Көшпенділер мәдениеті. Қазақ тілі, 7 сынып, дидактикалық материал. 3 сабақ
Көшпенділер өркениеті
1-бөлік. Әрбір ұлттық мәдениет бос кеңістікте емес, адамдандырылған қоршаған ортада әрекет етеді. Мәдени кеңістік оқшау, мәңгіге берілген енші емес. Ол тарихи ағынның өрісі болып табылады. Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті — оның тылсымдық сипаты. Мысалы, «ата қоныс» ұғымы көпшелілер үшін қасиетті, ол өз жерінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға болмайтындығын мойындайды. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың әрбір жағрафиялық белгілері халық санасында киелі жерлер деп есептелінеді, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзен- көлдерден, аңғарлар мен төбелерден, аруақтар жататын молалардан т.б. тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырылған.
Белгілі бір парасаттылық, ізгілік, ұстамдылық, интуициялық жоғары қабілеттері жоқ адамдар қатал далада өмір сүре алмас еді. Кеңістікке үйлесімді мәдениетте адам мен табиғаттың арасында «қытай қорғаны» тұрған жоқ. Керісінше, мәдениет олардың арасындағы нәзік үндестікті (гармонияны) білдіретін дәнекер қызметін атқарады. Қазақтың төл мәдениетінде экологиялық мәселе әдептіліктік жүйесіндігі обал және сауап деген ұғымдармен тікелей байланыстырылды. Табиғат аясындағы мәдениетті қатып-сеніп қалған, өзгеріссіз әлем дейтін пікірлер де әдебиетте жиі кездеседі. Алайда, бұл осы мәдениетке тынымсыз қозғалыс тән екендігін аңғармаудан туады. Шексіз далада бір орында тоқталып қалу көшпелілік тіршілікке сәйкес келмейді. Ол мезгілдік, вегитациялық заңдылықтарға бағынып, қозғалыс шеңберінен шықпайды. Әрине бүл қозғалыс негізінен қайталанбалы, тұрақты сипатта болады. Қуаң даланы игеру табиғатты өзгертуге емес, қайта оның ажырамас бір бөлігіне айналуға бағытталған. Яғни, адам табиғат құбылыстарына тәуелді болып қалады.
2-бөлік. Енді қарастырып отырған өркениеттің кеңістікті игеру құралдарына тоқталып өтейік. Бұл жерде ең алдымен көшпелілер өміріндегі жылқының ерекше бір қызметіне назар аударған жөн. Жылқыны адам еркіне көндіру арқылы адамзат кеңістікті меңгеру ісінде үлкен қадам жасады. К.Ясперстің пікірі бойынша, тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасаумен, жазудың ашылуымен, этностардың пайда болуымен қатар жылқыны пайдалана білу адамзат үшін өте маңызды болды. Жылқыны пайдалана білу шектелген кеңістіктен бүкіл әлемді игеруге бағытталған қадам еді. Бұл әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді. Әрине, бұл сұхбаттасу көптеген жағдайда зорлық-зомбылық арқылы жүзеге асқанын ұмытпаған да жөн. Сонау көне заманнан халықтар солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай (немесе керісінше) қозғалыста болған. Белгілі болжам шумерліктердің Қосөзен аңғарына Орталық Азиядан келгенін, үндігерман тайпаларының оңтүстікке жылжып, Үндістан, Иран, Грекияға енгенін, түрік тайпаларының Кіші Азияны жаулап алғанын көрсетеді. Қытай империясы мен Үндіге көшпенді түрік-моңғол тайпалары ылғи қысым жасап отырған.
3-бөлік. Атқа мінген адам жерден өзінің босай бастағанын, еріктілік мүмкіндіктерінің молайғанын және ғарышқа жақындай түскенін сезінеді. Жер-Ана оны қаншама босатқысы келмесе де, ол шексіз әлемге өзінің қадамын нық басады. Халық дәстүрінде де тәй- тәй қадам басқан нәрестенің тұсауын кеседі.
Кеңістікті игеруге көшпелілер үшін жылқыдан басқа да себебін тигізген қолға үйретілген жануарлар болған. Себебі далада тек малшылар мен үй малдарынан басқа да тіршілік иелері бар. Олардың ішінде иттің алатын орны бөлек. Қазақ «ит — жеті қазынаның бірі» деп бекерден-бекер айтпаған. Егер қой мен сиырдың өнімдерін қажеттікке жарату үшін оларды бағу жеткілікті болса, онда ит пен жылқыны баулу, үйрету керек. Бұл үлкен шеберлік пен төзімділікті талап етті. Тек сол жағдайда олар адамның көмекшілеріне айнала алады. Кейін осман түріктері бұл тәжірибені өз империясындағы халықтарды ұстап тұруға пайдаланды.
Шексіз даланы игеру оны жай ғана кеңістік, жазықтық деп түсінбей, осы даланы тұтас бір континиум ретінде бағалаумен қатысты. XX ғасырда қалыптасқан этникалық аумақтар мен жағрафиялық ұғымдардың және көшпелілер өркениеті шарықтап тұрған кездегі ата-мекен түсінігінің арасында үлкен айырмашылық бар. Қазақ және басқа да түрік халықтарының мәдени мұраларынан бүкіл еуразиялық Ұлы даланың түріктердің ата қонысы деп есептелінетінін байқаймыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?