Сахна саңлағы. Қазақ тілі, 8 сынып, дидактикалық материал. 4 сабақ.
4 –сабақ
Сабақтың тақырыбы: Сахна саңлағы
Сахна саңлағы Серке Қожамқұлов жайындағы сөзді қазақ халқының жаңа тарихына көз жүгіртуден бастағым келеді. Өйткені қазіргі ең үлкен сахна шебері еліміздің ағасы Қожамқұлов — тарихымыздың куәгері ғана емес, қайта түлеген көркемөнеріміздің кеш бастаушыларының бірі, шоқтығы биік ірі тұлғасы. Биыл біз қазақ сахна өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының елу жылдық мерекесін тойлауға қамданып жатсақ, бүгін Серке Қожамқұловтың 80 жасымен қоса оның өнер саласындағы алпыс жылдық еңбегінің мерейін тойлап отырмыз. Демек, халқымыздың кенже туған сахна өнері Серке Қожамқұловтың есімімен егіз, не бары жарты ғасырда бүгінгі әлемдік сахна өнерінің ілгері сатысына қосылған маңдай театрымыз — Серке Қожамқұловтың есімімен егіз. Әрине, көп жасаған, көпті көрген көненің көзін халқымыз қашанда сыйлай білген, ал Сер-ағаң болса көненің көзі, куәгері ғана емес, арбаның бел ағашындай сахна өнеріміздің бар салмағын көтерген, оны өгіздей өрге сүйреген бейнетқоры, тек ерінбес еңбегімен ғана емес жарқыраған талантымен, оқшау өнерімен қазақ сахнасының шоқтығын көтерген озық шебері. Осындай мерекелі күні қызыл сөзді көсілте сілтеп, артық мадақты аямайтын дағдымыз бар. Әсіресе Сер-ағаң сияқты адамдарға қаншама мадақ сөз айтсаң да сия береді, оның өнердегі ірі тұлғасы қандай теңеу болса да көтере береді. Әрине, сүйсінген қауым, озық шеберінің өнеріне шын пейілмен құлаған қауым — актерге деген алғыс сөзін аямайды. Бірақ сонымен бірге бұл мереке қазір жиілеп жүрген кезекті бір юбилей ғана емес, бәрімізге ой салатын, өткен-кеткенімізді тебірентетін, келешегімізге қозғау салатын — мәдени өміріміздің үлкен оқиғасы. Шынында да осы бір ғана актердің өмір жолы, өнер жолы арқылы бүкіл қазақ театрының тұңғыш қадамынан бастап бүгінгі шыққан биігіне дейінгі бар өсу жолын, ізденіс бағдарларын түгел көрсетуге болар еді. Серке Қожамқұлов халықтың қалың ортасынан шықты. Ауылдан келген жас талап Троицкідегі Уазипа медресесінде дәріс алып жүріп-ақ ілгерілеу кеткен елдердің сахна өнерін көріп, дәл осындай өнердің құдіретті өнердің тарихи даму сапарында кешеуіл қалған ол ұлтына да қажеттігін ұғыпты. Тетелес аға ұстазы, оқуға тартып, баулып жүрген жетекшісі, қазақтың болашақ үлкен арналы ірі жазушысы Бейімбет Майлинмен бірге өз елінің болашақ театр өнерінің соқпағын тартуға талап етіпті. Өнер іздеген, өз ұлтының рухани қажетін іздеген жас талап — сол мезгілмен тұстаса келген революциялық ұлы толқыннан қаға беріс қалуы мүмкін емес еді. Серке Қожамқұлов та театрға келер жолындағы жас өнерін сол ұлы қозғалыстың қажетіне жұмсапты. Қазақтың тұңғыш театрына елу жыл десек, сол елу жылдың алды тақыр емес, оның ілгергі, алғы тарихы бар. Бұрын маманданған өнері болмаса да, халықтың әр саладағы көркем өнерінде — театр элементтері бар болатын. Ол ақындар айтысы, билер сайысы, қыз бен жігіт айтысы, салттық өлеңдер, сан алуан халық ойындары. Сонымен бірге қазақтың бай ауыз әдебиеті, әсіресе эпостары драмалық сюжет пен элементтерге толы болатын. Осының бәрі жаңа оянып келе жатқан ұлттың жас интеллигенцияға қозғау салды да оқыған жастар кружоктар ашып, драмалық ойындар көрсете бастады. Бұл талпыныстар болашақ қазақ театрына әкелген соқпақтар еді. Қазақ театрының тұңғыш қадамының құтты болуына айрықша әсер еткен екі сәтті жағдайды атап өтпеске болмайды. Оның бірі қазақтың тұңғыш театры құрылмастан бұрын — қазақ әдебиетінде драмалық шығарманың тамаша сәтті үлгісі жасалды.Ол он жетінші жылы жазылып, күні бүгінге дейін сахнамыздан түспей келе жатқан М. Әуезовтің «Еңлік — Кебегі» болатын. Сөйтіп болашақ театрдың ұлттық драматургияның тамаша туындысы өмірге шақырып тұрды. Екіншіден — театрдың алғашқы қадамы сәтті құралды. Театрға кездейсоқ құмарпаздар емес, халық арасынан шынайы өнерпаздар іріктеп алынды. Әр саладағы өнер саңлақтары бір шаңырақтың астына жиналып, тұңғыш театрымызға айнымас халықтық сипат және алғашқы кезде аса қажет синтетикалық характер берді. Шынында да сол қазақ сахнасының шымылдығын алғаш ашқан адамдардың атын атап көрсек — мерейіміз өсіп, көкірегімізді зор мақтаныш кернейді. Асқақ әнші Әміре Қашаубаев, ерен жүйрік ақын Иса Байзақов, ұлы артистеріміз Қалибек Қуанышбаев пен Күләш Байсейітова, кешегі естен кетпес Құрманбек Жандарбеков пен Елубай Өмірзақов, бүгінгі Серке Қожамқұлов, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, қазақтың режиссері Жұмат Шанин. Осылардың әрқайсысы өміріміздің үлкен асуы болып алдымызда тұр. Театр шаңырағының астына алғаш жиналған осы ат төбеліндей азғантай топтың, бірақ әлі де асу бермес алып топтың ісі мен өнеріне ой жүгіртіп көрелікші. Ондағы рольдерде ойнап, сан алуан қайталанбас характерлер жасаған осы актерлердің бірінің жасаған образының біріне кішкентай да болса ұқсаған жерлерін көрген адам бар ма? Бұлардың әрқайсысы жеке-дара тұрған, театр өнерімізде өз алдына жеке дәуір болған суреткерлер. Бұлардың талант табиғаты да, актерлік мәнері де, мінез-құлқы, кісілік сипаты ерекше оқшау тұрған тұлғалар. Шынайы таланттың ілгерілерден ерек, кейінгілер қайталай алмас өз сипаты, табиғат тарту еткен дара бітімі болады. Олардың бір-біріне ұқсамасы қақ. Осы ірі тұлғалардың екі-ақ жерден бір-бірінен айнымас ұқсастығы бар. Соның бірі талант тереңдігі болса, екіншісі сол таланттың тамыры тереңде жатқан халықтық негізі. Серке Қожамқұлов өз тұстастарымен бірге біздің театрымызға терең тамырлы халықтық негіз, ұлттық сипат әкелді. Осы қасиет тұңғыш туған театрдың рухани саламаттығына, әр түрлі ағымдар сапырылысып, тез өзгеріп, құбылып тұрған жиырмасыншы ғасырда өзінің ұлттық, түр-негізін, халықтық қасиетін сақтап қалуына салмақты әсер етті.
Серке Қожамқұлов халқымыздың зор қатынасы десем асырып айтқан болмаспын. Ол біздің ұлттық мәдениетімізді байытқан кесек тұлға. Қазақтың ұлттық театрын жасауда, оны дамытуда Серке Қожамқұловтың орны ерекше. Шынайы шыншыл, асқан шебер суреткер өзінің саф таза өнерімен, өнеріне сай саф таза адамгершілігімен кейінгі ұрпаққа, бүкіл театр қауымына шапағатын тигізіп ілгері бастап келеді. Бүгінгі мерекелік күнінде ұлы шебердің алдында басымызды иіп, риза көңілден рақметімізді білдіріп, халқымыздың қуанышына, мәдениетіміздің мерейіне ұзақ жасап, шабытты еңбек етуін тілейміз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?