Қыс. Қар қалай пайда болады? Қазақ тілі (орыс сыныбы), 4 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
4-сынып
5-бөлім. Табиғат құбылыстары
1-сабақ. Қыс. Қар қалай пайда болады?
Бұл сабақта оқу мақсаттарына сәйкес оқушылардың тыңдалым дағдысы дамытылып, тыңдалым материалы бойынша қойылған сұрақтарға жауап беру және оның түйінді тұстарын анықтай білуге үйрету көзделеді. Тыңдалған мәтіннің мазмұнын түсініп, сұрақтарға жауап берулері бағаланады. Сондай-ақ оқушылар негізгі лексикалық минимуммен қатар бірнеше пассив сөздердің мағынасын меңгеріп, қолданады.
Грамматикалық минимум ретінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, сөз тіркестерін құру қарастырылады.
Барлығы: мұғалімнің көмегімен бейнематериалдың мазмұнын түсініп, сұрақтарға жауап береді, түйінді тұстарын анықтайды.
Көпшілігі: қыс мезгіліндегі табиғи құбылыстарды сипаттайды.
Кейбірі: қыс мезгілінің ерекшеліктерін айтады.
Мұғалімнің сабақалды дайындығы: (дидактикалық материалдарды қараңыз)
Ресурстарды дидактикалық материалдардан оқушылар санына қарай көбейтіп алыңыз.
Мұғалімнің сабақ барысындағы әрекеті:
Сабақты жұмбақ жасырудан бастаңыз. Бұл сабақ тақырыбын анықтауға итермелейді. Сабақтың мақсаттарын оқушыға түсінікті тілмен айтып кетіңіз, сабақ барысында қажетінше естеріне салып отырыңыз.
Жаңа сөзді сурет арқылы және анықтама, түсінік беру арқылы меңгертіп, сабақ барысында бірнеше рет қолдануларын қадағалаңыз. Оқушылардың алғаш білімдерін анықтау мақсатында қар түйіршіктерін пайдалануға болады. Оқушылар таратылған қар түйіршіктеріне жеке сөз не сөз тіркестерін жазу арқылы қардың қасиеттерін сипаттайды. Қар түйіршіктерін тақтаға (ақпараттық қабырғаға) іледі. Оқушылар аралап оқиды, қызық болған ақпаратты белгілейді.
Тыңдалым тапсырмасын орындау мақсатында оқушыларға «Қардың қалай пайда болатынын білесіз бе?» (https://www.youtube.com/watch?v=GiI8KvLjdh4) атты бейнебаян көрсетіңіз. Тыңдалым бойынша екі тапсырма беріледі. 1-тапсырмада оқушылар сұрақтарға жауап береді, толық жауап жазудың қажеті жоқ. 2-тапсырманы орындау барысында оқушылар бағдар белгі арқылы қажетті ақпаратты сәйкестендіреді. Бағалауда дұрыс жауап нұсқалары бойынша бір-бірін бағалау тәсілін қолдануға болады.
Тыңдалған материалдың мазмұны бойынша түйінді тұстарын анықтау тапсырмасын шағын топта орындағандары тиімді. Тапсырманы берілген дескрипторлар бойынша орындап, нәтижесін ортаға салады. Оқушылардың жауаптарын пікір айту арқылы бағалаңыз.
Үй тапсырмасын міндетті түрде түсіндіріңіз. Қардың қалай пайда болатыны туралы мәтінді оқып, мазмұнын айтуды немесе сұрақтар құрастыруды тапсырыңыз. Сабақ соңында сабаққа рефлексия жасатыңыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?