Нәруыздар. Биология, 8 сынып, дидактикалық материал.
- Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал
Нәруыз — молекулалары өте күрделі, аминқышқылдарынан құралған тек тірі организмдерге тән азотты күрделі органикалық қосылыс.
Олар жер бетіндегі тіршіліктің негізі, организмнің тірек жүйесі, бұлшықет, жамылғы ұлпалары ақуыздардан құралған. Организмде әртүрлі маңызды қызмет атқарады: химиялық реакцияларды жүргізеді, дене мүшелерінің қызметтерін өзара үйлестіреді, аурулармен күреседі, т.б.
Ақуыздардың құрамы мен құрылысы өте күрделі. Молекулалық массалары жүздеген мыңнан миллионға дейін жетеді. Олардың құрылымы бұзылса, денатурацияға ұшырап, организмдегі қызметін атқара алмайды. Ақуыздар гидролизденіп, аминқышқылдарына ыдырайды және өздеріне тән түсті реакциялары бар.
Нәруыз – азықтың құрамына кіретін бүкіл тірі организмнің негізгі қорегі. Ол жасуша протоплазмасын құрумен қатар, организмдегі көптеген тіршілік әрекеттеріне – тамақтану, өсу, көбею, тітіркену, қозғалу, тыныс алу процестеріне тікелей қатысады. Адам тәулігіне, шамамен, 100 г нәруыз қабылдауы керек. Азықпен түскен нәруыз әуелі асқазанда, сосын ішектегі ферменттердің әсерінен гидролизденіп, аминқышқылдарына дейін ыдырайды.
Нәруыз құрамында 50,6 – 54,5% көміртек, 21,5 – 23,5% оттек, 6,5 – 7,3% сутек, 15 – 17,6% азот, 0,3 – 2,5% күкірт бар, кейде фосфор кездеседі. Осы элементтерден түзілетін амин қышқылдарының бір-бірімен байланысып қосылуы нәтижесінде ақуыз молекуласы түзіледі. Ақуыз молекуласының массасы өте үлкен, ол бірнеше мыңнан бірнеше миллионға дейін барады.
Құрылымы
Ақуыз жасуша құрамына кіретін тірі құрылымдар – ядро, митохондрия, рибосома, цитоплазма негіздерін құрайды. Сондықтан ол организмде үлкен орын алады. Мысалы, адам мен жануарлар денесінің құрғақ заттарында 45%, жасыл өсімдіктерде 9 – 16%, дақыл тұқымында 10 – 20%, бұршақ тұқымдастар дәнінде 24 – 35%, бактерия жасушаларында 50 – 93% нәруыздық заттар бар. Ақуыз барлық организмге ортақ зат болғанымен, әртүрлі организм нәруыздарының құрылымы түрліше болады. Сондай-ақ, организм түрлерінің бір-біріне ұқсамауы, олардың эволюция жолымен үздіксіз өзгеріп дамуы да ақуыз қасиеттерінің үнемі өзгеріп отыруына байланысты.
Организмнің күнделікті тіршілігі оның жасушаларында жүріп жататын көптеген биохимиялық реакцияларға негізделген. Осы реакциялар нәтижесінде өсімдіктерде, бір жағынан, тіршілікке қажетті химиялық қосылыстар – ақуыздар, нуклеин қышқылдары, көмірсулар, майлар, витаминдер синтезделетін болса, екінші жағынан, онда ферменттер арқылы күрделі заттар ыдырап, өсімдіктің қоректенуіне, тозған жасушаларын жаңартуына, организмге қуат беруге жұмсалады. Қан құрамындағы ерекше ақуыз – гемоглобин бүкіл денеге оттек таратады. Жасушалардағы тотығу ферменттері – цитохромдар тыныс алу процесін реттеп отырады. Сондай-ақ организм тіршілігіне аса қажетті заттар гормондар да ақуыздан құралған. Ерімтал ақуыздар – гидрофильді коллоидтар – суды бойына көп тартады. Олардың ерітінділері желім сияқты: осмостық қысымы төмен, қозғалу қабілеті нашар, өсімдік пен жануарлар мембранасынан өте алмайды. Ақуыздардың тағы бір қасиеті – олар амфотерлі электролиттер. Молекулаларында бос карбоксил және амин топтары болатындықтан, олар оң немесе теріс электр зарядты болады. Химиялық табиғаты жағынан ақуыз биополимерлер тобына жатады.
Ақуыздың құрамында жиырма түрлі аминқышқылдар болады. Әртүрлі ақуыздардың аминқышқылы құрамы жағынан да, олардың тізбектегі орналасу тәртібі жағынан да бір-бірінен айырмашылығы зор. Табиғатта ақуыз түрлерінің көп болуы да осыған байланысты.
Ақуыз молекуласының өзіне тән ерекшеліктері мен құрылымдық дәрежелері көптеген сутектік байланыстар, электрстатикалық қуаттар, күкірттен құралатын дисульфидтік байланыстар, т.б. жағдайлар арқылы қамтамасыз етіледі. Ақуыз ерітіндісін қыздырса немесе оған күшті қышқылмен әсер етсе, ол өзінің табиғи қасиеттерін (ферменттік, гормондық) жояды, кейде ұйып та қалады. Мұндай құбылысты денатурация деп атайды. Ақуыз – адам тағамы мен жануарлар қорегінің, сондай-ақ тері, жүн, жібек сияқты табиғи талшық заттардың негізгі құраушысы болғандықтан, 20 ғасырдың екінші жартысынан бастап оны қолдан өндірудің (микробиологиялық синтез) маңызы артып отыр.
Полипептид тізбегіндегі аминқышқылының бір қалдығының басқасымен ауысуы немесе оның орнының алмасуы осы ақуыздың қызметін бұзады. Мысалы, адам гемоглобиніндегі 564 аминқышқылдары қалдықтарынан құралған полипептид тізбегіндегі бір қышқылдың қалдығы екіншісіне ауысса, адам ауыр сырқатқа ұшырайды.
Нәруыздардың күрделілігіне қарай 4 реттік құрылымы болады: бірінші реттік, екінші реттік, үшінші реттік және төртінші реттік құрылымдар.
- Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар
Сабақ барысында биология кабинетіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау. Партада дұрыс отыруына назар аудару.
Тәжірибе жасаған кезде сынауық немесе стақанды қыздырғанда міндетті түрде ұстағышты қолдану қажет. Ыстықта күйіп қалмауды ескерткен жөн.
- Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар
Сабақты 1-2 слайдтағы сұрақтардан бастап, оқушылардың нәруыз құрамын еске түсіруі маңызды. Кезекте «Байланысқан ассоциация» құру кезінде оқушылардың өздерінде бар білімдеріне сүйенуді ескерткен жөн. Олар өздерінің білетіндерін жинақтап бір ассоциация құрады. Бұл жұмысты топта ұйымдастыру дұрыс.
Оқушыларға сабақтың ортасындағы негізгі іс-әрекет зерттеуді жүргізу үшін қажетті ақпаратты және РРТ таныстырылымды ұсыну жөн. Оқушылар бар ресурс көздерінен ақпарат жинақтайды. Кейбір оқушыларға қосымша интернет көздерін пайдалануға болады. Оқушылар бір үлкен постерді бірнеше бөлшекке бөліп жасайды. Мысалы, бір топ тек қасиеттерге тоқталса, екіншісі оның сапалық реакцияларына, үшіншісі биологиялық қызметтеріне деген сияқты.
Тәжірибені жұпта/топта орындатуға болады. Бұл оларға жақсы таныс құбылыс болғанымен, бұл сабақта олар нәруыздың бір қасиеті ретінде түсіндірулері тиіс.
Тәжірибеде тек температура әсері зерттеледі, осыған ұқсас нәруыздың денатурацияға ұшырауының мысалдарын келтіруді сұрауға болады.
Сабақтың соңында оқушыларға сәйкестендіру тапсырмасымен қоса екі түрлі тапсырманы орындауды ұсынуға болады. 4-қосымшадағы тапсырманы сәйкестендіру тапсырмасының орнына ниет білдірген оқушыларға орындатуға болады. Бұл тапсырма арқылы оқушылар білімді өзгертілген түрде көрсетуге мүмкіндік алады.
Құндылықтарды дарыту:
Ақпаратты оқу тапсырмасы кезінде оқушыларға қоғамдық өмірге дайын болу, өзін бақылауда ұстай білу, бәсекеге қабілетті бола білу маңызды, жазбаша жұмыс кезінде академиялық шыншылдық, нақтылық, өзін өзі реттей білуге үйрену,
жеке жұмыс кезінде өзіне сенімді болып, өзін-өзі көрсете білу қажет деп құндылықтарға сілтемелер жасалады. Топтық жұмыс кезінде ортақ іс атқаруда ынтымақтастықта болу қажет балалар деп айтуға болады.
Пәнаралық байланысты орнату:
Оқушылардың нәруыздың мысалдары мен қасиеттерін қарастырған кезінде олардан химиялық қасиеттерге не жатады, физикалық қасиеттерге не жатады, температура қандай қасиетке жатады, ерудің нәтижесінде зат қалай өзгереді, нәруызды неге макромолекула дейміз деген сияқты талқылаулар жүргізуге болады.
- Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар
Сабақтың басындағы сұрақ талдау кезінде кері байланыс ұсынуға болады. Ассосиация құрған кезде қосымша сұрақтар қою арқылы кері байланыс ұсынылады. Оқушылардың постер жасауы кезінде барлық оқушылардың қатысуын қадағалаған жөн. Әр оқушының қосып жатқан үлесін мұқият бақылап, қажет жерде бағыт беріп отыру маңызды. Постерді орындап болғаннан соң өзара бағалау жүргізіп, оқушыларға жақсартуға арналған ұсыныстар беріп, ақпаратты толықтыруларын сұрау қажет. Толықтыру жасаған оқушыларды мадақтау маңызды. Оқушылардың берген ұсыныстарына да кері байланыс беріп отыру қажет.
Білімді қорытындылап бекіту 3-5 қосымшалар арқылы жүзеге асырылады.
- Саралау тапсырмалары
4- қосымшада ұсынылған.
- Тапсырма жауаптары, критерийлері
Тапсырма 1. Гемоглобин –В, Антидене-А, Кератин-Б, Инсулин-Г.
Тапсырма 2. Нәруыздардың негізгі қасиеттеріне денатурацияға ұшырау, суда ерігіштігінің әртүрлі болуы жатады.
Бағалау критерийлері | Дескрипторлар |
Нәруыздардың қасиеттерін біледі. | Нәруыздардың қасиеттерін атайды. |
Нәруыздардың тірі ағзалардың тіршілігі үшін маңызын сипаттайды. | Нәруыздардың маңызын атайды. |
Нәруыздардың қызметін атайды. |
- Сілтемелер мен ресурстар
http://old.itest.kz/lekciya_i_tarau_naruyzdyng_qasietteri_zhane_atqaratyn_qyzmetteri
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?