Крылов Иван (Шегіртке мен құмырсқа) [Абай аудармасы]

 Крылов Иван (Шегіртке мен құмырсқа) [Абай аудармасы]

Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады,
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!
Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?
Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?