің бас қаласына көз тікті. Тәуелсіздігінің 26 жылдығына аяқ басқанда еліміз халықаралық деңгейдегі аса ауқымды, жауапты шараны зор абыроймен өткізді. Қуанарлығы сол, 155 мемлекет, 22 халықаралық ұйымның қатысуымен өткен көрмеден 4 миллионға жуық адам ұмытылмас әсер алып қайтты. «Нұр Әлем» атты Қазақстан павильонын 1 миллион 300 мың адам тамашалады. Күн сайын көрме қалашығын 50 мыңға жуық келушілер аралады. Оның ішінде 180 елден келген жарты миллион шетелдіктер де бар. «Астана мен елдің барлық өңірлерінің күш-жігері нәтижесінде көрмені табысты өткіздік. Ол жағымды әсер қалдырып, ел экономикасын дамытуға серпін берді»,-деді мемлекет басшысы көрменің жабылу салтанатында.
ЭКСПО көрмесі еліміздің әлемдік қауымдастықтағы бақ-беделін одан сайын өсірді. Елбасы айтқандай, елордамыз National Geographic журналының «Болашақтың қаласы» сыйлығының номинанты болды. Ал The New York Times өз нұсқауымен Қазақстанды жаһандық туристер көп тамашалайтын орындардың тізіміне кіргізді. Ғаламат оқиғаның ел экономикасына тигізген пайдасы – 50 мың жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етті. 1400-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары 640 миллиард (!) теңгеге тауар жеткізу мен қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік операторлардың қызметіне деген сұраныс 2 есеге артты. Астанадағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайызға өсті. Қызмет көрсету саласынан елорда бюджеріне түсетін салық көлемі 1,2 есеге көбейді. Ең бастысы, халықаралық көрмедегі үздік шетелдік технологиялар біздің өндіріске енгізіле бастады. Мұны жылдың ғаламат жетістігі емей, не дейміз?!.
Бесінші жетістігіміз – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммиті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделінің арқасында күллі ислам әлемінің басы бір жерге тоқайласты. Бұл шараның маңыздылығы, 83 делегацияның 15-ін мемлекет басшылары бастап келді. Кейбір сарапшылар халықаралық маңызы жөнінен ИЫҰ-ның саммитін ЕҚЫҰ-ның саммитінен асып кетпесе, кем түспейтінін бірауыздан мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы басқосуда ғылым мен инновация, ислам әлеміндегі бірлік пен қауіпсіздік мәселелерін көтеріп, орамды ойларын ортаға салды. «Әлемнің өзге бөліктерінде қарқынды даму жүріп жатқанда, мұсылман елдерінің көпшілігі одан сырт қалуда. Кейбір сыншылар мұны дінмен байланыстырады. Алайда, бұл мүлдем қате пікір»,-деді Елбасы.
Сайып келгенде, Астана саммиті ғылым мен технологиялар саласындағы ахуалды терең түйсініп, дұрыс қорытынды жасауға және пісіп-жетілген мәселелерді шешудің жолдарын айқындауға жол ашты. Саммиттің өтуі 1,5 млрд. халқы бар ИЫҰ-на мүше 57 елдің өзінің ғылыми, экономикалық әлеуетін жетілдіруге дайын екенін көрсетті. Саммитке қатысушылар барынша маңызды халықаралық мәселелерді (соның ішінде Мьянмадағы жанжал да бар) ашық талқылап, тиісті есептер қабылдады. Ал Астана декларациясы ислам әлемін дамытуға зор ықпал ететін құнды құжат есебінде ИЫҰ-ның тарихына таспен жазылды. Жалпы, бұл саммит үмітті ақтап қана қоймай, отандық дипломатияның ірі жеңісі ретінде халықаралық дәрежедегі бақ-беделімізді арттыра түсті.
Алтыншы жетістігіміз – Дональд Трамптың Нұрсұлтан Назарбаевты Вашингтонға шақыруы
1 қыркүйекте АҚШ Президенті Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон шалып, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесінің табысты өтуімен құттықтады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл оқиғаны: «Біреумен телефон арқылы тілдесуді айтсаң, ешкім елеңдемейді. Бірақ мемлекет басшыларының бір-бірімен телефонмен сөйлесуі – толыққанды кездесумен бірдей. Өйткені онда көптеген мәселелер талқыланады. Ол мәселелерді сыртқы саясат ведомстволары алдын-ала дайындайды. Телефондағы тілдесуді президенттердің жұмыс кестесіне енгізудің өзі қиын іс. Вашингтон мен Астананың арасындағы 12 сағаттық айырмашылықта телефон қоңырауының нақты күні мен уақытын сәйкестендіру оңай шаруа емес. Дипломатияда біз біле бермейтін кейбір жайттар бар. Телефонмен тілдесу АҚШ президентінің бастамасымен жүзеге асырылды. Бұл да маңызды»,- деп түсіндірді. Тілдесу нәтижесінде АҚШ басшысы біздің Елбасына Вашингтонға ресми сапармен келуге шақырды.
