Музыка өнері және қазақтың киелі домбырасы. Қазақ тілі, 7 сынып, дидактикалық материал. 8 сабақ.
А мәтіні
Домбыра пати — қазақтың ұлттық аспаптарын, соның ішінде жалпыхалықтық саз құралы ретінде домбыраны, ұлттық музыканы, ұмытыла бастаған игі дәстүрлерді қайтадан сәнге айналдыру және жалпы қазақшылықты насихаттау мақсатында туындаған флеш-моб форматындағы қозғалыс. Домбыра патилер, әдетте, аптаның белгіленген бір күнінде бұқара көп шоғырланатын қаланың қоғамдық орындарында, яғни, ашық аспан астында ұйымдастырылады. Шарада домбырада күйлер тартылады немесе аспап сүйемелдеуімен әндер шырқалады. Қозғалыстың ерекшеліктерінің бірі — аспаптарда тек өнер шеберлері немесе арнайы оқу бітірген мамандар ғана емес, сонымен қатар кез-келген адам ойнай алардай дәрежеге жеткізуге үлес қосу. Шараға тек домбырашылар ғана емес, өзге ұлттық аспаптарда ойнай алатын өнерпаздар және тыңдармен-көрермендер қатыса алады. Шара жайлы, қатысушыларды шақыру әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Домбыра пати- қазақ блогерлері мұрындығымен 2012 жылы туындаған қозғалыс. Шаралар тізбегі Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент, Қызылжар, Жаңаөзен, Орал сияқты Қазақстанның ірі қалаларында, Моңғолиядағы қазақ диаспорасы көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағында, сонымен қатар Ыстамбұл, Лондон сияқты әлем метрополияларында өткізіліп келеді. Домбыра Partyдің ресми басталған күні — 2012 жылдың16 тамызы. Сол күні Астана қаласының бір топ жастары,«КерекИнфо» сайтының қолданушылары: Аршат Оразов, Алдан Жылгелді, Нұрғиса Асылбеков, Маралбек Сағынғанов, Жанасыл Болатбек, Данияр Алан, Алмас Алтай және Нұрберген Мақым атты сегіз жігіттің бастауымен дүниеге келген бірегей жоба.
Дінмұхамед Зиядин, Kinostan.kz авторы:
— Домбыра Патиге рухани қорек алып, жақсы ән тыңдау үшін келемін. Мұндай шара белгілі бір стереотиптерді бұзады. Әдетте «домбыра», «терме», «күй» дегенде ойымызға бірден киіз үй, ішік, тымақ, саптама етік елестейді. Ал, шын мәнінде, домбыраны заманауи, модерн элементтерімен бірге қалыптастырудың маңызы жоғары.
Айдар аға, 55-те:
— Мен жай ғана өтіп бара жатып, ән салып жатқан жастарды көрдім де, домбыра тыңдау үшін тоқтай қалдым. Бәрібір де теледидардан көру бір бөлек, тірідей тыңдау бір бөлек екен. Күнделікті өмірде алаңда домбыра айтып жатқан жастарды бірінші рет көруім.
Тимур Бектұр, IT маманы, блогер:
— Шараның мақсаты- ұлттық аспабымызды пафостық деңгейде ұстағаннан гөрі, күнделікті өмірде кез келген қазақтың қолына алатын құралы ретінде көрсету. Тек қана үлкен сахналардан емес, қаламыздың алаңдарынан, көшелерінен домбыра дауысы естіліп жатса, бастапқы идея орындалды дер едік.
Назгүл Қожабекова, журналист:
— Мен бұл жаққа, ең алдымен, домбыра үнін шығару үшін ,одан соң сыртқа шықпай жатқан энергиямды ән арқылы тарқатып алу үшін келемін. Негізінде, келгенде маған ән айтуға кезек жетпей қалса екен деп тілеймін. Сол кезде нағыз Домбыра Патидің мақсаты орындалады деп ойлаймын.
https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%94%D0%BE%D0%BC%D0%B1%D1%8B%D1%80%D0%B0_Party
Ә мәтіні
Естемес күйге елігіп, өзге дүниені ұмытып кетті. Талайдан бері арқаны құрыстатып, кеудені кернеп, булықтырып жүрген нәрсе түйіні шешіліп, қыртысы таралып, жанын сергітіп, әсем сазды күй болып дүниеге келе жатыр. Сарылып іздегені оңай табылып, шиеленісіп қинағаны тез шешіліп, күйші көңілі де күй қанатына ілесіп алысқа самғады. Сәл иіліп, талдырмаш тұлғасы әсем майысқан қыз бұлдырап алыстап, биіктеп кетеді. Сонау көкжиектен, сағым арасынан сыңғырлап күліп, еліктіре шақырғандай болады. Күйші көңілі соған талпынады.
Естемес қиялынан сергіп, нарға қарады. Нардың тақырдай қатып қалған қайыс жоны жұмсарып, қан жүгіргендей. Денесіне тіршілік дірілі еніп, бір-екі рет қозғалып теңселгендей де болды. Жаңағы қадалған қырқадан басын бері бұрып, үлкен көзі жасқа толып, жаудырап тұр екен. Күйші осы кезде күй ырғағын баяулатып келіп, ақырын дірілдетіп көтерді де, ботадай боздатып жіберді. Анадан айырылған жас ботаның алғашқы зарлы үні үзіліп-үзіліп шығады. Аруана осы тұста бір ыңырай-ды. Естемес оны да домбыраның ішегіне іліп әкетті. Күйші көзі Жаңылға түсті… Қыз нардың емшегін қысып ұстап қатып қалыпты. « Апыр-ау, бұл неге саумай тұр», – деп ойлады Естемес. Нардың желіні тырсиып барады. Естемес қыздың әдейі саумай тұрғанын байқады. Кенет оған бір суық ой келіп, шошынып қалды. « Екі күйші өнерлеріңді бірдей салыңдар» деген қыз сөзінің астары енді ашылып, есіне қайта түсті. Дір етіп, бір шошынып қалған күй әлгі тапқан жайма–шуақ биігінен төмендеп, қайтадан мұңды сазға ауысып күңіреніп барады. Сәлден кейін жалт еткен арманынан айырылып қалғандай күй тағы бір талпынды. Естемес Жаңылға енді бір қарағанда, сығымдап қысқан сүйріктей ақ саусақтың арасынан шым-шымдап сүт тамып барады. Күйшінің де көзінен жас тамып кетті. « Заманым өткен екен ғой!» – деп аһ ұрып, жалт бұрылды да:
– Ар жағын сен тарт! – деп саңқ етіп, домбыраны Оразымбетке тастай берді.
Оразымбет домбыраны қағып алып, жалғастырып тарта жөнелгенде, нардың сүті де шелекке сауылдап құйыла берді.
Т.Ахтанов «Күй аңызы»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?