Бауыржан Әліқожа (Аспан)

 Бауыржан Әліқожа (Аспан)

Айналдырып тауларды баспалдаққа,
Шақырардай сол әлем дос болмаққа.
Жүргеніммен жер басып ісім болмай,
Неге елеңдей беремін аспан жаққа?!

Хабар беріп қалардай бір шындықтан,
Зеңгір Көкке қараймын тылсым бұққан.
Жұмбағы мол дүние жымыңдайды,
Жүректегі беймаза дүрсілді ұққан.

Айтатындай сырларын ақтарып бар,
Іркес- тіркес жүзеді мақта бұлттар.
Аспан кейде ғаламды ақпен бояп,
Қанатынан төгеді шаттанып қар.

Бала шақта жетелеп өрге мұрат,
Сермегенмен құлашты кеңге бірақ,-
Шатырласа назағай шошушы едім,
Кететіндей қара аспан жерге құлап.

Жарық берер сәулелі нұрланып күн,
Ай, жұлдызын сонан соң тұр жағып түн.
От пенен шам бұлардың көшірмесі,
Бәрі сенде екен- ау шын жарықтың.

Заңғарлықты паңдықпен тұғыр еттің,
Құйды нөсер... бірі ме ең мұңы көптің?!
Аспан, неге жылайсың ағыл -тегіл,
Бола тұра мекені құдіреттің?

Күмбірлеген кеудеңе саз ба сіңген,
Үйлесімің барында тозбас іргең.
Жағал- жағал осынау тіршілікті,
Тазалайын дедің бе көз жасыңмен?!...

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?