Этностильдегі бұйым дизайны (бас киім, жилет). Көркем еңбек (қыздар), 8 сынып, дидактикалық материал.


2 бөлім. Дизайн және технология

Сабақ тақырыбы: Этностильдегі бұйым дизайны (бас киім, жилет).

Оқу мақсаттары:

8.1.5.1-Функционалды (техникалық), эстетикалық, эргономикалық және экологиялық талаптарға сай нысан дизайнын дайындау бойынша тапсырмаларды орындау

8.1.5.2-Әртүрлі графика тәсілдерін қолданып, бұйым дайындаудың реттілігі мен тиімді тәсілін анықтай отырып (оның ішінде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолданып), графикалық және технологиялық құжаттар дайындау

Сабақ мақсаттары:

Оқушылар киім стилін анықтайды, этностильдегі иықты киім және бас киім эскизін орындайды.

  • Ұйымдастыру кезеңі:

Бұл екінші тоқсанның үшінші сабағы. Мұғалім оқушыларды белсенді оқу іс-әрекетіне бағыттауы және оқу барысында ынталандыру үшін жағдай жасауы тиіс, ол үшін «Қар ұшқыны» тәсілін қолдануына болады, қазақтың ұлттық аспаптарымен музыкалық сүйемелдеу қосуға болады. Бұл барлығында белгілі бір көңіл-күй қалыптастыруға көмектеседі.

Мұғалім алдын ала бірнеше бірдей фактуралы және бір түсті қағаз парағын дайындайды, әр оқушыға белгілі бір уақыт ішінде қағаз парағынан қар ұшқынын жасауды ұсынады. Барлық оқушыларда бірдей қағаз парақтары болғаны маңызды. Бұл тапсырманың орындау кезеңінің түрі мен реттілігі барлық оқушыға бірдей, мұғалім кезеңдерді көрсету арқылы түсіндіруіне болады.

  • парақ екіге бүктеледі және тағы да екіге бүктеледі;
  • төрт бүктелген парақ диагоналы бойымен бір рет бүктеледі;
  • қағаз үшбұрыштың үшкір ұшын қайшымен кез келген пішінде аздап қию қажет;
  • осы үшбұрыштың шеттерінен кез келген пішін мен өлшемде тағы да бірнеше бөлік қиылады;
  • пайда болған қар ұшқынын ашып, жазамыз.

Мұғалім оқушыларға өз жұмыстарына қарауды және бір-біріне көрсетуді ұсынады, оқушылардан қалайша барлығына берілген уақыт, материал, құрал бірдей болғанымен, әр оқушыда өзіндік бірегей бұйым пайда болғаны жайлы ойлануды тапсырады. Оқушылар бұл жөнінде өз ойларымен бөліседі

Мұғалім бұл тапсырманы қорытындылауы керек, біздің барлығымыздың өз ерекшелігіміз бар, сондықтан оқушылардың жасаған барлық жұмыстары өздігінше өзгеше.

  • Өткен материалды қайталау

Оқушыларды өздері таңдаған үш түрлі карточка бойынша үш топқа біріктіруге болады. Мұғалім сыртына жазу жазылған, қалың қағаздан жасалған үш түрлі карточканы алдын ала дайындауы қажет.

Ою-өрнек - 1 топ

Стилизация – 2 топ

Этностиль – 3 топ

Оқушыларға карточканың ішкі бетінде ненің бейнеленгені көрінбеуі үшін қалың қағаздан жасау қажет.

Әр топ ою-өрнек, стилизация, немесе этностиль жазылған таңдаған карточка қағаз парағына 5 сөз немесе негізгі ұғым туралы ойларын жазады. Мұғалім тапсырманы орындауға берілетін уақытын айтады. Берілген уақыт аяқталған соң, әр топ өздерінің сөздері мен ойларын басқа топқа жеткізеді. Мұғалім қажеттілігіне қарай оқушылардың жауабын түзетіп, оларды сынып тақтасына жазады.

Бұл тәсіл оқушыларға өткен сабақта танысқан ақпаратты еске түсірулеріне, осы сабақтың тапсырмасын жеңіл орындап, меңгеруге көмектеседі.

  • Сабақ тақырыбы мен мақсатын анықтау.

Бұл жұмыс түрі оқушыларды тақтадағы жазбамен жұмыс жасауды жалғастырады, мұғалім тақтадағы сөзге қосымша «Дизайн» сөзін жазады, сонымен бірге жанына қазақтың ұлттық бас киімдері мен иықты киім қамзол бейнеленген әртүрлі фотосуреттерді орналастырады. Оқушыларға барлық жазулар мен суреттерді қарап шығып, топта сабақтың тақырыбы мен мақсатын тұжырымдап, талдайды және ойларын айтады.

  • Суреттермен жұмыс

Бұл тапсырмада стильді анықтау үшін дидактикалық материалдың 2 қосымшасындағы суреттермен жұмыс жасайды.

Мұғалім оқушыларға киімге қатысты негізгі стильдер: классикалық, спорттық, романтикалық, этникалық (фольклорлық) болатынын хабарлайды. Тапсырманы орындау үшін суреттерге қарап, стиль атауымен ара қатынасын белгілеу, этникалық стильді анықтап, сипаттау қажет.

  • «Қазақ ұлттық бас киімдері мен қамзолдары» бейне ақпаратты қарап шығу

Жаңа ақпарат оқушыларға түсінікті болуы үшін, өзге оқушылар байқамаған, назар аудармаған тұстарын анық байқау үшін оқушылар алдын ала жаңа ақпарат бойынша сұрақтар дайындауы үшін альбом мен жұмыс дәптерлерін дайындауы тиіс. Әр топ өзге топқа екі сұрақтан дайындайды.

Бейне ақпаратты көрген соң оны талқылап, сұрақтар бойынша ойланып, жауаптарын қарастырады. Бұл әңгіме оқушылардың ойлау және талдау деңгейін жетілдіреді. Себебі сұрақтарға жауап бірден пайда болған жоқ, ендеше ақпараттың бір бөлігі олар үшін жаңа.

  • Талқылаңдар. Топпен жұмыс

Жұмысты бастау алдында оқушылар қазақтың ұлттық костюмдерінде этникалық және әлеуметтік жағдайларға байланысты ежелгі дәстүрдің сақталғаны туралы ақпаратпен танысады. Мерекелерде киілетін киімдерді қымбат материалдан тігіп, бисер, кесте, өрнекті ызбамен сәндеген. Қазақ халқының өз костюмдеріне қоятын негізгі талаптары – ыңғайлылық пен функционалдылық, ыңғайлы пішімі және кез келген ауа райына төзімділік.  

Оқушыларға «Этностильдегі бұйым дизайны» (бас киім, қамзол, жилет) тақырыбын өздігімен оқу, белгілі бір уақытта кластер немесе коллаж құру тапсырылады, сонан соң оқушылар тақырып бойынша шығармашылық жобаны қорғайды. 

Кластер немесе коллаж жасау оқушыларға жауаптарын әртүрлі формада, әртүрлі техникада көрсете білуге, мүмкін болатын жауаптар шегін кеңейтуге көмектеседі.

Берілген жұмысты орындау алдында, оқушылар әр топқа жеке дайындалған тапсырмамен танысады:

  • 1 топ: Бас киімді (әйелдер, ерлер, балалар) сәндеудің негізгі элементтері мен дизайнын суреттеңдер.
  • 2 топ: Этностильдегі қазақ ұлттық әйелдер киімін сәндеудің негізгі элементтері мен дизайнын суреттеңдер.
  • 3 топ: Этностильдегі қазақ ұлттық ерлер киімін сәндеудің негізгі элементтері мен дизайнын суреттеңдер

 Ақпаратты өздігімен іздеу оқушылардың зерттеу дағдылары мен өз бетінше жұмыс жасау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, ол кез келген жобалық бұйымды жасау кезінде маңызды.

  • Шығармашылық жұмыс. Эскиз орындау. ҚБ арналған тапсырма

Оқушылар бірінші кезеңде қазақ ою-өрнегі элементтерін қолдана отырып, қазіргі қазақ костюмінің эскизін жасайды; (оқушылар бірнеше әртүрлі бас киім және қамзол/жилеттің әртүрлі түс пен пішіндегі, әртүрлі әшекейімен нобайын салады).

Жұмыс алдында оқушыларға бірлескен әңгімеде бағалау критерийлерін талқылау қажет:

- эскиз костюмдегі пропорцияның дұрыстығын көрсетеді;

- эскиз түс шешімдерін көрсетеді;

- эскиз ою-өрнектің заманауи элементерін көрсетеді;- ұқыптылықты көрсетеді және жұмысқа қызығушылықты арттырады;- кескіннің барлық компоненті композициялық шешімге сәйкес.

Бұл жұмысты әр оқушы жеке орындайды, сонан соң топ ең жақсы салынған нобайды анықтайды және соның негізінде таңдалған техникада шығармашылық эскиз жасалады.

Екінші кезеңде оқушылар өзге топтарға жұмысын көрсетеді, көргенінен алған әсерлерімен бөлісе отырып, критерийлер бойынша бағалайды. Шығармашылық эскиз құру үшін ең бірінші бірнеше нобай жасалып, одан ең жақсысы таңдалып алынады. Бұл оқушыларға шығармашылық идея таңдауға ерекше қарау мүмкіндігін береді.

  • Тәжірибелік жұмыс

Оқушылар топта тақтадағы немесе электронды презентациядағы мұғалім ұсынған сұрақтармен танысады:

  • Этностильдегі қазақ ұлттық бас киімдері немесе қамзолдарын дайындау үшін қандай материалдар қолдануға болады?
  • Ол үшін қандай құралдар қажет болады?
  • Бұл бұйымды дайындау үшін қандай пішіндер мен конструкциялар тиімді? Неліктен? Жауаптарыңды мысалмен дәлелдеңдер.
  • Бұл бұйымды қандай түстер үйлесімділігі арқылы көрсетуге болады?
  • Сәндік ою-өрнектердің қандай түрлерімен сәндеуге болады?
  • Бұл модельге бөлшектерді біріктірудің қандай түрлері сәйкес келеді?
  • Оны қандай сән элементтері немесе түрлері толықтыра алады?

Берілген сұрақтардың мүмкін жауаптары:

  • Этностильдегі қазақ ұлттық бас киімдері мен қамзолдарын (кеудеше) дайындау үшін негіз ретінде - тоқымасыз материал, барқыт, мақпал, фетр, киіз, шұға (сукно), қалың жүн матаны, әртүрлі сәндік элементтер үшін - ызба, шілтер, моншақ, бисер, металл пластина, әшекейлеуге арналған меруерт немесе басқа табиғи бағалы тастар, қауырсын, тиындар, металл фолга, түймелер .б. қолдануға болады;
  • Мұндай бұйымдар дайындау үшін қолданылатын әртүрлі құралдар, жұмысқа арналған материалды таңдауға байланысты, мысалы, ПВА желімі, ыстық силиконды желім, бірқатар бөліктер тігін машиналары арқылы біріктіріліп, оверлогпен өңделеді;
  • Бұйым пішіні мен құрылысы әртүрлі болуы мүмкін, ол шығармашылық эскизге байланысты, мысалы, сәукеле – қазақ әйелдерінің бас киімі – конус формасында орындалады, ал тақия шағын цилиндр түрінде жасалады т.б.
  • Түстер үйлесімділігі киімнің қолданылуына байланысты. Егер кеудеше мерекеге арналса – қызыл түсті, егер күнделікті киюге арналса, онда жұмсақ түстер, жасыл немесе көктің реңктері алынады;
  • Бұйымды әшекейлейтін сәндік өрнек бұйымның жалпы түсімен және қолданылуымен сәйкес келуі тиіс;
  • Бұйым бөлшектерін біріктіру түрлері бір жұмыстың өзінде әртүрлі болуы мүмкін, ол материалдың түрі мен оны бекіту орнына байланысты;
  • Сәндеу түрлері немесе әшекейлеу элементі бұйымның жалпы көрінісін сәндеп және толықтырып тұруы қажет және материалы барлық жағынан үйлесімді болуы тиіс.

Әр топ кез келген екі сұрақтың жауабын талқылайды (мұғалім әр топтың бірдей сұрақ таңдамауын қадағалауы қажет) және бұл туралы өз ойын айтады. Мұғалім тапсырма тақырыбы бойынша қажетті ақпаратпен оқушылардың жауабын толықтыруына болады.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу