Жан-жануарлар атаулары

Жан-жануарлар атаулары

Жануарлардың көне атаулары

Жануарлардың көне атаулары — жануарлардың сирек қолданылатын не ұмытылған атаулары. Қазақ халқының көшпелі өмір салты сан ғасырлар бойы табиғатпен етене танысуына мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде жабайы жануарлардың тіршілік тынысын, олардың бір-бірінен айырмашылығын, мекен орнын, пайдасы мен зиянын ажырата білді. “Түз тағысы табиғатпен тілдес” екендігін айқын аңғарып, олардың аталық, аналық және ұрпақтарын жеке атаумен атап, әрқайсысына ерекше мән берген. Кейбір жануарларды киелі, қасиетті деп санаған, немесе кесірі тиеді, не киесі ұрады деп есептеген. Мыс., жыланды — қыбыр, ұзынқұрт, түймебас, т.б. деп, ал қасқырды — итқұс, бөрі, ұлыма, т.б. деп атаған. Ежелден қазақ аңшылары мен саяткерлері арасында аңдар төлдеген кезде, құстар жұмыртқалап жатқанда, балықтар уылдырық шашқанда оларды ауламайтын салт-дәстүр қалыптасқан. Мұның өзі түз тағыларына деген үлкен қамқорлықты көрсетеді. Жабайы жануарларды кең байтақ еліміздің әрбір облыстарында жергілікті атаумен атай беру де кездеседі. Мыс., аққуды — ақ шандоз, жираф — керік, мысықтың баласы — шаған, т.б. Бұдан 5 ғ. бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты шығармасында кездесетін жануар атаулары да қазіргіден өзгеше. Мыс., тышқан — сумақы, сиыр — маңғаз, барыс — айбар, жылқы — тұлпар, т.б. Қазіргі кезде жануарлардың көне атаулары мүлде ұмытыла бастаған (мыс., жұпар жылан, таутайлақ, маңқұс, құртқа, мәлике, т.б.). Жануарлардың көне атаулары ұлттық фольклорда, ауыз әдебиетінде, мақал-мәтелдерде жақсы сақталған. Мыс., “Борақты ұрсаң тұмсықтан, тез өледі шымшықтан”, “Таутанның алма аланын, кесіріне жолығарсың балаңның”, т.б. Мұндай ұмытылған атауларды пайдалану — тіл байлығымызды молайта түспек.

Жалпы атауы Аталық Енелік Төл
Түйе Бура Інген Бота, ботақан, тайлақ, көшек
Жылқы Айғыр Бие Құлын, жабағы
Сиыр Бұқа Сиыр Бұзау, арда, баспақ, тана 
Қой Қошқар Қой, саулық Қозы, қошақан, көпей, көрпеш, көбеген
Құдыр Теке Ешкі Лақ
Ешкі Теке Ешкі Лақ, бөрте
Құлан Айғыр Қашыр Қодық
Есек Әңгі Қашыр, мәші Қодық, көдек, тайқар, күре
Арқар Құлжа Арқар Қозықа
Елік Күлміз Сөге Еңлік, лақ
Тауешкі Таутеке Тауешкі Лақ, таулақ, жусақ
Бұғы Бұғы, сұғын Марал, миғақ Қодыға, бұғышақ, пәйке, пәйкел
Ақбөкен Сайғақ, құлтеке Ақбөкен Құралай, қорықпас
Бұлан Қодыға   Бұзау
Арыстан Ызақор Қаншыр Абадан
Жолбарыс Жолбарыс Өлекшін Теңбілше, шөнжік, сарымақ
Барыс Барыс Таутан Алан
Аю Мақат Кірекей Қонжық, апанақ
Сілеусін Сілеусін Ілбиін, ілбісін Інсін
Қасқыр Көкжал, арлан Құртқа, қаншық Бөлтірік, көксерек
Ит Төбет, бәйтөбет Қаншық Күшік, итақай
Түлкі Түлкі Жәутік, мыржық Жаутаң, мыртот, түлкішек
Борсық Борақ Борсық Әзборақ
Мысық Күбік Мырсын Соқыр, мәулен,марғау, безек 
Суыр   Суыр Мөндік
Доңыз Қабан Мегежін Торай
Жылан Жыланбаб Мәлике Жіптей, иірше
Құндыз Құндыз Құндызша Құнай
Құну (Сусарғаұқсас аң) Құну Құнуша Құнай
Аққу Сахар Қу Көгілдір
Қаз Атақаз Енеқаз Балапан, балақаз
Тауық Әтеш, қораз Мекиен Шіби, шөже
Бүркіт Шәулі Ұябасар Ақүрпек, тірнек

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі