Қазақ күресі. Қазақ тілі, 6 сынып, қосымша материал. 10 сабақ


"Қазақстан барысы-2018"

 Өткен жылы "Қазақстан барысы" атанған Еламан Ерғалиев биыл чемпиондық атағын қорғай алмады. Балуан ширек финалда "Әскер барысы" Ерасыл Қажыбаевтан жеңілді. Балуандар тең түсіп, белдесуде Еламанның қолы белбеуден босап, жарысты аяқтады. Естеріңізде болса, Еламан да өткен жылы "Әскер барысы" атанып барып, "Қазақстан барысында" бақ сынаған еді.

 Жартылай финалда Ерасыл Қажыбаев Түркістан облысынан келген балуан Ерсұлтан Мұзаппаровпен белдесті. Бірден ұпай алып, шабуылда ширақтық танытты. Әйткенмен екі балуанның салмағы бірдей емес. Ерасыл – биылғы балуандар бәсекесіне қатысушылар арасындағы ең ауыр салмақты спортшы. Ерсұлтаннан 60 кг-ға ауыр болды. Дегенмен жекпе-жек соңында Түркістан облысынан келген балуан намысты қолдан бермеуге тырысты. Үстін-үстін әдіс жасап, ұпай алғанмен, алып қарсыласынан айласын асыра алмады.

 Жартылай финалдағы Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеев арасындағы белдесу аса тартысты өтті. Жанкүйерлердің ықыласына бөленіп, қос балуанның әдіс-айлалары ерекше болды. Белдесудің соңында Ержан ұтылып тұрып, шығысқазақстандық балуанды өз әдісіне түсірді. Нәтижесінде финалға жолдама алды.

 Қола белбеу үшін өткен белдесуде Ерсұлтан Мұзаппаровтың Айбек Нұғымаровқа шамасы жетпеді. Төрт дүркін Әлем чемпионы (2010, 2013, 2014, 2016), Үш дүркін Азия чемпионы (2008, 2009, 2014), "Әлем Барысы" абсолюттік әлем чемпионатының жеңімпазы (2017) және күміс жүлдегері (2014), "Қазақстан Барысы" турнирінің жеңімпазы (2013) және қола жүлдегері (2012, 2017), Екі дүркін Әлем Кубогының иегері (2011, 2017), ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, "Еуразия Барысы" халықаралық турнирінің жеңімпазы (2015, 2016, 2017) атағына ие шығысқазақстандық балуан айқын басымдығын танытты. Салмағы да, тәжірибесі де мол екені байқалды. Ал Ерсұлтанның жеңіске деген жігері жанкүйерлерді шын қуантты. Айрықша белдесулері үшін автокөлік мінді.

 Биылғы "Қазақстан барысына" алып балуандар шықты. Ерасыл Қажыбаевтың салмағы 151 кг (ең ауыр балуан) болса, Ержан салмақ өлшеу рәсімінде қарсыласынан 20 кг жеңіл шыққан болатын.

 Финалдық белдесуді Ержан Шынкеев ширақ бастады. Бүк ұпайын алып, оны жамбас ұпайына айналдыра білді. Ал Ерасыл жарақаты барын аңғартып, ауырсына жүріп белдесті. Ержан шеберлігін танытып, алғаш рет Қазақстан барысы атанды. Ал алғаш рет Қазақстан барысына қатысқан Ерасыл Қажыбаев күміс белбеу иегері атанды.

 Қарағанды облысының балуаны Ержан Шынкеев бесінші рет қатысқан "Қазақстан барысында" топ жарды. 2013 жылы финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде Айбекке жол берген еді. Биыл Ержанның бағы жанды. Қазақстан барысы атанды! Балуанды жеңісімен құттықтаймыз!

 "Биылғы балуандар бәсекесінде жеңіске жетсем деп келдім. Әр балуанға жеке-жек дайындалып келдім. Айбектен бірнеше рет жеңілдім. Осы жолы есе жібермеуге бекініп келдім. Жеңісімді еліміздің тәуелсіздігіне, Астана қаласының 20 жылдығына арнаймын", - деді балуан.

 Жеңімпаз атанған Ержан 25 миллион теңге сыйақы иеленді. Ал оның жаттықтырушысына 3,5 млн теңге тапсырылды. Сондай-ақ алтын белбеу мен алтыннан құйылған "тайтұяққа" ие болды.

 https://kaz.nur.kz/1739999-karagandylyk-baluan-erzan-synkeev-kazakstan-barysy-2018-atandy.html

