Исраил Сапарбай (Қазақ қызы)

 Исраил Сапарбай (Қазақ қызы)

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жәйраңдаған.
«Қыз өссе - елдің көркі...» деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?!

Жігіттің жампозына теңдесе алар,
Батыр да,
Баһадұр де,
Ер де солар!
Ел басына күн туса...
Белін буып,
Жүйріктің пырағына ер де салар!..

Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,
Арулар аз болды ма атқа қонған?
Көңілде қалған сіз бар өткен күннен,
Өмірде қалған із бар «ақтабаннан...»

Қыздары есік, төрден несіп терген,
Ұлдары керілгенде бесік керген.
Дәстүрі бұл даланың бұлжымастан
Бүгінге кешегіден көшіп келген.

Жасырмай айтар болсам жан сырымды:
Тағдырым қарауылға қанша ілінді...
Ерліктің қос қанаты деп білем мен
Аяулы әлиям мен мәншүгімді!

Жел сүйіп, алма бетін күн қақтаған
Қашаннан дала қызы қымбат маған.
Сөйлетсе - сара ақындай дес бермеген!
Бойжетсе - талшыбықтай бұлғақтаған!

Пір тұтқан махаббатта адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тәмәм жұртты,
Қыздардың қылығымен өмір қызық,
Қыздардың ғұмырымен заман құтты.

Саяқты санға қосып сыртта қалған,
Адал жар, азаматқа жұп бола алған
Көремін өмірсерік өнегесін
Ақжүніс, Қамқа, Назым, Құртқалардан...

Аңызбен аты жеткен заманға осы,
Атына құрбан болар адам басы.
Аяулы қыз Жібек пен Баян сұлу -
даланың Данаясы, Мадоннасы!

Тайғанап кетпеу үшін тақыр құздан
Қасына хан да қызын отырғызған...
Тағдыры тоғжандардың талай-талай
Жүрегін, абайлардың аһ ұрғызған...

Өтсе де қаншама ұрпақ, қанша буын,
Тегіме тегін бе еді тамсануым:
Динаның дәріптеймін күй-дастанын,
Күләштің әспеттеймін ән салуын!

Сабылған кездерінде дара күйде,
Сағынған қыпшақ қызын Фараби де...
...тілегім - тек әйтеуір, қазақ қызы,
қамықпа, қайғы кешпе, қара киме!..

Ашқандай бал бұлақтың енді көзін
Құлпырып, гүл жәйнайтін келді кезің.
Ұлыстың ұлы күні алып берген
елі бір, еншісі бір теңдік - өзің!

Жаутаңдап жазықтыдай жақұт көзің,
Өткіздің бастан қанша уақыт тезін...
Ұлыстың ұлы күні алып берген
Баянды, бағы-бостан бақыт та - өзің!

Дақ салмай ар атына, ана атына
Жарассын салтанаттың санатына.
Жел керсін арманыңның ақ желкенін,
Дем берсін ұлы дүние қанатыңа.

Сүймеген сені азамат азамат па?!
Көңілің тәрізді әппақ таза мақта.
Бәрін айт та бірін лайықсың,
«Қазақтың қызы» деген ғажап атқа.

Сурет: Инабат Алдияр

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі