Фариза Оңғарсынова (Мына Жердің күшін-ай)

 Фариза Оңғарсынова (Мына Жердің күшін-ай)

Мына Жердің күшін-ай!
Әулие екен Ньютон дегендерің.
Тартылыстар талқысын жеңем дедім,
жердегінің бәрінен жырақ кетіп,
отауына аспанның енем дедім.
Енем дедім биіктік әлеміне.
Құпиялар сырына жетем дедім,
кезем дедім жан, жүрек мекендерін.
Өз жанымның сырларын аша алмасам,
ғұмырым да жердегі бекер менің!
Кешкім келген тұп-тұнық нұрды кілең,
мөлдірлік деп мен жалғыз Күнді білем.
Шарттылықтар заңымен сыйыса алмай,
қағидалар қамалын сындырып ем,
бірақ мені бәрібір Жер өзінің
арқандады ғашықтық шылбырымен.
Қасиеттер қалмаған сыйынғандай
жерде өмір сүру де қиын қандай!
Рахатқа бату да мүмкін емес,
күн жайлаған межелі қиырды алмай.
Өтсем деп ем сананың саясында
жақсы көрмей, жек көрмей, күйіп-жанбай.
Шарасыздан шаршаған дертті жаным,
тоздыруға шақ жүрмін кек қынабын.
Жерде ғұмыр кешуің қиын кейде
көріп тұрып арсыз бен епті барын.
Бірақ тағы ғашық боп тұрмын бүгін -
жердің балдай азабын шекті жаным,
көтеріле беріп ем, мен бәрібір
қара жерге қайтадан кеп құладым!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?