Президенттердің тілдесуінде қазақстан-америка қарым-қатынастары туралы екі маңызды мәселе талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға 40 миллиард доллар инвестиция құйған ірі америкалық компаниялардың жұмысына санкциялардың әсер етпеуіне алаңдаушылық білдірген. Дональд Трамп аталған санкциялардың Қазақстанға қатысы жоқтығын растап, АҚШ-тың біздің елмен ізгі қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізіпті. Сондай-ақ, АҚШ Президенті Қазақстанның төмен байытылған уран банкін ашудағы іс-қимылына ризалығын білдіріп, бұл жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға жасалған батыл қадам екеніне тоқталды. Сөз соңында Қазақстан басшысы Мәскеу мен Вашингтонның арасындағы диалогтың қалпына келетініне сенім білдірді.
Жетінші жетістігіміз – Қазақстанда «Equus» («Жылқы») деректі трилогиясының түсіру жұмыстарының басталуы
28 тамызда Канада мен Германияның үздік түсірушілер тобы Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы Ерназар ауылының аумағындағы түсірілім алаңына келді. Археолог-ғалымдардың айтуынша, бұл жерде осыдан 6 мың жыл бұрын Ботай мәдениеті қонысында адамдар жылқыны алғаш рет қолға үйреткен. БАҚ өкілдерімен түсірілім алаңына барған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Трилогия әлемнің 50 елінде көрсетіледі. Осы жоба арқылы өзіміздің тарихымыз бен мәдениетіміздің тамыры тереңде екенін тағы бір мәрте көрсетіп, Мәңгілік елді кеңінен таныта аламыз деп сенемін. Бұл туынды Қазақстанның халықаралық аренадағы бақ-беделін арттырып, тарихымыз бен мәдениетімізге деген қызығушылықты күшейтеді»,-деп мәлімдеді.
Археолог-ғалымдар көп жылдық зерттеулер нәтижесінде Қазақстанның жер шарындағы ұлы инновациялар бастау алған даланың экожүйесі екенін дәлелдеді. Ең алдымен, бұл инновация жаңа өркениеттік сатыға – аттылы номадтар кезеңіне өтумен байланысты. Ғалымдар Ботай қонысынан қазып алынған заттарды зерттеу нәтижесінде шамамен 5,5 немесе 6 мың жыл бұрын ботайлықтар жылқыны үй жануары ретінде қолға үйреткеніне көз жеткізген. Өйткені, табылған заттардың арасында ат әбзелдері кездесті. Таң қаларлық жайт, еуразиялық сәулет өнерінің түп-тамыры қазақ сәулет өнерінде жатқанын толық дәлелдеуге ғалымдар 13 жыл уақыт жұмсаған. Біздің ата-бабаларымыз Ботай дәуірінде тұрғызған үйлердің үлгісі Памирде, Гүржістанда, Хакасияда, Қытайда кездесіпті. Бұл жетістігімізді күллі әлемге көрсететін күн алыс емес. Трилогия 2018 жылы қазан айында экранға шығарылады. Бұл да тәуелсіз еліміз үшін айтулы жетістіктердің бірі болмақ.
Сөз түйіні:
«Елу жылда ел – жаңа, жүз жылда – қазан жаңа» дейді қазақ. Елудің жартысынан асқанда-ақ күллі әлемге өз тәуелсіздігін мойындатқан Қазақ Елінің бұдан басқа да жетістіктері жетерлік. Ең бастысы, орнықты дамудың даңғылына түскен Қазақстан өз жолынан жаңылмайтынын дәлелдеді. Тәуелсіз Қазақ Елінің бүгінгі табысының екі алтын тұғыры бар. Бірі – Ұлы Далада жаңа мемлекет құрған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясаты, екіншісі – өз көшбасшысының айналасына топтаса білген Қазақстан халқы. Бүгінгі ұрпақтың пешенесіне жазылған ең үлкен бақыт – тәуелсіздігіміз баянды болсын
Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана қаласы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?