Буынаяқтылар және хордалылар типтері. Биология, 8 сынып, қосымша материал.
- Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал
Буынаяқтылар типі |
↓ ↓ ↓
Шаянтәрізділер класы | Өрмекшітәрізділер класы | Бунақденелілер класы |
↓ ↓ ↓
Өзен шаяны Асшаян Таңқышаян Циклоп Дафния | Айқышты өрмекші Бүйі Қарақұрт Мизан Құршаян Кене | Тарақан Көбелек Маса Шегіртке Инелік Қоңыз, т.б. |
Балықтар
Балықтарға жалпы сипаттама. Балықтар – сулы ортада тіршілік етуге бейімделген төменгі сатыдағы омыртқалы жануарлар.
Зоология ғылымының балықтарды зерттейтін саласы ихтиология (грекше «ихтис» – балық, «логия» – ілім, ғылым) деп аталады.
Балықтардың денесі бас, тұлға және құйрық бөлімдерінен тұрады. Бас бөлімінде жұп танау тесігі, екі көзі бар. Тұлға бөлімінде жұп көкірек, құрсақ және дара арқа жүзбе қанаттары орналасқан. Құйрық бөлімінде сыңар құйрық және аналь жүзбе қанаттары бар. Терісі сыртынан қабыршақтар мен қапталған. Балықтар желбезектері арқылы суда еріген оттегімен тыныс алады.
Балықтың жұп көкірек және құрсақ жүзбе қанаттары дене тепе-теңдігін сақтайды. Балық осы жүзбе қанаттардың көмегімен судың беткі қабатына көтеріледі. Кейде тереңге түсіп, жан-жағына бұрылады. Арқа және аналь жүзбе қанаттары жүзіп жүргенде денесін қалыпты ұстауға көмектеседі. Құйрық жүзбе қанаттары бағыт береді.
Балықтар шеміршекті және сүйекті балықтар деп 2 класқа бөлінеді.
Шеміршекті балықтарға тән белгілер: шеміршекті балықтардың дене пішіні барлығында бірдей емес. Акулалардың денесі созылыңқы, жұмыр, ұршық тәрізді. Суда еркін жүзеді. Жұп балықтардың денесі қабысып, жалпайып кеткен. Сондықтан олар су түбінде мекендейді.
Шеміршекті балықтардың қаңқасы шеміршектен түзілген. Бас қаңқасында ми сауыты, жақ, тіл асты, желбезек доғалары бар. Омыртқа жотасы – тұлға және құйрық бөлімдерінен құралады.
Сүйекті балықтардың терісі жалпақ, ірі қабыршақтармен қапталған. Қабыршақтарында ағаш дініндегі жылдық сақиналарға ұқсас сызықтар бар. Осы сызықтарға қарап, балықтың жасын ажыратуға болады.
Сүйекті балықтардың қаңқасында сүйектер өте көп. Олардың қаңқа бөлімдері шеміршекті балықтардың қаңқа бөлімдеріне ұқсас. Сүйекті балықтардың желбезектерінің сырты сүйекті қақпақпен жабылған.
Сүйекті балықтардың көпшілігінің аузы бас бөлімінің алдыңғы тұсында орналасады. Жақ сүйектерінде және т.б. сүйектерде де тіс бар. Тұқы балықтарының желбезек доғаларында жұтқыншақ тістері болады.
Сүйекті балықтарда торсылдақ болады. Іші ауаға толы торсылдақ ұрықтың даму кезеңінде ішектен бөлінеді. Ол балықтың дене салмағын өзгертіп, судың түрлі қабаттарына өтуіне жағдай жасайды. Торсылдақ кейбір балықтарда тыныс алуға, дыбыс шығаруға қатысады. Су түбінде тіршілік етуге бейімделген сүйекті балықтарда торсылдақ болмайды.
Бұлардың иіс, дәм сезуі, бүйір сызығы шеміршекті балықтарға ұқсас.
Қосмекенділер – алғаш құрлықта тіршілік етуге бейімделген төртаяқты омыртқалы жануарлар. Олар суда да, құрлықта да кездесетіндіктен, қосмекенділер деп аталады. Қосмекенділер суда көбейеді және дернәсілдері сулы ортада дамиды.
Жалпы сипаттамасы және құрылыс ерекшеліктері. Денесі бас, тұлға және бес саусақты төрт аяқтардан тұрады. Кейбір түрлерінің құйрығы болады.
Қосмекенділердің терісі жұқа, тегіс және безді болады. Бездерден бөлінген сұйықтық терісін үнемі ылғалдап, тыныс алуына жағдай жасайды. Демек олар терісі арқылы да тыныс алады.
Қаңқасы балықтармен салыстырғанда күрделі, 4 бөлімге бөлінеді. Олар: бассүйек, омыртқа жотасы, иық белдеуі мен артқы аяқтарының және жамбас белдеуі мен алдыңғы аяқтарының қаңқасынан құралады. Омыртқа жотасы – мойын, тұлға, сегізкөз және құйрық бөлімдеріне бөлінген. Мойын мен сегізкөз бөлімдерінде бір ғана омыртқадан болады.
Аяқтарында жеке-жеке бұлшықеттер жақсы дамыған.
Жорғалаушылардың нағыз құрлықта тіршілік етуге бейімделген 8 000-ға жуық түрлері бар. Жорғалаушыларға кесірткелер, жыландар, тасбақалар, құбылғылар, крокодилдер, т.б. жатады. Суда тіршілік ететін түрлері де бар. Бірақ олар екінші рет суда тіршілік етуге бейімделген.
Жорғалаушыларға жалпы сипаттама. Денесі бас, мойын, тұлға, құйрық және бессаусақты аяқтардан тұрады. Жыландарда, аяқсыз кесірткелерде аяқтары жойылған.
Жорғалаушылардың терісі құрғақ және онда бездер өте аз. Терінің сырты мүйізді қабыршақтар мен, қалқаншалармен, сауытпен қапталған. Мұндай мүйізді түзілістер теріні құрғап кетуден сақтайды әрі қорғаныш қызметін атқарады. Өсу кезінде терісі үнемі түлеп, түсіп отырады.
Жорғалаушылардың қаңқасы бес бөлімнен тұрады. Олар: бассүйек, омыртқа жотасы, иық белдеуі мен алдыңғы аяқтары, жамбас белдеуі мен артқы аяқтары және кеуде қуысы. Олардың қаңқасында алғаш кеуде қуысы пайда болған.
Күрделі қозғалыс жасауларына байланысты аяқтарында, жақсүйектерінде, мойнында және кеуде қуысында бұлшықеттері жақсы дамыған.
Жорғалаушылардың сезім мүшелері – көз, құлақ және танау. Көзі қозғалмалы қабақты болып келеді. Жыланның қабақтары мөлдір, көздің алдыңғы жағын шыны тәрізді тұтас жауып тұрады.
Құстар класы – омыртқалы жануарлардың ұшуға бейімделген тобы. Денесі қауырсынмен қапталып, алдыңғы аяқтары қанатқа айналған. Зоология ғылымының құстарды зерттейтін саласы – орнитология (грекше «орнитес» – «құс»).
Құстар класына жалпы сипаттама. Құстардың денесі бас, мойын және тұлға бөлімдеріне бөлінген. Құстардың терісі жұқа, әрі құрғақ, бездері өте аз. Тек қауырсындарын майлайтын құйымшақ безі болады. Терінің қосалқы бөлімдеріне қауырсындар, тұмсықтарының мүйізді бөлігі, жіліншік, саусақтарындағы мүйізді қабыршақтар жатады.
Құс қауырсындары бүкіл денесін жауып тұрады. Құстардың бұлшықеттері жақсы жетілген. Құстар жақсүйектерінің сырты тұтас мүйізді тақташалармен қапталған. Оны құстардың тұмсығы деп атайды. Құс тұмсығы тұмсық үсті, тұмсық асты бөлімдерінен құралады. Қазіргі құстардың жақ сүйектерінде тістері болмайды.
Құстардың көзі үлкен, өте жақсы көреді. Көздің айналасында қабағы бар. Күндізгі жыртқыш құстар мен түнде белсенді тіршілік ететін үкі, жапалақ, т.б. құстардың көзі өткір, заттың түсін де ажыратады. Есту мүшесі де жақсы жетілген. Құстарда есту мүшесі ішкі және ортаңғы құлақтан тұрады (бұл жағынан жорғалаушыларға ұқсас). Құстардың құлағы өте нәзік дыбыс тербелістерін қабылдайды. Иіс сезу мүшесі құстарда нашар дамыған. Тек кейбір құстарда ғана (дауылпаздар, киви, т.б.) дамыған. Олар қорегін иісі арқылы іздеп табады.
Құстардың жамбасқа жақын орналасқан екі бүйрегі жақсы жетілген. Ол зат алмасудың қарқынды жүруіне тікелей байланысты. Зәр заттарының құрамында су аз болады. Ұшуға бейімделуіне сәйкес құстарда қуық болмайды. Бүйректе түзілген зәр қышқылы екі несепағар түтігімен – клоакаға, одан нәжіспен бірге сыртқа тез шығарылады.
Сүтқоректілер жануарлар дүниесінің жоғары сатыдағы тобын құрайды. Бұған ұрпағын тірі туып, сүтімен асырайтын жылықанды жануарлар жатады. Түрлі орта жағдайларында (суда, ауада, жер астында, құрлықта, ағаш басында) тіршілік етеді. Денесі түкпен қапталған, алдыңғы ми сыңарларының сыртында ми қыртысы жақсы дамыған.
Сүтқоректілердің тері жабыны басқа омыртқалыларға ұқсас екі қабаттан тұрады. Теріде май, тер, сүт, иіс шығаратын бездері болады. Түк, мүйізді тырнақ, мүйіз және тұяқтар – терінің қосалқы бөлімдері.
Қаңқасы бассүйек, омыртқа жотасы мен кеуде қуысы, иық белдеуімен алдыңғы аяқтарынан және жамбас белдеуі артқы аяқтарынан тұрады.
Сүтқоректілердің иіс сезуі өте жақсы дамыған. Олар иіс сезуі арқылы қорегін іздеп табады, жауынан қорғанады, жұп құрады. Тек суда тіршілік ететін киттерде иіс сезуі өте нашар дамыған. Көпшілік сүтқоректілерде есту мүшесі жақсы жетілген. Сүтқоректілерде сыртқы құлаққа жататын құлақ қалқаны пайда болған. Дыбыс толқындарын сол арқылы қабылдайды.
Сүтқоректілер – дара жынысты. Олар іштей ұрықтанады. Ұрық аналық жыныс мүшесі –жатырда дамып жетіледі. Жатырдың қабырғасында ұрық пен аналық ағзаның арасында арнайы мүше «ұрық жолдасы» (плацента) пайда болған (178-сурет). Ол зат алмасуды реттеп отырады. Оны малдың шуы деп те атайды. Сондықтан жоғары сатыдағы сүтқоректілерді «ұрықжолдастылар» деп атайды. Жатырдың қабырғасында ұрықтың дамып жетілуі, сүтқоректілердің жеке түрлеріне байланысты түрлі мерзімді қамтиды.
- Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар
Оқушылар жануарлар өкілдерін анықтау жұмысының басында:
- ылғал препаратты қисайтып жатқызуға болмайды;
- тұлыпты иіскеуге болмайды
- коллекциялардағы жәндіктерді қолмен ұстауға болмайды деген қауіпсіздік ережелері ескертіледі.
- Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар
Сабақтың басында таныстырылымда буынаяқтылардың 3 клас өкілдерінің ұқсас белгілерін анықтау арқылы типтің жалпы сипаттамасына тоқталады. Осы орайда оқушылардан бұл жәндіктерді қалай ажыратуға болады сұрағы арқылы оларды салыстыру белгілерін анықтап алу маңызды. Осы талқылауға сүйене отырып оқушылар сабақтың негізгі іс-әрекетін орныдайды. Сондықтан барынша талдап, осы жәндіктерді ажырату белгілерін анықтап алу дұрыс. Оларды аяқтарының саны, антеннасының болуы, тісшелерінің болуы, денесінің бөліктері, олардың саны, қаңқасы, қозғалу мүшелері арқылы салыстыруға болады деген қорытынды шығарылады.
Кейбір алғыр оқушылар жәндіктердің басқа мысалдарын ұсына алады.
Екінші слайдтағы буынаяқтылар мен хордалыларды салыстыру тапсырмасы да зертханалық жұмысқа дайындық болып табылатындықтан, салыстыру белгілеріне мұқият тоқталу дұрыс. Бұл екі тапсырма оқушылардың ақпарат оқып отыруға жұмсайтын уақытын үнемдейді.
Оқушыларға ақпаратты бермеген дұрыс. Себебі олар тек сыртқы белгілеріне қарап жануарларды салыстырады.
Ақпарат парақшаларын үйде оқуға беруге болады.
Оқушыларға зертханалық жұмыстың қауіпсіздік техникасының ережелерімен қоса сурет салуға қойылатын талаптарды ескерткен жөн. Сурет салғанда, тек бір тұтас сызықтармен штрихтамай, боямай, үздіксіз салу қажет. Жануардың суретте көрсетілген әрбір бөлігін сызықшамен көрсетіп, атап жазу маңызды.
Бұл ережелерді 4-слайдтағы үлгіге сүйене отырып таныстыру қажет.
Зертханалық жұмысты орындап жатқан кезде оқушылардан басқа қандай белгілер бойынша ажыратуға болатыны туралы ойлануды сұраған жөн. Суреттердің дұрыс салынған үлгілерін сыныпқа көрсетіп, кері байланыс беру маңызды.
Сабақтың соңында оқушылардың жасаған қорытындыларын оқытып, кері байланыс беріледі. Жұмыс парақтарын жинап алып, кері байланыс ұсыну қажет.
- Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар
Оқушылардың ауызша жауаптары, зертханалық жұмысты орындауы бағаланады. Оқушылардан қосымша сұрақтар қою арқылы олардың түсінгендерін тексеруге, тақырып мазмұнының өмірмен байланысын көрсетуіне назар аударылады. Мысалы, мына жануарлардың қайсысы таныс, олардан басқа қандай өкілдерді атай аласыз деген сияқты сұрақтар қоюға болады.
- Саралау тапсырмалары
4-қосымшада берілді. Бұл тапсырма оқушылардың екі тип клас өкілдерін атай білуіне, алған білімдерін қолдануына ықпал етеді.
- Сілтемелер мен ресурстар
- Буынаяқтыларға тән ерекше белгілер(орыс тілінде):
- http://sbio.info/materials/orgbiol/orgmnogoklet/orgchlen/124
- «Дихотомиялық кілт» ұғымын түсіндіру үшін келесі тапсырманы қолдануға болады(сызба түрінде): http://www.cdoosh.kirov.ru/sms/main.files/image032.jpg
- https://bilimland.kz/kk/#lesson=12657
- http://kzdocs.docdat.com/docs/index-513.html?page=6
- http://www.ekzotika.com/aqua39
- http://festival.1september.ru/articles/557221/
- http://school.bakai.ru/?id=biofn011204
- http://ebio.ru/zoo47.html
- http://ebio.ru/zoo55.html
- http://zoologia.poznajvse.com/mnogokletochnye-zhivotnye/klass-mlekopitayuschie-ili-zveri/vnutrennee-stroenie-mlekopitayuschih-na-primere-domashney-sobaki
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?