Бастауыш | Әліппемен қоштасу (Рақмет, саған әліппе)

 Бастауыш | Әліппемен қоштасу (Рақмет, саған әліппе)

Ашық сабақтың тақырыбы: Әліппемен қоштасу (Рақмет, саған әліппе)
Сабақтың мақсаты:
1. Оқушылардың білімдерін бекіту, олардың алған білім-білік дағдыларын көрсету.
2. Тілін дамыту, сөздік қорын молайту.
3. Ұқыптылыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.
Түрі: Әдеби-музыкалық монтаж
Сабақтың көрнекілігі: оқулықтарға арналған банерлер, слайд, фотомонтаж.
Сабақтың барысы:
Мұғалім: Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін елдігіміз ескеріліп, егеменді ел болған, тәуелсіз тұлпардай етек-жеңіміз кеңейіп, атымыз алысқа жетіп жатқан шақта, бүгін сіздер үшін тойларыңызға тағы бір той қосылмақшы.
Мұғалім: Ана тілінің ғажайып әрі шынайы әлеміне бүлдіршіндерді дәл жетелейтін өз тілін оқып үйренуге оқи алсам деген ұмтылысқа шақыратын әліппе оқулығы. Міне, бүгін сіздер барлық ғылымның анасы біздің болашағымыздың негізі- әліппемен қоштасу тойына келіп отырсыздар. Тойларың тойға ұлассын. Шәкірттеріміз ата-ананың ұлы емес, халықтың ұлы болсын!
Мұғалім: Өсті міне бойларың,
Өсті ақыл ойларың
Қуанышқа ортақпын
Құтты болсын тойларың.
Бала деген шіркін-ай балдай екен
Тәттілігі жая мен жалдай
Арып –ашып даладан келгеніңде
Бал иісін таттырып алдайды екен- деп Кенен Әзірбаев айтқандай кішкентай бүлдіршіндердің бал тіліне құлақ салайық.

Айжан Өлшеулі ар-намысы халқымыздың
Қорғаны адамдықпен салтымыздың
Армысыздар аяулы ұстаздарым
Сенері сендерсіңдер халқымыздың.

Ақбота Өмір берер ертеңгі бағаларын
Әліппемен қоштаспақ бүгін балаларың
Халқыма ұрпақ берген, өмір берген
Қош келдің ата-әже, әкелер мен аналарым.

Жазира Бүгін бізде үлкен қуанышты күн. Біз алғаш мектепке келіп, оқу, жазу үйренген алғашқы оқулығымыз әліппені аяқтап, қоштасқалы отырмыз.

Мақсат Алғаш қолымызға гүл шоғын алып мектептің табалдырығын аттап
өткелі 6 ай уақыт өтіпті. Осы уақыттың ішінде біз 42 әріпті үйреніп, енді өзіміз оқып та, жаза да аламыз.

Жазира : Ең алғаш алғанымда «Әліппені»

Мақсат: Қызығып қарай бердім әріптерді.

Жазира: Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді?

Мақсат: Ұстазым кілтін оның алып берді.

Мұғалім:- Балалар, бүгінгі соңғы рет әліппе оқулығына саяхат жасап, қош айтысасыңдар. Әліппеге саяхат жасауға әзірміз бе?
-Ендеше, Сынып, әліппеге саяхат жасауға әзірлен!
/Фанфар дауысы/
Акжол: Алыстан бір зат көрінеді.(дүрбімен қарап, қатты дауыспен)
-Қайықты жағаға бұр.Бұл не екен?
Арай: Суреттермен сөйлеткен,
Әріптерді үйреткен.
Баспа әріп пен жазба әріп.
Дауысты мен дауыссыз.
Айтыңдаршы, балалар
Қай оқулық үйреткен?
Оқушылар хормен
ӘЛІППЕ!ӘЛІППЕ!
Азамат: Армысыздар , жас достар!
Армысыздар ата-аналар!
Болашаққа жол бастар
Әліппе келді ортаға
Білім деген ғажайыптың,
Әліпбиін меңгерген
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.

Әліппенің сұрағы:
1-сұрақ: Балалар, әліппені алғаш жазған кім?
2-сұрақ: Балалар, сендерге Ыбырай аталарың қандай өсиет қалдырды?
Мұғалім: -Құрметті Әліппе, сен шаршаған шығарсың, кел тойымыздың төріне шық, балалардың саған айтар алғысы мол, отырып, тыңда.

Ән «Анадай асыл, мектебім» / барлығы/

Еркегүл: Бар кітапқа бас болған
Әліппе ғылым ағасы
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.

Акжол: Іші толған әріпке
Жақсы кітап әліппе
Әліппені аламыз,
Мектепке біз барамыз.

Ердаулет: Іші толған әріпке
Жақсы кітап әліппе
Барлық білім-ілімнің
Ағасы осы әліппе.

Зейнеп: Біз жазамыз «ана» деп
Біз жазамыз «дана» деп
Біз жазамыз «бала» деп
Біз жазамыз «Отан» деп.

Ақбота: Биік-биік таулар деп
Қызыл-жасыл баулар деп
Қаһарманды ел қазақ деп
Болашағы ғажап деп.

Арай: Апа-ата атын сен
Бізге үйреттің әліппе
Бізге нағыз жақынды
Сенен білдік әліппе.

Нұрсұлтан: Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріп те
Оқимыз қазір ертек те
Үйреткен оны Әліппе.

Арай: Әліппе деген даңғыл жол
Апарар сені алысқа
Жеңіл емес ауыр жол
Тырысып бақ намысқа.

Фариза: Көлге айналған бұлақтың
Қайнар көзі әліппе.
Том-том қалың кітаптың
Басы болар Әліппе.
Ән «Дос болайық бәріміз!»
Айжан: Әр жігіттің үш жұрты болады демекші, әліппе осы қуанышты бөлісуге туған- туысқандарын ала келіпті.

Ақбота: Әліппенің өз жұрты дауысты дыбыстар.

Айжан: Нағашы жұрты- дауыссыз дыбыстар.

Ақбота: Қайын жұрты: ъ, ь белгілері.
Ендігі сөз кезегін туған-туысқандарға берейік.
/Әріп-тақпақтар кезек./
Зейнеп:
Алма берсем жейсің бе?
Мені «А» әрпі дейсің бе?
Аузыңа сап жегенде,
«А» деп айтып жейсің бе?
Ақбота:
Мен үшін жақсы адам,
Артық көрем басқадан.
«Апа», «ата» сөздері,
А әрпінен басталған
Нұрсұлтан:
«Ә» деген әріп мен болам,
Әділдікке шақырам.
Әдепті бол әрқашанда,
Қасыңда болам сонда ғана.
Еркегүл:
«Б» әрпінен бастап ұстазың,
Бүлдіршін дейді сүйкімді.
Қуанып сен үшін ата-анаң
Балапаным дейді сүйікті.

Мақсат: Барлық әріп бағалы.
Айттық әділ- бағаны
Әріпсіз сөз болмайды
Буын онсыз толмайды
Адам барлық әріпті
Ардақтайды, қолдайды.

Жазира: Анам менің, әкем де
Атам менен апам да
Шопан, ұшқыш, ғалым да
Небір мықты дарын да
Тіл сындырып әріпке
Ашқан алғаш әліппе.

Нұрсұлтан: Күндерге күн ұласты.
Жылжып-жылжып ай асты.
Ойдағыдай бітірем
Мен бірінші сыныпты.
Ән «Жас дәуірдің түлегіміз» /Зейнеп, Жазира, Еркегүл/

Айжан: Бір күні жаман мен жақсы кезікті, сөз тартысып бір-бірімен кежікті.
Жақсылық:
Жамандыққа жол бермеймін ешқашан да,
Үлкендерді сыйлауға, кішіге қамқор болуға,
Үйретемін баланы жақсылыққа
Жамандық:
Үйренсең бала жамандыққ,
Қорқады сенен барлығы.
Тауық қашар қыт-қыттап
Құстар ұшар шықылықтап.
Ал, кішкентай балақан.
Бұғып өтер қорқақтап.
Жақсылық:
-Дұрыс емес, сенікі жамандық.Сені балалар жек көріп, аулақ болуға тырысады.Егер осындай қылықтарымен бала кездессе оған тәртіпті, жақсы балалар көмектеседі.Оларды дұрыс тәртіпке үйретеді.Ендеше, екеуіміз де балаларды бүгінгі кештерімен құттықтап, тәртіпті, білімді болуға шақырайық.
Мұғалім: -Балалар, тәртіпті, білімді болуға серт береміз бе?
Оқушылар: /хормен/
-Тәртіпті, білімді оқушы болуға серт береміз!
Ән «Досым-ай»/ Жазира/

Дилара: Ашылды енді алдымнан
Кең дүние есігі
Соғылған
Әліппе – білім бесігі.

