Тұманбай Молдағалиев (Досым Жанысбекке ескерткіш)

 Тұманбай Молдағалиев (Досым Жанысбекке ескерткіш)

Кетіп қапсың, Жанысбек, жылды күтпей,
Тұлпарыңды соңғы рет бір жүгіртпей.
Жазды күнгі теңіздей толқып, шалқып,
Өмір кешіп жүруші ең бір жігіттей.
Бала күннен, бал күннен бірге өсіп ек,
Талай балғын бір атқа мінгесіп ек.
Есік интернатында өңкей арман
Баласындай бір үйдің күн кешіп ек.
Қиялдаушы ек алдыны жатып әр түн,
Жаныс жайсаң бала едің, затың алтын.
Әзілің де бар еді құрдасқа айтар,
Жаз үніңде жақсылық оты бар-тын.
Дариядағы қайықтай жеке жүзген,
Тіл тапқан да сен едің Дәкен қызмен.
Үлкендердің жұдырығынан жасқанбайтын
Өжет едің, өр едің, Жәке, бізден.
Азымыздың бірі едің бар мақтайтын,
Басымызға қасірет орнатпайтын.
Едігемен құрдас ең, Тұманбайдан
Бір жас үлкен аға едің ардақтайтын.
Екеумізге айта ма күн қиынын,
Қағып кетті, білмеймін, кімді иығың.
Жетпіс шыңның төбесін көріп тұрып,
Сүрініпті-ау тұлпарың, тұңғиығым.
Жақын да едің сен маған, алыс та едің,
Көз жаздық-ау, жұлдызды таныс көгім.
Өлім тұрмақ, қимайтын өкпеге де,
Ерте кеттің сен бізден, Жанысбегім.
Қыран едің көгіме көтерілген,
Бір ән едің көңілге жете білген.
Ерте кеттің бақытты балалардан,
Ғашық болып үйленген Дәкеніңнен.
Қыраның да шарлады таныс көгін,
Тіршіліктің қалдырдың алыс белін.
Маған ұқсас қыз көрсең, Құралай - ол,
Мандайынан сипай сал, Жанысбегім.
Жылдар келер тойдырып сүтке көзді,
Өмір дейтін қимаймыз құт теңізді.
Немерені түгелдей үйлендірмей,
Біз ол жаққа бармаймыз, күтпе бізді...

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?