Қазақ барысы

 Астананың 20 жылдық мерейтойына орай спортсүйер қауымға үлкен тарту жасалды. Елорда төріндегі «Барыс Арена» спорт кешенінде Тұңғыш Президенттің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2018» республикалық додасы өтті. Бұл тарту терең рухани мағынаға ие және ол ұлттың мәдени құндылықтарының бір ұстыны болып есептеледі. Айта кету керек, тәуелсіздікке қол жеткелі бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендікті баянды, мемлекеттілікті мәңгілік етумен қатар, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруына үлкен көңіл бөліп келеді. «Қазақстан барысы» турнирі де осы бағыттағы іс-шаралардың ірісі әрі бірегейі болып отыр. Бұл ретте 2016 жылы күрес ЮНЕСКО-ның жаһандық «Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне» енді және «Наурыз, навруз, науруз» сияқты, куреш, кураш, куряш, корэш болып, көп ұлт атынан емес, тек Қазақстанның атынан «Қазақ күресі» ұлттық номинациясы ретінде қабылданды. Ендігі жерде қазақша күрес тек біздің еліміздің ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани мұрасы саналады. Осыны дәлелдейтін ЮНЕСКО-ның арнайы сертификаты қазіргі кезде елордадағы Ұлттық музейде сақтаулы. Астананың 20 жылдық мерейтойына арналып, сегізінші рет өткізілген «Қазақстан барысы – 2018» аламан додасының бірнеше жаңалығы болды. Биылдан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысының қос балуаны Түркістан облысының атынан өнер көрсетуге көшті. Оның сыртында енді республикалық маңыздағы үшінші қала ретінде өз алдына отау тіккен Шымкент қаласының намысын өз палуандары қорғады. Нәтижесінде, сом білектілер сайысында 14 облыстан, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 37 үздік палуан бақ сынады. Осы орайда Астанадағы «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында өткен салмақ өлшеу рәсімінің қорытындысында ең ауыр түйе балуандардың ондығы анықталған болатын. Олардың қатарында Ерасыл Қажыбаев (151 келі), Еламан Ерғалиев (145 келі), Айбек Нұғымаров (142 келі), Ержан Дүйсенбеков (141 келі), Ұлан Рысқұл (137 келі), Дәурен Нұралинов (135 келі), Күнәлем Ержанов (134 келі), Бибарыс Әбдіғани (133 келі), Ержан Шынкеев (131 келі) және Айтуар Абдулов (130 келі) болды. Ақыр соңында, Қарағанды облысының өрені, «Көк бөрі керней» атты лақап аты бар Ержан Шынкеев осы топтың басында тұрған ең салмақты палуан, «Әскер барысы» атағына ие Ерасыл Қажыбаевты қапы қалдырды. Ерасылдың да биыл «Қазақстан барысы» атанып, ширек ғасырлық мерейтойын атап өткен еліміздің Қарулы Күштерінің мерейін үстем етуге барлық мүмкіндігі болды. Алайда ақтық сынға ең ауыр балуанның өте шаршап шыққаны және өзін нашар сезінгені байқалды. Ол ақсай басып жүріп, арпалысты. Оның үстіне боз кілемде белдесу кезінде «Әскер барысы» жарақат алып, медициналық бригаданың көмегіне жүгінді. Бірақ қарсыластар ұзақ уақыт бойы бірін бірі ала алмады. Ақырында Шынкеев ұпай саны бойынша (жамбас ұпаймен) жеңімпаз атанды. Осылайша, отыз үш жастағы Ержан бес жыл бұрынғы ірі жетістігін жақсартып, қарсылас шақ келтірмей, бұл жолы чемпиондық атаққа қол жеткізді. 2013 жылы ол финалда Айбекке жол беріп, «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдесін ғана қанжығалаған болатын. Ұлттық құраманың экс-дзюдошысы Е.Шынкеевтің спорттық атағы мен жетістіктеріне келсек, ол 2009 жылы студенттердің жазғы Универсиадасының және 2011 жылғы Әлем кубогының, сондай-ақ 2011 жылғы Әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері, Азия чемпионатының дзюдо бойынша төрт мәрте қола жүлдегері (2011, 2013, 2015, 2016 жылдар), әлемдік Гран-при кезеңдерінің 2013 жылғы күміс және 2017 жылғы қола жүлдегері, 2016 жылғы әлемдік Гран-при кезеңінің жеңімпазы. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына, 2014 жылғы Азия ойындарына және бес Әлем чемпионатына қатысқан (2010, 2011, 2013, 2015, 2017 жылдар). Қазақ күресінен жетістіктері мынадай: Қазақстанның спорт шебері, Қазақстан чемпионы, Қазақстан чемпионаттың күміс жүлдегері (2017), (2013), Alem Barysy қола жүлдегері (2017). Жалпы, «Қазақстан барысы» республикалық турниріне ол бес рет: 2012, 2013, 2015, 2017, 2018 жылдары қатысқан. Соңғысында Ержанның аты қазақ күресінің «даңқ мұражайына» еніп отыр. «Қазақстан барысы – 2018» жеңімпазына 25 миллион теңге ақшалай жүлде, алтын белбеу және алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табыс етілді. Бапкері Талғат Байшолақов 3 500 000 теңге жүлдемен марапатталды. «Қазақстан барысында» әр жылда жеңіс тұғырына көтерілгендер мен жүлде алғандар тізімін де келтіре кеткеніміз жөн: 2011 жыл: 1-орын – Ұлан Рысқұл (Қызылорда облысы атынан), 2-орын – Бейбіт Ыстыбаев, 3-орын – Шалқар Жоламанов; 2012 жыл: 1-орын – Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы), 2-орын – Шалқар Жоламанов, 3-орын – Айбек Нұғымаров; 2013 жыл: 1-орын – Айбек Нұғымаров (ШҚО), 2-орын – Ержан Шынкеев, 3-ші орын – Жұманазар Ерсұлтанов; 2014 жыл: 1-орын – Мұхит Тұрсынов (ШҚО), 2-орын – Асыл Бәрменов, 3-орын – Руслан Әбдіразақов; 2015 жыл: 1-орын – Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы), 2-орын – Руслан Әбдіразақов, 3-орын – Ғани Сейділдаев; 2016 жыл: 1-орын – Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы), 2-орын – Жұманазар Ерсұлтанов, 3-орын – Айбол Айтбек; 2017 жыл: 1-орын – Еламан Ерғалиев (Қызылорда облысы), 2-орын – Ұлан Рысқұл, 3-орын – Айбек Нұғымаров. Биылғы VIII «Қазақстан барысының» екінші тұғырына «Әскер барысы» ретінде боз кілемге шыққан, шығысқазақстандық балуан Ерасыл Қажыбаев көтеріліп, күміс белбеу тақты. Ол осынау қазақ күресінен аламанға алғаш рет қатысып отыр. Екінші орынның ақшалай жүлдесі 5 500 000 теңгені құрады. Ал бапкеріне 1 800 000 теңге берілді. Айтқандай, Ерасыл ширек финалда өткен жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиевті жығып, бас жүлдеге жеткізбей тоқтатты. Ширек финалда, негізгі уақытта балуандар бірін-бірі ала алмаған, содан кейінгі белдесуде Еламанның қолы бірінші болып, қарсыласының белбеуден босап кетті де, чемпиондық атағын ары қарай қорғай алмай, жарысты аяқтады. 2013 жылғы «Қазақстан барысы», Шығыс Қазақстанның тағы бір сом білек ұланы Айбек Нұғымаровқа осымен үшінші рет үшінші орын бұйырды. Күміс жүлде үшін күресте оның жолы Түркістан облысы атынан жарыс жолына шыққан Ерсұлтан Мұзаппаровпен түйісті. 142 келі тартатын Айбек 90 келілік қана салмағы бар Ерсұлтаннан айласын асырып, ұпай саны бойынша жеңді. Сөйтіп, А.Нұғымаров 1 800 000 теңге жүлдені, ал бапкері 900 000 теңгені иеленді. Жаңадан құрылған Түркістан облысы үмітін үкілеп жіберген, ең жеңіл балуандардың бірі Ерсұлтан Мұзаппаров алып қарсыластарынан еш ықпай, барлық жекпе-жектерінде қажырлы күресті, ширақ шабуылдады, ұдайы әдістердің әртүрлі сериясын ұсынуға тырысты. Сонысымен де көрермендердің көзайымына айналып, жанкүйерлердің қолдауына бөленіп, жарыс соңында автокөлік мінді. Мұның сыртында осы жылы да дәстүр бойынша әр белдесуде жеңіске жеткен барлық палуандарға 100 000 теңгеден сыйақы беріліп отырды. Марапаттау салтанатынан кейін Ержан Шынкеев журналистермен сұхбаттасып, қуанышын жасырмады. «Мұнда барлығы жеңемін деп келеді, мен де әу бастан жеңісті қанжығаласам деп армандайтынмын. Және сол үшін дайындалдым. Жыл сайын өзімді жеңіске қайрап, есе жібермеуге бекініп келетінмін. Бүгін бағым мен бабымның қатар шапқанына куә болып отырсыздар. Бұл жолы бұрындары алдымды орап жүргендердің барлығын жеңіп шықтым. Өзімнен де ауыр Айбек Нұғымаровпен және Ерасыл Қажыбаевпен белдесу шешуші болды. Қазір бақыттан шабытым тасып тұрған жайым бар. Барлықтарыңызға ризашылығымды білдіргім келеді» деген «Қазақстан барысы – 2018» жеңімпазы Жаратқан Иеге тәубасын айтты. Ол жеңісін Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арнайтынын мәлімдеді. Қазақ күресін насихаттау ісі бұдан ары жалғасады. «Қазақстан барысы» қорының төрағасы Арман Шораев таяу уақытта қазақ күресінен Каспий теңізі жағалауындағы елдер арасында бөлек турнир ұйымдастыруды жоспарлап жатқандарын айтады. Қазақстан, Иран, Әзірбайжан, Түркіменстан және Ресей елдері қатысатын байрақты бәсеке «Каспий барысы» деп аталуы ықтимал.https://aikyn.kz/2018/07/03/58749.html



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу