Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, қосымша материал. 3 сабақ.


1-тапсырма.

Мақсаты – Драма үзіндісінің мазмұнымен танысу.

Драма үзіндісін сахналаңыз.

Дескриптор:

Рөлде кейіпкер эмоциясын жеткізеді.

Бірінші сурет

 Кремль. Сталиннің кабинеті. Сталин мен Рысқұлов.

 Сталин. ...Неге біз жағдайды Қазақстандағы Голощекиннен емес, Мәскеудегі Рысқұловтан білеміз? Неге сенен басқа ешкім ләм демейді?

 Рысқұлов. Менен басқалар да Қазақстандағы өрескел бұрмалаушылықты Сізге жеткізуге тырысқан. Бірақ олардың даусы Сізге жетпей жатыр.

 Сталин. Қалайша?

 Рысқұлов. Мысалы, жазушы Ғабит Мүсірепов бастаған бес адам Сізге хат жазған. Бірақ... хат ұсталған...

 Сахна қараңғы тарта береді. Домбыра «Қоңырды» аңыратады.

 Екінші сурет

 Мәскеу түбіндегі Сталиннің дачасы. Веранда. Тоқыма креслода – Сталин. Қарсысында – Голощекин. Ортада – дөңгелек үстел. Үстел үстінде – «Кванч- кара» шарабы. Сталин ақ френч киген, Голощекин – сұр френчте.

 Сталин (бокалга қол созып). Щая, сен алмай отырсың ғой. Немене, Сталиннің дастарқанын қомсынып отырсың ба?

 Голощекин (қорқып кетіп). Жо-жоқ, Иосиф Виссарионович...(Сидиған саусақтары дір-дір етіп, бокалға тұра ұмтылып.) Сіздің денсаулығыңыз үшін. Ио...

 Сталин (жекіп). Ескі достық қайда? Турухан өлкесін ұмыттың ба? Онда мені Иосиф Виссарионович демей, Кобо дейтінің қайда? Ал мен ұмытпаймын, сені Щая деп отырмын.

 Голощекин (Сталинмен қағыстырмақ болған бокалы жеке ербиіп, ішіндегі шарап шайқалып, қолы қалтырап). Құдай үшін, тек мені Щая деп атамаңызшы. Жалынамын.

 Сталин (рахаттанып, мырс-мырс күліп). Щая болғың келмейді, ә-ә-ә! Ол сенің шын атың ғой. Шын атыңнан неге безесің?

 Голощекин (төменшіктеп). Қарғыс атқан сонау бір өткен күндерді есіме алғым келмейді.

 Сталин (аяғансып). Ендеше, түгел алып қой қолыңыздағыны. (Голощекин бокалды асыға төңкеріп тастайды. Шараптың біразы төгіліп, сақалына ағады. Сталин бокалды қайта толтырып.) Ал! Тартып жібер, Туруханның тарланы.

 Голощекин (жалынғандай). Ішпеуші едім, ішіме жақпайды.

 Сталин (зілдене). Ал! Неге жақпайды? Қазақстанға барғалы молда болып кеткенсің бе? Бұрын самогонның өзін судай сіміруші едің ғой? «Кванчкара» - самогонға қарағанда Олимптегі құдайлар ішетін шарап. Айтпақшы, осы сен сонда қатын-балаңды тастап, Туруханнан қалай қашып кеттің?

 Голощекин (сақалы дір-дір етіп). Ио... с-с-иф, о-ол был- а-ай ғой..

 Сталин (рахаттанып). Жоға, жап-жас, әп-әдемі әйеліңді, аты кім еді?..

 Голощекин (жылдам). Берта... Берта Иосифовна...

 Сталин. Иә, Берта Иосифовна... Сондай жақсы жарды, жап-жас балаңды қиып, қалай қаштың?

 Голощекин. О-ол был-а-ай ғой...

 Сталин (рахаттанып). Жә-жә, қиналмай-ақ қой. Онан да ананы тартып жібер! (Голощекин сөзге келмей бокалды төңкеріп, қылқ-қылқ жұтқанда жұтқыншағы ойнап тұрады.) Молодец! (Бокалды шүпілдетіп қайта толтырады.) Осы сен, Щая, иә, Филипп Исаевич, патша отбасын өзімен қоса сотсыз, тергеусіз, түп-түгел тып-типыл қырып тастағаның қалай? Есіңде ме, Екатеринбургте, соның дәл түбінде?

 Голощекин (ықылық атып). Ме-ен, ме-е-ен...

 Сталин (рахаттанып). Жәрайды-ы, ескі әңгіме. (Сәл кідіріп, трубканы қағып.) Бірақ деймін-ау, патша – мейлі, патшаның неміс әйелі де – мейлі. Әлгі жанындағы нөкерлері де – мейлі. (Голощекинге зілдене қарап.) Ал қызметші, жалшыларының, аспаздарының, күтушілерінің не жазығы бар еді?!

 Голощекин (тілі күрмеліп).О-о-л бы-ы-ыл-ай ғо-о-й...

 Сталин (рахаттанып). Қи-нал-май-ақ қой. Ескі әңгіме. Онан да ананы бір тамшысын қалдырмай алып таста. (Голощекин жаны мұрнының ұшына келгендей, бокалды қомағайлана көтеріп, аптыға қылқылдатқанда, шашалып қалып, теріс айналып, көзі шатынап, жас ыршып-ыршып кетеді. Сталин жиіркенгендей, кенет грузиншелеп). Моғитганемогажу. Са-ару чаталах!

 Голощекин (бет-аузын орамалмен сүртіп). Кешіріңіз, кешіріңіз... Ио... Ио... жолдас Сталин...

 Сталин (жанығып). Айтшы, Щая Ицкович, патшаның отбасын, қызметкерлерін түп-түгел өртедің, мейлі... Ал енді патшаның, оның неміс әйелінің басын кесіп алып, дорбаға салып, Мәскеуге алып келгенің қалай?

 Голощекин (ықылық атып). Ол-ол-ол, бы-бы-бы-лай...

 Сталин (рахаттанып). Жә. оқасы жоқ. (Ойланып.) Ал, сонымен келген шаруаңды айт.

 Голощекин (әлі өзіне-өзі келе алмай). Келген шаруам – Қазақстандағы қазіргі...

 Сталин (бөліп жіберіп). Иә, Қазақстандағы қазіргі жағдай. (Тоқыма орындықта әткеншек ойнағандай ары-бері теңселіп.) Айтшы, Голощекин, қазақтар қандай халық?

 Голощекин (кенет тіріліп, сыпсыңдап). Ойбай, сұрамаңыз. (Қолын ербеңдетіп.) Жабайы! Жа-бай-ы-ы! Тамақты қолмен жейді! Қасық, шанышқы дегенді білмейді! Сұмдық!

 Сталин (қолын сермеп). Жа-рай-ды. Ал одақ көлеміне шығатындай ақын-жазушылары бар ма?

 Голощекин (ынтығып). Жазушысымақтар бар. Шетінен ұлтшыл. Шетінен – Алашорда! Әлгі Байтұрсынов, Дулатов, Жұма...баев...(Маңдайын сипалап).Ай... Аймауытов, Әуезов... Шетінен қамауға алдық.

 Сталин (тік қарап).Осы сен жақсы көретін қазақ бар ма өзі?

 Голощекин (сасып қалып). Бар... бар... Жантоқов, Кұрамысов... Ерназаров...

 Сталин. Жантоқов? Қай Жантоқов! Рысқұловтың үстінен арыз жаза беретіні ме?

 Голощекин. А? Е, иә... Рыскұлов өзі кінәлі...

 Сталин. Неге?

 Голощекин (ұмсына түсіп, сыбырлап). Ол осында топ құрып жүр. Ол Түркістанда Совнарком басқарып тұрғанда әлгі мен айтқан Алашорданың бәрін Ташкентке жинап алды. Бәрінің кітаптарын шығартты. Тіпті Алашорда лидерлерінің бірі Жаханша Досмұхамедовпен бажа болды.

 Сталин. Қалайша?

 Голощекин (құшырлана). Солай, екеуінің де әйелі апалы-сіңлілі орыс қыздары... Бірақ қызығы соңында.

 Сталин. Ол қандай қызық?

 Голощекин (жаныға түсіп). Рыскұлов ол әйелді де тастай салып, осы былтыр ғана жап-жас қазақ қызына үйленіп алды ғой. Әне!

 Сталин (таңдана қоймай). Біле-е-мін. (Қыт қадалып.) Айтшы, Щая Голощекин, осы Рысқұловқа неге сонша қаның қарайған?

 Голощекин (абыржып). Өзі соқтығыса беретін. Голощекин Қазақстанды құртып жатыр деп байбаламдайды да жүреді. Көре алмайды, менің орныма өзі отырғысы келеді.

 Сталин (аса ұнатпай). Жә, жетер. Рыскұлов жаман, Ходжаев жаман, Нұрмақов жаман, Садуақасов жаман, қазақтар түгел надан. Сонда кім қалды? Осы Яков Свердлов марқұм сені неге мизантроп деген?

 Голощекин (шошып). Оны қашан айтыпты?

 Сталин. Айтқа-а-н. Жұрттың бәрін жек көресің. (Кенет жұмсарып.) Жә, қапаланба. Иә, қаталдық та керек. Бізге солқылдақтық жараспайды. Сонымен, ұжымдастыруды тездетесің ғой?

 Голощекин (орнынан ұшып кете жаздап). Тездеткенде қандай! Бірақ...

 Сталин. Не бірақ?

 Голощекин (абайлап). Сіз «Табыстан бас айналу» атты ғаламат еңбегіңізде...

 Сталин (шорт үзіп). Оның саған да, Қазақстанға да қатысы жоқ. Қарқынды үдете түс! Қазақстанда мал көп. Ал Мәскеу, Магнитогорск, Кузбасс, тағы басқа көп өндірісті қалаларды етпен, астықпен қамтамасыз ету керек. Соны жеделдет. Ұқтың ба, Ща- а-я? Байқа!

 Голощекин (орнынан атып тұрып). Құп болады! Рақмет! Рақмет! Ио-о-сиф Виссарионо-ич! Бірақ...

 Сталин (қасы көтеріліп). Не бірақ?

 Голощекин (сәл кідіріп). Әлгі Рысқұловтың шабуылынан қорғасаңыз болғаны. Сессия сайын, пленум сайын мені сынағаннан басқа жұмысы жоқ.

 Сталин (мырс етіп). Қорықпа, Щая.

 Голощекин. Ойбай, ол дүлей. Сырын білмейсіз.

 Сталин. Білеміз. Ондай-ондай асаулардың талайын ауыздықтағанбыз.

 Голощекин (елпектеп). Рақмет, жолдас Сталин! А-а...

 Сталин. Не айтайын деп едің? Айта бер.

 Голощекин. Соның өзін... Рысқұловты айтамын... Совнаркомға отырғызып, желкемізден қақаңдатып қоймай, былай... нетуге болмай ма?..

 Сталин (ойланып). Әр нәрсе өз уақытымен. Библияны ұмытпаған шығарсың: «Всему свое время. Время насаждать. Время вырывать. Время собирать камни. Время разбрасывать камни...» Бұрынғылар жаман айтпаған, ә?!

 Голощекин (асығып). Ақылды айтылған!

 Сталин. Ендеше, іске сәт, Щая! Тездет! Жылдамдат!

 Голощекин (ант ішкендей). Аянарым жоқ, жолдас Сталин!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу