Мәди Бәпиұлы (1880 - 1921)

 Мәди Бәпиұлы (1880 - 1921)

Мәди Бәпиұлы 1880 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Едірей болысы, №3 ауылда дүниеге келген. Туып, өскен жері Үшқара деген биік коңыр тау. Оның руы өзі асқақ әніне қосқан — Қаракесек. Арғы аталары Үш жүзге бәтуалы билік айтқан аузы дуалы Қаздауысты Қазыбек, одан туған Бекболат билер болып келеді де бұдан бергі Алшынбай, одан Жанықұл, Қақабай, Қосық, Шәпи, Бәпи болып тарайды. Мәди Бәпидің баласы. Алшынбайдың алғашқы төрт ұлы «сен тұр да мен атайын» төрт құбыласы түгел бай-манаптар болса, Бәпи шаруасы коңторғай, әрі басқа да жарымаған, ешкімге жасар қиянаты жоқ момын адам екен. Ол осылай қам көңіл күй кешіп жүргенде маңдайына жұлдыз еткен, жалғызы Мәди өмір есігін ашады.

Алшынбай бидің кенжесі Бәпиден туған Мәди ұлтымыздың ежелгі дәстүрі бойынша қара шаңырактың иесі атанып, мейірбан әже Алшынбайдың бәйбішесі Ұлжанның бауырына салынып, тәрбиесіне беріледі. Көпті көрген көкірегі ашық зерделі әженің ешкімге бетінен қақтырмай, жасытып, жабырқатпай өсірген немересі Мәди жасынан-ақ алғыр басынан өзгенің өктемдігін асырмайтын өжет болып өседі. Ол оңы мен солын тани келе ақындық, әншілік, сазгерлік, атбегілік, тіпті зергерлік пен етікшілік өнерге де бой ұрады. Ер жігітке сегіз өнер де аз дегендей табиғатынан тал бойына серілік дарыған Мәди шын мәнінде ел еркесі, той-думанның серкесі атанады. Сөйте жүріп ол қиянатқа жаны қас, озбырлыққа жүрегі тас азамат болып қалыптасады.

Сөзін де, әнін де өзі шығарып, оны әуелете шырқайтын Мәди «Жігіттік ақ семсердің жүзі емес пе, қайрап ап қалың жауға сермегендей» деп қанаты талмас қырандай саңқылдайды. Бірақ өнерді-есерлік, бетке тура айтылған әділ сөзді -бас бұзар тентектік деп бағалайтын қолында билік бар оның дөкір кеуде ағайындары алмас қылыштай жарқылдаған Мәдиді телі-тентекпен шайқасуға, кедей-кепшіктің жағасына жармасуға айдап салмақшы болады. Алайда дүниеқоңыздықты, зорлық-зомбылықты жастайынан жек көретін дарын иесі олардың ойлаған жерінен шыға қоймайды. Қайта ел тыныштығы үшін қиянатқа қасқая қарсы шығады, жарлы-жақыбайларды қанатының астына алуға тырысады.

Халқымызда «Сүтпен біткен мінез сүйекпен бірге кетеді» деген даналық сөз бар. Адамға құрмет, аяныш сезіммен қарау Мәдидің бойына Тәңір жазған мінез болып қалыптасады. Оны ауыздан-ауызға тарап, қалың ел арасында айтылып жүрген әңгімелер бекіте түседі. Сірә, оның жүрегіңде адамгершілік асқақ сезімді оятқан, сөз жоқ Абай өлеңдерінің шарапаты болса керек. Демек Мәди ұлы ақынның өлендерін жастайынан жаттап өскен. Бұған Абайдың оған жезде болуы (Абайдың үлкен әйелі — Ділда Бәпидің ағасы Жүсіптің қызы) игі әсерін тигізген. Ол он жасында-ақ Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Сегіз аяқ», «Татьянаның қырдағы әні» өлең әңдерін шырқаған. Сонымен бірге Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбрай, Шөже мен Кемпірбай — Мәдидің рухани ұстаздары. Сары-арқада саф өнердің туын тіккен осыңдай саңлақтардың әсем әндері мен кестелі көркем жырлары Мәдидің жүрегіне ертеден-ақ ұялаған.

«Атадан ала да, құла да туады», демекші Қақабай сияқты тек алдындағы малы мен аз күндік бағына лепірген қарашоқпармен катар оның інісі Бәпиден сөйлесе төрт аяғы тең жорғадай көсілген, ән салса даусы алты қырдың астынан естілетін, күрессе жауырыны жерге тимеген, әділдік десе қоң етін кесіп беретін Мәдидің дүниеге келуі сирек кездесетін құбылыс. Қақабайдың айналасына әділетсіз каһарын жүргізген болыстық озбырлығы Мәдидің адамгершілігіне әсерін тигізе қоймайды. Еңді жарты патшамыз деп жүрген одан гөрі өнер иесі жалынды жігіт Мәдидің ел арасында қадірі артып, аз уакыттың ішіңде көптің сүйіктісі болып алады. Бұл жәй көркеуде Қақабайдың ішін удай ашытты, жүрегін сыздата түседі. Соңдықтан ол өзінен абыройы артып бара жатқан Мәдиге тор құра бастайды. Ақыры болыстың озбыр мінезі, ожар іс-әрекеті салдарынан Мәди Атбасар жағына жер аударылып, абақтыға жапқызылады.

Иә, Мәди ат басын тіремеген жер жоқ шығар. Ол кеудесіне нан піскен шонжар-шодырлардың талақтай жабысқан пәле-жаласынан ұры-қары, бас бұзар барымташы атанып, берісі Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Семей, әрісі Кереку, Омбы түрмелерінің ащы дәмін татты. Ол кезде бүгінгідей ақ-қараның жігін ашып, адамшылдық пен озбырлықты талдап, таразылап жатқан кім бар, мойынға бұғау түсіп, қол-аяқ кісенделіп, Мәди түрмеден-түрмеге айдалып кете барды…

Арқаның азаттықты ту етіп кетерген сегіз қырлы, бір сырлы табиғи талант иесінің өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеп, оның туған халқымен қауыштыруға алғашқылардың бірі болып академик, дарынды сазгер Ахмет Жұбанов кіріскен еді. Ол сонау 1942 жылы Қазақтың біріккен баспасы арқылы Алматы қаласында жарық көрген «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы», одан кейін жазылған «Замана бұлбұлдары» кітаптарында Мәдидің азаматтығы, ақылдығы мен әншілігі, қажырлы күрескерлігі жайында толғана қалам тартқан екен.

«Замана бұлбұлдары» кітабында Ахаң түрмеден-түрмеге қамалған Мәди туралы былай деп сыр шертеді: «…Қайратты жігіт қанша күшіне мінгенімен, қолды бұғау, аяқты кісен тырп еткізбейді, налытады, ойға шомылдырады. Қазақтың ескі салтында тәрбиеленген Мәди қысылған жерде аруақты, ата-бабасын айтып, өзінің трагедиясына тоқтайды.

Бабамыз кешегі өткен Алшынбайды,
Ақылы өткел бермес терең сайды.
Әруағың Алатаудай бабаларым,
Көрдің бе ғарып болған біздің — жәйді.
— деп оларға да жалбарынып қояды.

Түрменің қатал тәртібін, күннің өтіп болмайтынын, іздеп
Келген ағайынмен де дұрыстап сөйлестірмейтінін өлеңге қосады.
Бұл күңде абақтыда біз жатамыз,
Көңілді құмалақлен жұбатамыз.
Алыстан іздеп келген ағайынмен,
Тесіктен алақандай тіл қатамыз, —

деп біресе «Үшқара» әнінің, біресе «Қаракесек» әуенімен түрмені басына көтеріп, шырқай жібереді. Қанша қатал болғанымен күзетшілер өздерінен үлкен әкімдері келіп қалғанда болмаса, Мәдиді қимайды. Ал басқа еріксіздер болса, олар айта түссе екен дегеннен басқа тілек тілемейді. Мәди осылай біраз уақыт болып, мәселенің шеті көрінбей бара жатқан соң қалай да қашудың жоспарын жасайды. Қарулы жігіт түрменің іргесін қазып, күндіз оны жауып қойып, бір күні аман-есен қашып шығады. Бұл 1915 жылдар.

Мәдидің «Үшқарасы», «Қаракесегі» өзінің тұсында ауыздан-ауызға көшіп, Қыр мен Сырға тегіс тарайды. Халық Мәдиді әнінен біледі, түсін көрмегендер оның бейнесін өздерінше неше саққа жүгіртіп, көз алдарына басқа адамнан өзгеше бір алып етіп суреттейді. Мәди халықтың қиялында ертегінің батырларындай эпикалық образға енеді. Мәди әкімдерден, оның ішінде Қақабайдан қауыптеніп, ұзақ уакыт еліне бармай, алыстан хабарласып жүреді. Сол алаң кездің өзінде де ол ән шығаруын тоқтатпайды. Қапастан босап, елінің еркін ауасын жұтып, кенеліп қалған Мәди бір сәтте болса көңілі көтеріліп, атақты «Шіркін-ай» әнін шығарады. «Шіркін-ай» салған бетте үлкен интервалға жоғары секіріп басталады. Ол авторлық шалқыған ойын, мызғымас күшін береді. Тек өлеңнің соңғы жолында, қайырмаға келгенде әннің динамикасы азайып, бір сәт үлкен қиялға кеткендей, өткен бір қызық күңдері ойға түскендей, әсем үн, қоңыр дыбыс арқылы, құйқылжып барып ән бітеді. Мұны біреулер: Әуелі бұл шіркінді бастау қиын, Сонан соң көптің сөзін тастау қиын, — деген сөздермен айтады. Мәдидің өзі айтатын сездер біздінше басқа болуы керек. Өйткені, әннің алапат күшпен басталуы, сол дәрежеде орындаушының біраз ұстап тұруы, тек аяғында ғана дыбыс баяулап, бірақ қайғы-қасіреттен аулақ, тек бір тәтті қиял дүниесіне еніп кеткендей болып аяғының бітуі басқа бір текстер керек еткендей». Міне, Ахан бұл пікірді өте бір білгіштікпен дөп басып айтып кеткен.

Ал, Бектасов пен Адамбековтың «Қазақстан» баспасынан 1969 жылы жарық көрген «Мәди» атты өмірбаяндық очеркінде: «Оның ақылы мен мінезіне сұңғақты, кең иықты келбеті, атжақты, қыр мұрынды, жазық маңдайлы бет-пішіні, шамшырақтай шаралы, жалынды көздері жарасып, жарқырап тұратын. Ол ер тұлғалы сұлу денесіне жарасымды киімді де қымбаттан таңдап, жаңа үлгімен киінетін. Орысша киіміне қарағанда ол оқыған ғалымға, ширақ қимылына, ісіне қарағанда әскери адамға ұқсайтын. Омбыда оны соттаған процеске қатысқан бір қарт офицердің Мәдидің сұлу да сымбатты сүйегіне қызығып, тілмаш арқылы қасында отырған Қасенге: Шіркін-ай, мына тұлғасына, ақылына. жүректілігіне лайық европаша білім алса, әскери тәрбие берсе, өзінен қандай қабілетті генерал шығар еді» дегені бар деп жазған болатын.

Бүгінде Мәдиді көрген адамдардың көзі тірісі некен-саяқ. Алайда оның туыстары Мәди туралы айтқан әңгімелерінің бірқатары бізге жетіп отыр. Солардың арасынан 1980-шы жылдары дүние салған Мәдидің күйеу баласы Тоқаш Кәдікеев (Ол Мәдидің қарыңдасы Мәрпузаға үйленген) ерекше құнды. Ақиық ақынның қазір елдің қолында жүрген жалғыз суретін бой тұмардай сақтап ұрпағына табыс еткен де сол Тоқаң. Мәдидің суреті әуелі Атбасарда руы Қаракесек Жайсаң деген қажының баласы Қәмалдың, қолында болады да, кейінде 1953 жылы оның, әйелінен Тоқаш алады. Патша жендеттері Мәдиді 1914 жылы тұтқындап, басында Қараөткелге, одан кейін Атбасарға айдағаны мәлім. Жаңағы суретке ол 1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргенде түскен. Тоқаш ақсақал бұл жөнінде «Мәди бір сөзінде: «осы суретке 1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргеңде туысым Кәмал бір суретшіні үйге ертіп әкеліп, түсірткен еді. Басымдағы тымақты Алшын-Жаппас елінің азаматы, абақтыда бірге болған жолдасым беріп еді» дегені есімде», деп айтқан екен.

Тоқаш ақсақалдың баяңдауынша Мәди жазда басына елтірі тымақ, қыста түлкі тымак, үстіне плащ пен пальто киетін. Кейде шаш қоятын, тіпті шылым да тартатын. Бұл оның түрмеден-түрмеге түсіп жүрген кездеріңде басқа ұлт адамдарынан көрген әсерден болса керек. Дауысы кеудеден күңгірлеп шығатын, құлаққа жағымды қоңыр үн болған. Ол көбіне-көп өзі шығарған әндерін орындайтын. Оның қазіргі айтылып жүрген әндерінен басқа да бірқатар әндері бар екен. Ал араб әліппесімен жазған жазулары тасқа таңба басқандай анық болған. Қыста ақ байпақты саптама етік киген.

Сексеннен асып, тоқсанға таяп барып өмірден өткен Тоқаң:

«Мәди ат сайысының пірі еді, шауып келе жатқан аттап қарғып түсіп, қарғып мініп кете беретін. Талай рет шаршы топ алдында балуанға түсіп, күш сынасқанын да көрдім. Қоянды жәрмеңкесі кезінде Жалғызтөбе деген жерде Керекудің түйе балуанын — жыққаны есімде қалыпты. Керекуліктер балуанын шынжырлап әкелді. Ол кезде шынжырлау балуанның күшгілігін көрсететін, жұрт алдында айбынын асыратын белгі, әрі өзінше бір сәні болатын. Өзі де бір атан түйедей неме екен, онымен күресуге дәті барып, жөпәлемде ешкім шыға қоймады. Бір кезде қарасам Мәди үндеместен шешініп жатыр. Шапанын бізге қарай лақтырып тастады да бешпетшең ортаға шықты. Аяғында өкшесінің биіктігі бір сүйем қара былғары етігі бар. Оны өзі тіккен. Апар-ай тобығы шьвып кетіп, жазым болар ма екен деп Аллалап біз түрмыз. Екі балуан жанаса бергеңде карасам, Мәди анадан әлде кайда биік, әлде кайда жіңішке. Түйе балуан оны олайда шиырып лактырады, былайда шиырып лактырады. Бірақ, Мәди жерге мысық сияқты тік ете түседі. Осылайша қарсыласын әбден қалжыратып, титықтатып алған Мәди бір кезде «әуп!» деп оны көтеріп арқалай жөнелді. Енді көзді ашып-жұмғанша анадай жерде алқа-қотан отырған би-төре, бай-бағлан, ақсақал-қарасақалдардың алдына апарып, жерге бір-ақ ұрды, шаң бұрқ ете түсті. Аржағында не болғанына қарағамыз жоқ, жүрегіміз жарыла қуанған көп жігіт Мәдиді тік көтеріп әкеткенімізді білемін, әйтеуір. Сол жолы балуанға түсіп, алған бәйгіден Мәди сыңар суыртпақ иеленген жоқ. Жиналған елге пышақ үстіңде үлестіріп берді…» дейтін.

Токаш қария Мәдидің қолынан мөр төгілетін ісімерлігін да тамсана отырып айтады екен. «Тамаша етікші еді, аякөз арулар Мәдиді қолқалап етік тіктіріп алатын. Киімді өзі пішіп, өзі тігетін. Оның орысша киінетінін мескарын байлар сөз етіп, Мәди шоқынған деп кемсітпек те болатын. Міне, Мәди Бәпиұлын тек әнші, ақын, сазгер ғана емес сегіз қырлы, бір сырлы сері деп отырғанымыз да осыдан.

Жастайынан әділетті ту еткен сері өзінің дүниеқоңыз қарау ағасы Қақабайдың қарына тап болып, патша өкіметі тұсыңда қуғын-сүргіннен көз ашпай түрмеден-түрмеге түскенін жоғарыда біршама сөз еттік. Ал ол қазан төңкерісі тендікке жеткізетін жақсылық әкелгендей көріп, Кеңес өкіметін Қарқаралы өңірінде жүру ісіне белсене араласады. Бұл жолда көзі ашық інісі Нығымет Нұрмақовты басшы санап, оның соңынан ереді. Сөйтіп, Қарқаралыдағы елді басқара бастаған Совдепке мүше болып кіреді. Оның тапсырмасымен ауылдық жерлерде бірсыпыра игілікті істердің жүзеге асырылуына мұрындық болады. Бұдан кейін ақ гвардияшылар жасаған бүліншілік және елді жайлаған азамат соғысы кезінде қайтадан тұтқындалады. Мәдилерді 1919 жылы қызылдар түрмеден босатады. Басқалар сияқты Мәди де жаңа заман ісіне бел буа кіріседі.

Оның:
Қырықта бостаншылық шықтым тауға,
Совдеппін, қимылдайтын басым сауда.
Николай, Колчактардың заманы өтті,
Болғанда тілім қышып, қалам найза,
Сілтейік, кетпесін кек залым жауға, —
деп жар салуы соның нақты дәлелі болса керек.

Осыдан Үшқарадағы туған ауылында алаңсыз жаңа өмірмен араласып жүрген Мәди сол тұста нақақ жаламен Қарқаралы түрмесіне қамалған досы, Алашорда жағында қызметте болған Мұстақым Молдыбаевқа жолықпақ болып, Қарқаралыға келеді. Мұнда ол ат басын реальное училищесінде сабақ беретін, бұрыннан көңілдері жараскан Кәмелдің үйіне тірейді. Оның, қасына ауылдан жақын туысы Мөшірап жәке бірер жігіт ере келеді, Мәдиді қуана қарсы алған үй иесі Садырбектің Әмейі, Сатыбалдының РымСайы, Сәду, Бекен қари, ағайынды Әбіш пен Мұстапа молда дейтін адамдарды шақырып, бәрі көңілді бір мәжіліс құрады. Ертеңінде Мәди Мұстақымға жолықпақ болып абақтыға барады. Бірақ, мұндағы бастықтар оны Мұстақымға жолықтырмайды. Бұған ызаланған от жүрек әнші түрме бастығымен байланысуға дейін барады. Осы қылығы үшін мылтығын шоштандатқан, шаш ал десе бас алуға дейін баратын тобырлар Мәдиді дереу тұтқындап, ояздың кеңсесіне алып барады. Бәпиұлы өздерінің үстінен жоғары жаққа арыз түсіргендіктен уездік атқару комитетінің төрағасы Мейде және басқалар да оған қырын қабақпен қарап жүрген-ді.

Бұдан кейін оқиғаның немен тынғанын сол кезде Семейде шығып тұрған «Қазақ тілі» деп аталатын газетте басылған «Мәдидің өлімі» атты қайғылы қазанамадан оқып көрелік:

«Осы жыл (бұл 1921 ж. Б.М.) 1-февральда Мәди Бәпиұлын күндіз сағат 12-де Қарқаралы қаласында 5-ші учаскенің районный начальнигі Жасанов атып өлтірді. Мәдидің жасы 42-де. Екі қатынынан да баласыз еді. Өлім былайша болды. Декабрь басында Едірей еліне продразвертканы (азық-түлік салығы) бөлгенде байлар Теміржанов, Малаев дейтін волпредседательді қолына қондырып алып, малды ауылдарға бөліп, кедейлерге аудара салды. Өткен замандарда стражник болып қан сорған, бүгінде коммунистің тонын айналдырып киіп, түрлі қиянаттар істеп жүрген Малаевтің істерін Мәди қуа Қарқаралы барып, онда отырған үкімет адамдарының кейбіреулері қазақ өміріне қолайсыз, мына заманға ұғымсыз һәм түрлі қиянаттарын, һәм алған параларын айтып, губисполком, губкрайотделге арыз беріпті. Мәди Қарқаралыдан сескеніп, енді Семейге кетемін деп жүргенде Қарқаралының әкімішілік бөлімі Едірей елінің жер құмар байлары Уранов, Теміржановтың доносымен оның жақсы көретін адамы Малдыбаевтардың малын заңсыз конфисковать етеді. Осы мал тұралы Қарқаралы барған Малдыбаевты жауып қояды. Осындай жұмыстар тақырыпты Бәпиұлы Мәди Қарқаралыға келеді. Өзінің ондағы хакімдер үстінен жазған арызынан қорқып, біреудің қатыны арқылы ескі бастықпен танысады. Мойынға түлкі оралады. Бірақ шы-райлары келмейді. «Менің губисполкомға жазған арызымды осында бір орыс оқып отыр екен, өзім қауыптеніп шықтым» деп жолдастарына айтады. Мәди «Колчак заманында Едірейдің ескі болысы Теміржанов мені үкіметке қарсы деп көрсетіп, неше айлар абақтыда жаттым, енді мына үкімет заманында Малаевті қырғи қылып соңыма салып, мынандай қорқынышты халде жүрмін» деп отырады екен. Мәди достарына сырын айтып»…

Міне, газет осылай деп айта келіп, «Конвой түрмеге таяна бергенде келе жатқан Мәди Бәпиұлын аты тастағанын бірнеше адам көріп тұрады. Оқ қарақұстан тиіп, маңдайынан шығып кеткен…» деп жазған.

Осы жан түршігерлік қайғылы оқиғаны көргендердің аузымен айтылып бүгінде бізге мәлім болғанындай қар үстіне құлаған Мәдидің қасына ауылдан бірге келген туысы Мәшірап, Рымбай, Әмеш жүгіріп барады. Рымбай иманын айтады. Көлік әкеліп, Кәмалдың үйіне апарып, ақ жауып, арулап, Қарқаралының солтүстік кіре берісіндегі Мәлік сайының табанындағы Ақбейтке апарып жерлейді. Бұл жайыңда Мәдидің жиені, Қазақ ССР-інің тұңғыш жер-су наркомы, одан кейін де бірқатар жауапты қызметтер атқарып, дербес зейнеткерлікке іліккен, Алматыда тұрып, бертінде қайтыс болған Әшімбек Бектасовтың «Жазушы баспасынан 1973 жылы жарық көрген «Мәди» атты деректі кітабында егжей-тегжейлі баяндалады…

Әділеттілік жатындағы күресте құрбан болған Мәди ұзақ уакыт бойы ескерусіз қалып келген болатын. Ол — кеңестік заманның мұздағының ы,ірсьпъі да болар. Алайда сол сірескен мұзды алгаш бұзушылардың бірі қарқаралылық қаламгер Сапарғали Ләмбекұлы болды. Ол алпысыншы жылдардың, бас кезінде Мәди туралы көлемді дастан жазды. Бұл туылды әуелі сол тұстағы облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде басылды да іле-шала «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Осының артынша халык жазушы-сы Әлжаппар Әбішевтің Мади туралы «Найзағай» романы жарық ете түсті, Әшекеңнің жоғарыда аталғаи кітабы шықты.

Әшімбек Бектасов болса атақты нағашысы жөнінде калам тартып қана қойған жоқ. Бірінші болып Мәдидің қабіріне белгі койды. Ол жоғары жаққа қуына жүріп, ақыры 1974 жылы Мәдидің басына тамаша ескерткіш орнатып, келісті қоршау қойғызды. Бұл ізгілікті істен қолынан келіснінше Сапарғали да аянып қалған жоқ. Ол жөнінде кезінде аудандық, облыстық және респубдикалық газеттерде суретімен материалдар басылды. Енді Қазыбек би ауданындағы үлкен бір іргелі шаруашылық, Қарқаралы қаласындағы орталық көшелердің бірі Мәди есімімен аталып отыр.

Бұрнағы жылы іргесі қаланғанына 170 жыл толған Қарқаралыда мемлекет камқорлығына алынған саусақпен санарлық тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында бірегей тәуірі делініп, Мәди Бәпиұлына қойылған ескерткіш аталып өтілді. Ал бүгін біз осынау қолжазбамызды ақиық ақын, тамаша әнші, әрі сазгер серілігімен қоса қамшының сабындай қысқа өмірінде әділетті ту етіп еткен күрескердің қаза болғанына 65 жыл толуына орайластырып отырмыз.

Сөз соңыңда айтарымыз Мәдидің бүгінгі ұрпағына қалдырып кеткен баға жетпес мұрасы әлі толық табылып, олардың қатына тиіп отырған жоқ. Ендеше оны іздестіріп, жалт еткізіп жарыққа шығаруға ел болып ат салысу қасиетті парыз деп білеміз.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?