Жұматай Жақыпбаев (Ат туралы)

 Жұматай Жақыпбаев (Ат туралы)

Суық тер төккізетін,
Тау жаман қияметтен.
Аттар бар өткізетін,
Қорым тас қия беттен.

Жол барда ор табылар,
Тұяққа жүгіретін.
Аттың да қорқағы бар,
Сақсынып сүрінетін.

Қиқулап жар салдың ба,
Тағдырдай даралайтын –
Аттар бар қарсы алдында,
Құз тұрса қарамайтын…

Жыр елі, күй еліне,
Ат болған алғаш арман.
Мұсаның сүйегіне
Жаяулық таңба салған.

Барына ат алдырған
Атама мұрагермін.
Ақанды Ақан қылған
Тағдыры Құлагердің.

Тайында жыр қып түге,
Мәпелеп жастан баққан.
Атының жүйріктігі,
Жігітті аспандатқан.

Айтамын жақындарша,
Тұрса да дәтім бармай.
Тұлпардай ақын болса,
Тұлпар бар ақындардай.

* * * * *

Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен,
Көк суы – қымыз
Көп ішіп жұрт әрі кірген.
Сарноқай тауда той болды –
Жиренім менің
Кермеде тұрды қалмақтың Бұрқаны мінген
Сетері құсап, көзге ілмей жердегі майда
ит пенен құсты. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Айғайдан зеңгіп ақ бұлттар
Күнде өткен аспан,
Ат қайтты-ай, шіркін! Бұрқ етіп
Бір беттен ақ шаң.
Зулады бәрі, заулады жалғыз ат шаңы,
Тұтанған бикфорд шнурының жүрдек те шапшаң
Түтіні құсап, көрсетпей жердегі майда
қозғалыстарды. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Аршалы таудан естіді самалды далам,
Құшақтап сүйді осынау хабарды ғалам!
Ала аяқ жирен бәйгеден алдымен келді,
Өткен ғасырдан жолдаған бабамның маған
Сәлемі құсап, елетпей жердегі майда
Күңкіл-шүңкілді. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Аспаннан сүйіп жүрсе егер қырқаны қыран,
Оны да сонау атамның ұрпағы қылам.
Ақшамда келіп аулына, атыңды айтып,
Киіз туырлықты қазақтың
Шырқадым бір ән
Ақаны құсап елемей жердегі майда
Поп-музыкаларды. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!