Амангүл: Әліппем менің әліппем,
Өмірді көрем танып мен
Қайталап айтам мың рет
Өзіңе көп-көп рахмет.

Ақжол: Қош бол құтты әліппем,
Көп нәрсені үйреттің
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.

Еркегүл: Бүкіл қазақ баласы дәріптеген
Қоштаспақпыз сүйікті әліппемен.
Ризамыз бәрімізді таныстырған,
Сөз бен дыбыс, әр түрлі әріптермен.

Зейнеп: Таныстырып 42 әріппен,
Қош бол менің қасиетті Әліппем!
Сенің арқаң оқи жаза білгенің
Сауатты адам санатына кіргенім.

Фариза: Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға Ана тілін аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол
Сауатты боп шықты міне балаңыз.

Мұғалім: Әріптердің иесі, құрметті әліппе!
Сізге шексіз алғысымызды білдіре отырып, сізді демалыс сауықтыру орталығына жібергелі отырмыз және Білім әкімшілігінің атынан «Еңбегі сіңген білімгер» атағын табыс етуге рұқсат етіңіз.
Әліппе: Рақмет, ризамын. Менде сендерге бұдан былай қарай кітапты көп оқысын деген ниетпен, мына кітаптарды табыс етемін

Мұғалім: Балалар ендігі сендердің жаңа достарың –Ана тілі. Сондықтан әліппені қалай меңгерсеңдер Ана тілінде солай меңгеруге сөз бересіңдер ме?

Мұғалім: Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой- деп Абай атамыз жырлағандай, осы бес қасиетті бойымызға дарыту үшін ана тілін меңгеруіміз керек.

Ана тілі: Туған елдің тілімін,
Елдос Ақылыммен таныламын.
Түсіндірер бәріне,
Ана тілі пәнімін
Ана тілі ұраным
Ана тілі болмаса
Мықты болмас тұрағым.
Балалар енді мені оқитын боласыңдар. Мен сендерге көп нәрсені үйретемін. Барлық қазына байлық оқу-білімде. Ол туралы қандай мақалдар білесіңдер?

Маншүк: Кітап-білім бұлағы,
Білім- өмір шырағы.

Ердаулет: Ақыл- тозбайтын тон,
Білім- таусылмайтын кен.

Нұрсұлтан: Кітапсыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.

Дилара: Ақыл азбайды,
Білім тозбайды.

Жазира: Оқу инемен құдық қазғандай.

Мақсат: Білім іздеген озар,
Бүлік іздеген тозар.

Фариза: Білекті бірді жығады,
Білімді мыңды жығады.

Ақбота: Оқу- білім бұлағы,
Білім-өмір шырағы.

Зейнеп: Ана тілін білмеген
Ақылы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген
Халқын сүйіп жарытпас.

Маншүк: Ана тілің- арың бұл
Ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін
Өз тіліңді құрметте.

Ақжол: Ақыл-ойын дананың
Ана тілден аламын
Ана тілім ардақты
Ақ сүтіндей анамның.

Ердаулет: Ана тілім – елдігім,
Ана тілім – ерлігім,
Ана тілім болмаса
Бүтінделмес кемдігім.

Ана тілдің құрметіне «Вальс»
Ана тілі: Білімнің бетін жарық ет!
Ұл-қызымды білімді ет,
Келесі оқу жылына,
Аман-есен түгел жет!
«5» болсын алар бағамыз,
Білімнен бақыт табамыз.
Өнер-білім көп тоқып .
Өсе берсін санамыз!
Әумин.

Мұғалім: Бүгінгі кеш әр үйдің «Той басы» деп саналар,
Балалардың есімі әулеттерге таралар.
Ырым етіп сондықтан тойымыздың соңында
Ақ ниететпен баршаға тілек айтар қонақтар.
Мұғалім: Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты жазып оқуларыңа ата-аналарыңның қосқан үлесі мол. Сіздерге алғысымызды білдіре отырып ендігі сөз кезегі сіздерде.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі