Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. (30.11.2015) [2]

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. (30.11.2015) [2]

Қазақстанның жас азаматтары!

Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда.
* * *

Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды.
Тұтастай алғанда, Жолдауда ілгерілетіп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және, әдеттегісінше, сенімді қаржыландырумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бөлініп үлгерілген болатын. «Нұрлы Жол» бағдарламалары жобаларына – 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қазақстанға халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан бөлінді. Қытай Халық Республикасы 2,7 миллиард доллар көлемінде несие берілді. Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге тартылмақ. Осы қаржыларды тиімді пайдалану – Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі.
Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызметімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық. Олар бізді қолдап келеді. Сіздер менің сапарларыммен әлемнің жетекші елдерінің көшбасшыларымен келіссөздерімнің куәгерлері болдыңыздар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл – 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге сапарларым да, экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, табысты болды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды. Елімізге Ресей Президентінің сапары біздің дәстүрлі ізгі көршілестік қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы мен беріктігін және экономикалық интеграцияның дамып келе жатқанын көрсетті. Жапония премьер-министрінің сапары инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетін болады. Бізге тұңғыш рет «Тойота» концерні келіп, Қазақстанда автомобильдер шығарады.
Басты нәтижелердің бірі бізге халықаралық қаржы институттарының жоғары сенімі болып табылады. Осындай күрделі кезеңде біздің реформаларымызды қолдай отырып, олар 9 миллиард доллар көлеміндегі қаржы ресурстарына қол жеткізуімізге жол ашты. Біз Еуропалық Одақпен тереңдетілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Біз әлемдік қоғамдастықпен ядросыз әлем үшін, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте біргеміз. Біз кез келген жанжалдардың бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз және осы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.
Дүниежүзінде біз бастаған реформалар туралы, Жүз қадам туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достарымыздың көңілін қалдырмауға тиіспіз. Бұл реформалар, мен аталған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты міндеттерді орындау оңай болмайды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, оларға балама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейіндеп қаламыз. Бірақ біз, әдеттегідей, белгілегендеріміздің бәрін жасаймыз.
Құрметті отандастар!

Жаңа 2016 жылдан Ұлт жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды. Бүгін мен экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шаралар туралы хабарладым. Барлығымыздың мойнымызда еліміздің болашағы үшін орасан зор жауапкершілік жатыр. Алдымызда қиын жұмыстар күтіп тұр. Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін. Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын.
Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!
Қымбатты қазақстандықтар!

Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.
Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!
Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін!
Алға, Қазақстан!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі