Фариза Оңғарсынова (Мен сізді ұнатамын)

 Фариза Оңғарсынова (Мен сізді ұнатамын)

Мен сізді ұнатамын.
Сізді ойлаумен атады бұл ала таңым.
Жалғыз арман жанымды жайлап алып,
сенделемін, үмітпен бүр атамын.
Түк еместей әлемдік айыптаулар,
не ұмтылған асқарым - жыр, атағым.
Мүмкін ессіз осы бір сезіміммен
біреулерді өксітіп жылатарым,
не өзімді даңқтың тұғырынан
мүмкін тіпті біржола құлатарым.
Жанса бағым,
бәріне де дайынмын - қарсы аламын,
қарсы аламын үзіліп қалса да әнім -
біреулердің қүңкілін, жазғыруын,
мысқылы мен өсегін - баршаларын.
Соның бәрі тұрмайды жалғыз ғана
сәтімізге қауышар, аңсағаным,
бірге жұтар ләззатты таң самалын.
Жырлап өтем,
белді будым алдағы сынға бекем,
арпалысам, асудан-мұңнан өтем.
Сізге жетер жолымда кешем бәрін.
мені тоқтата алмайды тұлға бөтен.
Арпалыссыз, армансыз, мұңсыз күндер -
жайбарақат тірліктің құндағы екен.
Соның бәрін, бәрін де сезімімнің,
сезіміңнің жолында құрбан етем!
Майраның болыс жездесіне айтқаны
Байлығың басқа шапқанмен,
ауылыңда толған аш-арық.
Әкімдер келсе басқа елден,
шығасың жайнап жасарып.
көрсетіп малды мыңғырған,
көкорай шалғын жайлауды...
Сақтайтын ажал-қырғыннан
алдыңда малың айдаулы.
Мақтанып маңғаз тұрғанда
ұқсамай жанға түрің жай,
аспаннан түскен бұл маңға
Құдайдың жалғыз ұлындай.
Мінгіздің жүйрік Тарланды,
шапан да жаптың, бөстің кеп,
алдына салдың сан малды,
"мырза" деп мақтап кетсін деп.
Жүрерсің баста бақ барда
сыбаға-сыйдан қүр қалмай,
байлықты шаштың жаттарға,
жетісіп жұртың тұрғандай.
Келгенмен бөсіп жан-жақтан,
байлықты берген басқа ма?
Шөбіңді шауып, мал баққан
байлығың - мынау жас бала!
Мырзалық жанға жарасар,
жатпаса жұртың таланып.
Байлығың - анау қара шал
жағасы жыртық, жаны арық.
Байлығың, шенің - жел, елес,
мінгенмен таңдап жорғасын.
Малыңды сыйлар, сені емес,
қадірсіз болса өз басың.
Қабағын түйме неге деп,
шындығын айтқан сөз - жебе.
Балдыз боп жүріп не керек,
сын айта алмаса жездеге!
Майрадан басқа
болысқа
сөз айтар кім бар бұл елде!
Мырзасып бөтен қонысқа
мені де беріп жіберме!
Ағаларына өкпелеп айтқаны
Қыз етіп құрсағынан тапса да анам,
ешқашан жанарымды жасқамаған.
Ал сендер ала көзбен атасыңдар,
мен бейне туғандай-ақ басқа анадан.
Тағдырдан талант бер деп сұрамадым,
жаулады ел жүрегін бұлақ-әнім.
Халқымның кәрі-жасы қадірледі -
осы ма маған тағар кінәларың?
Ел сүйіп, ақ сезімін маған жайды,
біреуге соның өзі салар қайғы.
Халықтың махаббатын, мойындауын
Құдай да пұлға сатып ала алмайды.
От мінез. Жанар найза. Жалын ішім.
¥шқын-ән талайларды қарыды шын.
Еркіндік, еркелікті кешірді елім,
ажарым үшін емес, үнім үшін!
Ойламай өстім шекпен-тұлып қамын,
жақпайды сендерге еркін қылықтарым.
Жұртқа арман қайран басым сендер үшін
ұяда жарылған бір жұмыртқамын.
Күн туар, атар алдан таңдар жаңа,
жылыстар, жалған байлық, жалған дана.
Күні өткен жылап, күліп Майра қызға
ән-жырын арнар бала, арнар дала.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі