Екінші дүниежүзілік соғыстың себептері және түінді оқиғалары қандай? Дүние жүзі тарихы, 8 сынып, қосымша материал 1.


Екінші дүниежүзілік соғыстың негізгі шайқастары

 Ленинград шайқасы. Ленинград шайқасы – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс-фашист әскерлерінен Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербург) қорғау мақсатымен Кеңес Қарулы Күштері мен қала еңбекшілерінің 1941 ж. 10 шілдеден 1944 жылдың 10 тамызына дейін жүргізген жауынгерлік қимылдары.

 Неміс командованиесі Ленинградты оңтүстік пен оңтүстік-шығыстан (құрамында 16, 18-армиялар, 4-танкілер тобы, 1-әуе флоты бар) армиялар тобының және солтүстік-батыстан фин әскерлерінің (Оңтүстік-Шығыс және Карель армиялары) біріккен күші арқылы қала маңындағы соғыс — теңіз базаларын талқандап, КСРО-ны аса ірі өндіріс орталықтарынан айыруды көздеді. Неміс әскерлері негізгі соққыны Луга арқылы Красногвардейскіге қарай бағыттады. Осымен бір мезетте фин әскерлері Карель мойнағында Петрозаводскіге қарай шабуылға шықты. Жау шабуылына тосқауыл ретінде қаланы қоршай салынған қорғаныс шептерінің жалпы ұзындығы 900 км-ге жетті. Қысқа мерзімде халық жасақтарынан 10 дивизия, көптеген партизан отрядтары құрылып, майдан шебіне жөнелтілді. Ленинград бағытында жау әскерлерінің шабуылына тойтарыс жасап, соққы беру міндеті құрамында 7, 23-армиялар (барлығы 8 дивизия) бар Солтүстік (23 тамыздан Ленинград майданы, қолбасшысы генерал М.М. Попов) және құрамында 8, 11, 27-армиялар (31 дивизия және 2 бригада) бар Солтүстік-Батыс (қолбасшысы генерал-майор П.П. Собенников) майдандарының әскерлеріне жүктелді. Бұл екі майданның қимылдарын Солтүстік-Батыс бағытының бас командованиесі (бас қолбасшысы Кеңес Одағының Маршалы К.Е. Ворошилов) басқарды. 1941 ж. тамыз-қырқүйек айларында Ленинград майданының әскерлері аса қиын жағдайда қалып, 10 қыркүйекте армия генералы Г.К. Жуков майдан қолбасшылығына тағайындалды. Ол Балтық флотымен бірлесе отырып, қала қорғанысын нығайтуға көп күш-жігер жұмсады. Ленинград 1941 ж. 8 қыркүйектен 1943 ж. 18 қаңтарға дейін жау қоршауында болды. Қоршаудағы Ленинград сыртқы дүниемен тек Ладога көлі және әуе жолы арқылы байланысты. Қаладағы әскерилер мен жалпы халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі қиынға соқты. Қарашаның 20-сынан әр адамға тәулігіне берілетін нанның мөлшері 125-250 г-ға дейін төмендеді. 1941 ж. қараша — 1942 ж. қазан айлары аралығында 641 803 адам аштан қырылды. Ладога көлінің мұзымен автомобиль жолы (“Өмір жолы” аталды) салынып, қажетті қару-жарақ, азық-түлік, т.б. тасымалданды. 1942 ж. 26 тамызда Жуков Жоғары Бас қолбасшының 1-орынбасары болып тағайындалып, Ленинград қорғанысына басшылық жасады. Немістер Ленинградты қаншалықты ұзақ қоршағанымен (900 күн) қалаға басып кіре алмады.

 1943 ж. 12 қаңтарда Ленинград майданының (қолбасшысы генерал-полковник Л.А. Говоров) 67-армиясы, Волхов майданының (қолбасшысы армия генералы К.А. Мерецков) 2-екпінді армиясы Ладога көлінің оңтүстігінде бір мезгілде қарама-қарсы шабуылға шықты. Бұларға Балтық флоты (адмирал В.Ф. Трибуц) көмектесті. 18 қаңтарда қоршау бұзылды. Ленинград маңындағы фашистерді талқандауды Кеңес командованиесі жедел қарқынмен жүзеге асыра бастады. 1944 жылдың тамызына дейін созылған Ленинград шайқасының нәтижесінде Ленинград облысы тегіс жаудан азат етілді. Фин әскерлерінің “Карелия мойнағы” деп аталған әскери тобы да талқандалды. Ленинград бағытында болған ұрыста дұшпанның 50-ге тарта дивизиясы талқандалды. Ленинградты қорғауға, оның түбіндегі жау әскерлерін талқандауға Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар (310, 314-атқыштар дивизиялары) қатысты. Мыңдаған қазақстандықтар Ленинград түбінде ерлікпен шайқасты. Ленинград шайқасының ауыр күндерінде С. Баймағанбетов Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Балтық флотының “Киров” крейсерінде 156 қазақстандық жауынгерлік борышын орындады. Қазақстан халқы ленинградтықтарға азық-түлік пен делегациялар жіберіп те, хат арқылы да көмек беріп отырды. Қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың “Ленинградтық өренім!” атты жалынды жыры жауынгерлерді күреске жігерлендіре түсті.

 Ленинград шайқасының зор саяси әрі стратегиялық маңызы болды. Фашистердің Шығыс майдандағы әскерлерінің 1/5-не жуығы Ленинград бағытында шоғырланды, осы елеулі күшті талқандауда кеңес әскерлері асқан ерлік көрсетті. Кеңес халқының 1941-45 жж. фашистік Германияға қарсы соғыс жеңісінің 20 жылдығына байланысты 1965 ж. 8 мамырда Ленинградқа қаһарман қала атағы берілді.

 

 

 Сталинград шайқасы. Сталинград шайқасы – Екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі. Ол қорғаныс (1942 жыл 17 шілде – 18 қараша) және шабуыл (1942 жыл 19 қараша – 1943 жылы 2 ақпан) кезеңдерінен тұрады. 1942 жылдың жазында фашистік Германия мен оның одақтастары Еуропада екінші майданның ашылмауын пайдаланып, кеңес-герман майданының оңтүстік қанатына басты соққы беруді ұйғарды. Олар Қызыл Армияны Орелдің оңтүстігінде талқандап, Донбасс, Дон және Кубань экономикалық маңызды аудандарын алуды, Кавказ арқылы өтетін жолдарды, Сталинградты басып алуды басты мақсат етіп қойды. Жау 1942 жылдың жазында шабуылға шығып, үлкен табыстарға жетті. Тамыздың 23-інде майдан шебі Сталинградқа келіп тірелді. Сталинград бағытында Германия мен оның одақтастарының қару-жарақтың барлық түрімен жақсы жарақталған, 6 далалық армиядан құралған 14 дивизиясы тұрды. Қаланы Қызыл Армияның 62-ші (қолбасшысы – генерал-лейтенант В.И. Чуйков) және 64-ші (қолбасшысы – генерал-майор М.С. Шумилов) армияларының бөлімдері қорғады. Қаланы қорғауға шұғыл түрде жұмысшы және халық жасақтары, тылдағы бөлімдер ұйымдастырылды. 1942 жылы 25 тамызда неміс әскерлері батыс жақтан Сталинград түбіне жетті. Сталинград майданы құрылып, қалаға тың күштер жіберілді. Қалаға жақын жерлерде қорғаныс шептері салынды. Бұл майданның ерекше маңызын ескеріп, Мемлекеттік Қорғаныс комитеті 12 тамызда Бас штаб бастығы генерал-полковник А.М. Василевскийді, 29 тамызда армия генералы Г.К. Жуковты көмекке жіберді. Гитлершілдер қалаға солтүстік жағынан ғана емес, оңтүстік тұстан да басып кірді. Неміс-фашист әскерлері қаланы шабуылмен алмақ болып, қатарынан төрт рет әрекет жасады. Кеңес әскерлері қыркүйектің басында екі рет қарсы шабуылға шықты, бұл қаланы қорғаушылардың жағдайын едәуір жеңілдетті. Жау әскері үлкен шығынға ұшырағанына қарамастан 13-15 қыркүйекте Волга (Еділ) шебінде шабуылды қайта үдетті. Қыркүйектің 15-іне қараған түнде қорғаушылар жағдайының нашарлағаны соншалық, әрбір үй қамалға айналып, оның әр қабаты үшін табанды күрес жүрді. 28 қыркүйекте Сталинград майданы – Дон (қолбасшысы генерал-лейтенант К.К. Рокоссовский) және Оңтүстік-Шығыс майданы (қолбасшысы генерал-полковник А.И. Еременко) болып бөлінді. Сталинградтықтар ерлікпен күресті. Кеңес әскерлерінің стратегиялық қорғаныс операциялары барысында 1942 жылы шілде мен қараша аралығында жау 700 мыңдай адамынан, 1 мыңнан аса танкісінен, 2 мыңнан аса зеңбірегі мен минометінен, 1 400 әскери және тасымал ұшақтарынан айрылды. Нәтижесінде жаудың бұл бағыттағы шабуылы тоқтатылды. Кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылы 19 қарашада басталды. Ол үш операциямен іске асырылды: “Уран” – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу; “Кіші Сатурн” – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау; “Шеңбер” – Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф. Паулюстің армиясын талқандау. Бұл міндеттерді іске асыру Оңтүстік-Батыс майдан (қолбасшысы генерал-лейтенант Н.Ф. Ватутин), Дон майданы (қолбасшысы генерал-лейтенант Рокоссовский) және Сталинград майданы (қолбасшысы генерал-полковник Еременко) әскерлеріне тапсырылды. Шабуылдың бесінші күнінде Оңтүстік-Батыс және Сталинград майдандарының алдыңғы шептегі бөлімшелері қосылды. Неміс әскерлерінің 300 мыңнан астам елеулі тобы қоршауда қалды. Қоршауға түскен әскерлерді сырттан соққы беру арқылы одан босатуға ұмтылған гитлерлік командование генерал-фельдмаршал Э. Манштейннің басшылығымен “Дон” армиясы тобын құрды, ол Сталинград тобына бұзып өтуді бастады. Манштейнге қарсы Ставка генерал-майор Р.Я. Малиновскийдің 2-гвардия армиясын бұрды. Оңтүстік-Батыс және Сталинград майдандарының ойдағыдай әрекет жасауы нәтижесінде 6 және 4-неміс танк армиясы, 3 және 4-румын, 8-итальян армиялары талқандалды. Солтүстік Кавказда әрекет етуші неміс-фашист әскерлерінің тылына, Ростовқа шабуыл жасауға жағдай туды. 1943 жылы 10 қаңтарда Рокоссовскийдің қолбасшылығымен кеңес әскерлері дұшпанның Сталинград түбінде қоршауда қалған тобын жоюға кірісті. Қоршауда қалғандарға үздіксіз қызмет ететін әуе көпірін ұйымдастырмақ болған әрекеттерін кеңес авиациясы іске асырмай тастады. 1943 жылы 2 ақпанда генерал-фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. Осы зор шайқас 200 күн мен түнге созылды. Жау өлгені, жараланғаны, тұтқындалғаны, хабарсыз кеткендері бар 1,5 млн-ға жуық солдат пен офицерінен, ал Қызыл Армия 1 млн. 130 мыңға жуық адамынан айрылды. Оған қосымша фашистер 32-дивизиясынан және 3-бригадасынан айрылып, 16-дивизиясы ауыр соққыға ұшырады. Сталинград шайқасы 2-дүниежүзілік соғыстың барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады. Неміс-фашист әскерлерінің Сталинград түбіндегі жеңілісі неміс халқына моральдық-саяси жағынан қатты әсер етті. Германия одақтастарының шығыс майданында соғысқа деген ықыластары болмады. Сталинград түбінде Венгрия, Италия және Румыния әскерлерінің жойылуы бұларға өте қатты әсер етті. Италия мен Венгрия соғыстан шығу жолдарын ойластырды. Түркия бейтараптылығын сақтап қалды. Жапония Кеңес Одағына шабуыл жасауды кейінге қалдырды. 1942-43 ж. антигитлерлік коалицияның құрамы өсіп, жау басып алған елдерде Қарсыласу қозғалысы күшейді.

 

 Курск шайқасы. 1943 ж. жазда өткен әйгілі Курск шайқасында жеңіске жеткен Қызыл Армия бөлімдері жаппай шабуылға шығып, Украина мен Беларусьті азат етуге кірісті. Германияның негізгі күші шығыс майданда болғанын пайдаланған одақтастар 1943 ж. жазда Сицилияны басып алып, Аппенин түбегіне беттеді. Одақтастардың шабуылы мен антифашистік қозғалыстың күшеюі нәтижесінде шілденің аяғында Италияда Муссолини үкіметі құлап, П. Бадальо бастаған жаңа үкімет 3 кыркүйекте АҚШ-пен, Ұлыбританиямен уақытша бітім жасасты. Алайда гитлершілер қосымша күш жіберіп, Италия армиясын қарусыздандырып, елді толығымен басып алды. 1943 ж. өткен Каир және Тегеран конференцияларында ағылшын-американ үкіметтері 1944 ж. мамыр айында Батыс Еуропада екінші майдан ашуға келісті, ал Кеңес Одағы Германиямен соғыс аяқталғаннан кейін Жапониямен соғысуға міндеттенді. Соғыстың 4-кезеңі (1944 ж. 1 қаңтар — 1945 ж. 8 мамыр). Одақтастар барлық майданда жаппай шабуылға шықты. 1944 ж. қысқы және көктемгі шабуыл нәтижесінде Қызыл Армия Румыния жеріне өтті. Жазғы және күзгі шабуылдардан кейін 19 қыркүйекте Финляндия Мәскеуде уақытша бітім жасасты. Кеңес армиясы Польша және Шығыс Пруссияға келіп кірді. Оларға поляк армиясы көмектесті. АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері 1944 ж. 6 маусымда солтүстік-батыс Францияда екінші майдан ашты. Одақтастар армиясы француз партизандарының көмегімен герман әскерлерін Франциядан ығыстырып шығарды. 1944 ж. шілде-қараша айларында Қызыл армия Балтық бойын, Румынияны азат етіп, Болгария шекарасына келіп жетті. Жаңадан құрылған румын және болгар үкіметтері Германияға соғыс жариялады. 20 қыркүйекте чехословак әскери бөлімдері кеңес армиясының көмегімен Чехословакияны азат ете бастады. Қызыл Армия бөлімдері Югославия халық-азаттық армиясының және болгар әскерлерінің көмегімен Югославияны, қазан айынан бастап, Венгрияны азат етуге кірісті.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?
Пікір жазу