Ұлттар арасындағы достық неден басталады? М. Мағауин «Бір атаның балалары» (үзінді). Қазақ тілі (орыс сыныбы), 5 сынып, дидактикалық материал.
Дидактикалық материал
Ауыл балаларымен кездесу үнемі дәл осындай түсініскен достық жағдайда өте бермейтін. Әсіресе ересектерімен. Алғашында өзенді бойлай тығылып кеп, сыртта ойнап жүрген Зигфридті жылқының кепкен тезегімен атқыласты. Сиыр сауып отырған апасы орнынан тұрғанша, талдың арасына еніп, зым-зия болды. Келесі жолы үй маңынан ұзаңқырап кеткенінде айтақтап күшік қосты. Енді бірде шомылып жатқан үстіне бара қалса, ұстап, ап, бет-аузына қан-қара етіп батпақ жағып қоя беріпті. Зигфрид екі көзі ғана жылтырап, үйге бақырып келгенде Ахаң қатты ашуланды. Атына мінді де, Зигфридті сол балшық-балшық күйі алдына өңгеріп ап, су басына шауып жетіп келді. Неміс баласы біреуді ертіп әкеледі деп ойламаған, ойласа да атпен, әрі мұнша тез келеді деп күтпеген ауыл балалары тегіс тыр жалаңаш таяз суды шалпылдатып, мәре-сәре болып жатыр екен, тым-тырақай қашты. Бірақ киімдері жағада қалған, ұзай алмай, арғы қабақтағы талдардың арасына тығылды. Ашулы ақсақал өзеннен өтсе, одан да әрі қашуға ыңғайланып, су-су шаштары үрпиіп, жылт-жылт сығаласып тұр.
- Әй, өңшең қара сирақ! – деді Ахаң айғайлап. – Сендер кім деп жүрсіңдер! Мынау
менің балам. Нарымбеттің інісі. – Ересектеу екі-үш баланың атын атап шақырды. – Мына Зекеннің бетінің балшығын жуыңдар. Суға малтытып үйретіңдер. – Сөзіне жауап күтпестен Зигфридті жерге түсірді. – Бар, ойна. – Атының басын бұрды да, артына қарайламастан аяңдап жүре берді.
Сол күннен бастап Зигфридті ешкім сыртқа теппейтін болды. Өзі де ойынға тоймайтын бала екен. Таңертеңнен кешке дейін өзен бойында жүреді. Балалармен бірге
у-шу боп суға түседі. Құмнан қорған соғады, балшықтан үй қалайды. Жапырақ желкен керіп, қамыстан қайық жасайды. Тас лақтырып қаймақ жалатады. Өтірік малтып, қақ ойнайды. Ақыры кешке үлкен жұмыс басынан келгендей, шаршап жығылады. Таң ата тағы кетеді.
Үш-төрт аптаның ішінде аяғын күс басқан қара сирақ қара торы бала болды да шықты. Шашы ұстарамен алынған тақыр басы да қарақұйқа. Бірақ түр-тұлғасы әлі де бөлек. Тұнық көкпеңбек көзі, ақшыл сары кірпігі мен қасының өзінен бұл баланың бөтен нәсіл екені айқын танылатын. Әйткенмен, бұған жұрттың көзі үйреніп қалған еді. Көп ішінде бұрынғыдай андағайлап тұрмайтын сияқты. Тілі де біршама бастыққан.
Балалардың арасынан жақын достар ғана емес, алты атадан, жеті атадан табысатын қандас туыстар да табылды. Ес білетін ересектерді, тіпті, Нарымбет ағаға тартқан деседі. Ахаңның үлкен ұлы Келімбет соғыста неміс әйелін алыпты, содан қалған бала екен деп те соғушылар болды. Әйтеуір көп ұзамай Зигфрид балалар мемлекетінің тең мәртебелі, хан сайлауға, «Айгөлек» ойнауға, алысуға, күресуге толық хақысы бар қатардағы азаматы боп шықты. Басқа балалармен қол ұстаса тұрып: «... пәленнің қу басы керек» - деп қыза айғайлайтын, иық тірестіре отырып «Хан жаман» деп еркін сөйлейтін дәрежеге жетті.
Сөздік: Қамқорлық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдылық, бауырына басу, нәсіл, өзге ұлт өкілі, құрметтеу, сыйлау, таныту, достасу. |
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?