Ақтан Керейұлы (Жайық деген жанды су)

 Ақтан Керейұлы (Жайық деген жанды су)

Жайық деген жанды су,
Көзі қара қанды су.
Біздің жүрген жеріміз
Күнде базар, күнде су.
Мен сүргіннің сойымын,
Арқалы жерде шапқандай.
Ойпаң жерде сортақ бар,
Жабыдан туған қорқақ бар.
«Сөйле!» десең, жыршыңыз
Алдарында жортақтар.
Туған айға ат берген.
Ақ қағазға хат берген.
Екі ерін, тіл, таңдай.
Сөйлесін деп жақ берген.
Шықпай отыр домбырам,
Сырылдап мұның қақпағы.
Айтқан сөзге түсінбес
Адамның мисыз ақымағы.
Домбырам отыр қағылып,
Он екі перне, екі ішек
Бауырына тағылып,
Қоянға қосқан тазыдай
Бүктетіліп жазылып.
Тыңдасаңыз сөзімді
Осы араға келгенің,
Әдептен құр қалмассың
Үлкенге сәлем бергенің.
Түрлі - түрлі өлең бар,
Айта берсек, өнер бар.
Түсінетін адамға
Ретін айттым терменің.
Ұядағы балапан
Ұшатын күні болғанда,
Қанаты әбден толғанда,
Істейді о да көргенін.
Жолдас болсаң жақсымен,
Дұшпаныңды жеңгенің.
Адамдықтың белгісі -
Біріңе бірің сенгенің.
Құлағынды сал, жігіттер,
Жарлымын деп мұғайма,
Жеті мүшең сау болса,
Құдайдың сол бергені.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!