Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазақ тілі, 7 сынып, қалыптастырушы бағалау.
Қалыптастырушы бағалау
Оқу мақсаты: О2. Публицистикалық және ресми стиль ерекшеліктерін қолданылған тілдік құралдар арқылы тану.
Бағалау критерийі:
- Мәтіннің стильдік ерекшеліктерін анықтайды.
- Тілдік құралдарды ажыратады.
Дескрипторлар:
- Мәтіннен публицистикалық стильге тән дәлелдер келтіреді.
- Мәтіннен ресми стильге сәйкес келетін дәлелдер келтіреді.
Тапсырма.
Мәтіндерді оқып, кестені толтырыңыздар.
А мәтіні |
Ұлттар достастығы – ұлттық бірлік пен тәуелсіздігімізді нығайту кепілі Сыр өлкесі - атам заманнан сан ұлт өкілі бас қосқан, бақыт тапқан мекен. Жатсынуды білмейтін, қонағын құдайындай сыйлайтын сырбойылықтардың осы адами қасиеттері, бауырмалдығы, кеңпейілдігінің арқасында сан ұлттың сәні жарасып, тату-тәтті күй кешуде. Сондықтан да әрбір өзге ұлт өкілі Сыр елін құтты қоныс санайтыны белгілі. Мұрағат құжаттарын ақтара отырып, Сыр елі талай ұлтқа пана болғанына көзіміз жетеді. Сонау патшалық Ресейдің кезінде-ақ саяси сенімсіз адамдарды біздің территориямызға жер аударып отырған. Сол дәстүр Кеңес заманы кезінде де жалғасын тапқандай. Перовскіде 1919 жылы 318 шетелдік тұтқындар тұрған. Олардың негізгісі поляктар мен австро-немістер еді. Бұл халықтар әртүрлі өндіріс және мәдени орындарда қызмет етті. Австриялық офицер Станислав Людкеевич музыкадан дәріс оқыса, итальяндық Сибольди құрылысшы болған. Республикамызға 1937-1938 жылдары бірнеше ұлттың өкілдерін жер аударып, күштеп көшіріп әкеле бастаған. Алғашқы құрбандардың бірі Қиыр Шығысты мекендеген кәрістер болды. Осы бір еңбеккеш халық Орта Азия мен Қазақстанға еріксіз көшірілді. Тек қана 1937 жылы Қазақстанға 18 500-ге жуық кәріс отбасы жер аударылған. Қазақтар жаңа қоныстастарын жылы қабылдап, алдарына жер мен мал бөліп берді. Ал, облысқа келген кәрістердің арасында Қиыр Шығыстағы азамат соғысының ардагері, халық батыры Хон Бом До, Ге Бон У және басқа да ардагерлер мен еңбек адамдары баршылық. Қазіргі таңда Сыр өңіріндегі 11 ұлттық этномәдени орталық елдің дамуына өзіндік үлестерін қосып, бірлік пен өзара түсіністік жағдайында жақсы нәтижелерге жетуде. Бұл дегеніміз біздегі ұлттар мен ұлыстардың өзара татулығын білдіреді. |
В мәтіні |
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Қазақстан халқы Ассамблеясының құқықтық мәртебесі 1. Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – Ассамблея) – заңды тұлға түрінде құрылмайтын, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме. 2. Ассамблея өз қызметін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асырады. 3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары — облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдері жанындағы заңды тұлға құрылмай, қызметін Ассамблея үйлестіретін мекемелер. 2-бап. Қазақстан Республикасының Ассамблея туралы заңнамасы 1. Ассамблея туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады. 3-бап. Ассамблеяның мақсаты Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясымен біріктірілген қазақстандық азаматтық біртектілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. 4-бап. Ассамблеяның негізгі міндеттері Ассамблеяның негізгі міндеттері: 1) этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау; 2) «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде Қазақстан халқы бірлігін нығайту; 3) қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу; 4) азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қатысу; 5) Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету; 6) Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады. |
Екі мәтіннің ұқсастығы | |
Екі мәтіннің айырмашылығы | |
A Мәтіні | В Мәтіні |
Түрі (мақала, әңгіме, баяндама т.б) | |
Стилі | |
Көзделген аудитория (кімдерге арналғандығы) | |
| |
Тіл ерекшелігі | |
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?